Дәрігерлердің ерлігі елеусіз қалмауы тиіс
Қасіретті қаңтар деген атаумен тарихқа енген Алматыдағы қайғылы оқиғалар кезінде қызметіне адал болған адамдар туралы айтқанда медицина қызметкерлерінің еңбегі ерекше атап өтілуі тиіс. Себебі қалада дүрбелең орнап, қақтығыс салдарынан зардап шеккен жандарға алғаш болып көмекке келген ақ халаттылар. Алаңдағы қақтығыс пен әкімшілік ғимараттарды қирату кезінде жарақаттанған адамдарға көмек көрсету кезінде бірнеше жәдел жәрдем бригадасының қызметкерлері соққыға жығылды. Соған қарамастан, олар көмек көрсетуін тоқтатқан жоқ.
Қаладағы жағдай ушығып, жараланғандар саны сағат сайын көбейе түсті. Сол кезде қаладағы барлық медициналық мекемелер жұмысын тоқтатпай, керісінше күшейтілген режимде жұмыс істеуге көшті.
Мәселен, Алматы қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасының қызметкеріне қаңтардағы террорлық шабуылдың салдарымен күресуге тура келді. Себебі аурухана жаппай тәртіпсіздік кезінде зардап шеккен науқастарды қабылдаған бірден бір мекеме. Алдымен әдеттегідей қатардағы науқастар жеткізілген. Түнгі 12 ден кейін жағдай өзгерді, дейді дәрігерлер. Өйткені бірінен соң бірі түрлі жарақат алған әскерилер мен полицейлер түсе бастаған. Аурухана басшылығы қосымша медициналық бригада әзірлеп, сол түні кезекшілікте болған барлық дәрігерді жұмылдырып, жедел әрекетке көшті.
Экстремистер әкімшілік ғимараттар мен бизнес нысандарды қиратумен қатар, медициналық нысандарды да басып алмаққа әрекет еткені белгілі. Алматының №7 ауруханасына белгісіз біреулер шабуыл жасап, аурухананың жұмысын тоқтатуға тырысқан. Ол кезде ауруханада 500 жуық науқас болған. Арасында алаңда бұзақылар соққыға жыққан әскерилер мен полицейлер де болды. Науқастарды қабылдау бөліміне баса көктеп кірген қарулы азаматтар спирт пен дәрілік заттарды талап еткен.
Бұзақылар аурухананың терезесін атып, дәрігерлерді қорқытуға тырысқан. Дәрігерлер науқастарды қауіпсіз жерге көшіріп, соның арқасында адам шығынын болдырмады. Белгілі болғандай, шабуыл кезінде аурухананың реанимациялық бөлімінде қаладағы қақтығысқа қатысқан 13 адам жатқан. Оның біреуі көп ұзамай жан тапсырды. Дәрігерлердің айтуынша, ауруханаға шабуылдаған қарулы адамдар өзара рациямен қазақ, орыс тілінде емес, басқа түсініксіз тілде сөйлесіп отырған.
Олар аурухана жұмысын тоқтату үшін бірнеше рет оқ атып, граната жарғанымен дәрігерлер науқастардың өміріне араша болуын тоқтатпады. Антына адал болып, қиын кезеңде науқастардың өміріне араша болған ақ халаттылардың ерлігі мақтан етуге лайық. Дәрігерлердің ерлігі елеусіз қалмауы тиіс.
@baseke_team