Павлодарда қала күнін тойлағандар гүлдерді таптап тастаған
Павлодарда Қала күні тойланды. Ертіс жағалауындағы сахнада танымал эстрада жұлдыздарының қатысуымен мерекелік концерт ұйымдастырылды. Алайда мереке кезінде түсірілген видеолар әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті.
Кадрларда концертке жиналған адамдардың гүлзарларды таптап жатқаны көрінеді. Соның салдарынан гүлдер жаншылып, көгал бүлінген.
Желі қолданушылары мерекелік көңіл күй табиғатқа зиян келтіруге себеп болмауы керектігін айтып, қоғамдық орындардағы мәдениет мәселесін көтерді. Пікір жазғандардың бірі: «Осы гүлдерді қарапайым адамдар еккен, еңбегі зая кетті» десе, енді бірі «Обал жасады», «Қаншама шығын. Мерекеден кейін гүлдерді қайта егіп, аумақты қалпына келтіру оңай болмайды» деп жазды.