Архив доступен 9 312 сообщений С 2022 года

Лента канала хранится отдельно от общего реестра и подгружается страницами, чтобы аналитик мог читать архив без тяжёлого общего поиска поверх сообщений.

WORLDSKILLS SHYMKENT – 2026: ҮЗДІК ЖАС МАМАНДАР АНЫҚТАЛДЫ

8-12 маусым аралығында өткен «WorldSkills Shymkent – 2026» өңірлік кәсіби шеберлік чемпионаты өз мәресіне жетті. Чемпионаттың салтанатты жабылу рәсімі өтіп, жеңімпаздар марапатталды.

Шымкент қаласындағы техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының білім алушылары арасында ұйымдастырылған байқау 45 құзыреттілік бойынша өткізілді. Ауқымды додаға 258 қатысушы бақ сынап, олардың кәсіби шеберлігін 300 сарапшы мен 20 тәуелсіз сарапшы бағалады.

Чемпионат жұмысшы мамандықтарының беделін арттыруға, кәсіби құзыреттілігі жоғары жастарды анықтап, қолдауға, сондай-ақ техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің жетістіктерін насихаттауға бағытталды. Сонымен қатар еңбек нарығының сұранысына сай білікті мамандар даярлаудың маңыздылығын дәріптеуге басымдық берілді.

АЛТЫНТӨБЕ ТҰРҒЫНДАРЫ ЖОҒАРЫ ЖЫЛДАМДЫҚТАҒЫ ИНТЕРНЕТКЕ ҚОСЫЛДЫ

Шымкент қаласында тұрғындарды сапалы және тұрақты интернет желісімен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Бұл бағытта қалалық Цифрландыру басқармасы тарапынан бірқатар жобалар жүзеге асырылып келеді.

Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде бүгінде қала аумағындағы 86 елдімекен мен шағынауданның 85-і кең жолақты интернет желісімен қамтылған. Соның арқасында тұрғындарға заманауи телекоммуникациялық қызметтерді пайдалану мүмкіндігі ұсынылып отыр.

Кең жолақты интернет желісі тартылған елдімекендердің қатарын Алтынтөбе тұрғын алабы толықтырды. Қазіргі уақытта «Спецавтоматикасервис» компаниясы инфрақұрылымдық желілерді жүргізіп, шамамен 400 тұрғын үйді жоғары жылдамдықтағы интернетке қосуға техникалық мүмкіндік жасады.

ҚАЛА АУМАҒЫНДА ДЕЗИНСЕКЦИЯ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

Шымкент қаласында маса мен шіркейге қарсы залалсыздандыру жұмыстары жүргізілуде. Жоспарға сәйкес өңдеу шаралары саябақтарда, гүлзарларда, өзендер мен каналдардың жағалауларында, сондай-ақ тұрғындардың демалыс орындарында тұрақты түрде атқарылып келеді.

Осыған байланысты жауапты мамандар тұрғындарды қауіпсіздік талаптарын сақтауға шақырады. Атап айтқанда, залалсыздандыру жүргізілген аумақтарда балалардың ойнауына жол бермеу және өңделген жерлермен тұрмыстық заттардың жанаспауын қадағалау қажет.

Мамандардың айтуынша, зиянкестердің көбеюінің алдын алуда тұрғындардың да жауапкершілігі маңызды. Ол үшін аулаларды таза ұстап, су жиналатын орындардың пайда болуына жол бермеу қажет.

Сонымен қатар жеке тұрғын үйлер мен кәсіпкерлік нысандар аумағында жүргізілетін залалсыздандыру жұмыстары өтінім берушілердің жеке қаражаты есебінен жүзеге асырылады.

ШЫМКЕНТТЕ ХИМИЯ ҒЫЛЫМЫНА АРНАЛҒАН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯ ӨТТІ

М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде «Химия – 2026: Ғылым мен өндірістің тұрақты дамуының негізі» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Ауқымды жиын химия саласындағы ғылыми зерттеулер мен өндіріс арасындағы байланысты нығайтуға, сондай-ақ саланың өзекті мәселелерін талқылауға арналды.

Конференцияның ашылу рәсімінде университеттің Басқарма Төрағасы – Ректор Дархан Ахмед Заки Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің құттықтау хатын оқып, жиын қатысушыларына ізгі тілегін жеткізді. Сонымен қатар халықаралық ғылыми алаңдардың ғылым мен білімнің дамуына қосатын үлесі зор екенін атап өтті.

Үкіметте Инновацияларды дамыту жөніндегі кеңестің алғашқы отырысы өтті

Премьер-Министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның төрағалығымен Инновацияларды дамыту жөніндегі кеңестің (Инновациялық штаб) алғашқы отырысы өтті. Жиынға Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, облыстар мен қалалар әкімдерінің орынбасарлары, мемлекеттік органдардың, сондай-ақ бизнес қауымдастық өкілдері қатысты.

Инновациялық штаб Премьер-Министрдің тапсырмасы бойынша құрылды. Оның негізгі міндеті – инновациялық қызмет саласындағы ведомствоаралық үйлестіруді қамтамасыз ету және елдің технологиялық басымдықтарын айқындау.

БҮЙРЕК ТРАНСПЛАНТАЦИЯСЫ БОЙЫНША 251-ШІ ОТА СӘТТІ ӨТТІ

Шымкент қалалық №1 клиникалық ауруханада туыстық донордан бүйрек трансплантациясы бойынша кезекі операция сәтті орындалды.

41 жастағы азамат өзінің 45 жастағы туған ағасына бүйрегін донор ретінде берді. Науқас 2011 жылдан бері созылмалы бүйрек ауруымен ауырып, 2025 жылдың қазан айынан бастап бағдарламалық гемодиализ қабылдап келген.

Донор мен реципиент қолданыстағы хаттамаға сәйкес толық медициналық тексеруден өтіп, барлық қажетті құжат пен келісімдер заңнама талаптарына сай рәсімделді.

Ота сәтті өтіп, техникалық қиындықтар тіркелген жоқ. Қазіргі уақытта донор мен реципиенттің жағдайы тұрақты. Операциядан кейінгі кезең қалыпты өтуде, гемодинамикалық көрсеткіштері бірқалыпты. Емдеу шаралары бекітілген клиникалық хаттамаға сәйкес жалғасуда.

Айта кетейік, бүгінгі күнге дейін Шымкент қаласында 251 бүйрек, 33 бауыр және 3 жүрек трансплантациясы жасалған. Бұл мегаполисте жоғары технологиялық медициналық көмектің қарқынды дамып келе жатқанын көрсетеді.

ҚР ҚАРЖЫ МИНИСТРЛІГІ ЖЕКЕШЕЛЕНДІРУ ҚОРЫТЫНДЫСЫН ШЫҒАРДЫ: 977 МЛРД ТЕҢГЕГЕ 402 ОБЪЕКТ ӨТКІЗІЛДІ

ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің төрағасы Нұрмахан Әділбеков ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында ведомствоның 2025 жылғы жұмыс қорытындысын шығарып, мемлекеттік активтерді басқару саласындағы негізгі нәтижелер туралы айтып берді. Оның айтуынша, бүгінде Комитеттің қарамағында 134 акционерлік қоғам, мемлекет қатысатын 37 жауапкершілігі шектеулі серіктестік және 168 республикалық мемлекеттік кәсіпорын бар.

2025 жылы республикалық бюджетке мемлекеттік акциялар пакетінен 164,7 млрд теңге дивиденд, заңды тұлғалардағы қатысу үлесінен 17,4 млрд теңге және республикалық мемлекеттік кәсіпорындардың таза табысының бір бөлігі түрінде 11,1 млрд теңге түсті.

Сондай-ақ спикер АҚ мен ЖШС-нің директорлар кеңестері мен байқау кеңестерінің құрамына уәкілетті органдардың, Комитеттің өкілдері және тәуелсіз директорлар кіретінін хабарлады.

АДАМ САУДАСЫ – АУЫР ҚЫЛМЫС!

Еңбек қанауы, қайыршылыққа мәжбүрлеу және жаңа туған нәрестелер саудасы – адам саудасының кең таралған түрлері.

Егер сіз адам саудасының құрбаны болсаңыз немесе осындай қылмыстың куәгері атансаңыз, полицияға хабарласыңыз немесе 116 16 сенім телефонына қоңырау шалыңыз.

116 16 – Қазақстанның барлық өңірлерінде тәулік бойы жұмыс істейтін, анонимді және тегін сенім телефоны. Сіздің дер кезінде хабарлауыңыз адамның өмірі мен тағдырын сақтап қалуға көмектесуі мүмкін.

МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ БАЛА ҚҰҚЫҚТАРЫ ЖӨНІНДЕГІ УӘКІЛ ДИНАРА ЗӘКИЕВАНЫ ҚАБЫЛДАДЫ

Қасым-Жомарт Тоқаевқа бала құқықтарын қорғау бағытында атқарылып жатқан жүйелі жұмыстар туралы мәлімет берілді.

Динара Зәкиеваның айтуынша, биыл «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы қабылданды. Денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қорғау және қауіпсіздік салаларындағы бала құқықтарын қамтамасыз ету шаралары жүйеленді. Жағдайды жіті сараптау негізінде бес жылға арналған іс-қимыл жоспары әзірленді. Құжат әлеуметтік қолдауды және бала құқықтарын қорғауды күшейтетін 158 шараны қамтиды.

Мемлекет басшысына облыс әкімдіктерінде Балалар құқығын қорғау басқармаларын құру жұмысы аяқталып, олардың құзыреттері ұлттық заңнамада бекітілгені жөнінде баяндалды. Қазіргі уақытта қажетті ұйымдастыру рәсімдері қолға алынған.

Биыл 9 өңірдегі ахуалға мониторинг жүргізіліп, балалардың психологиялық саламаттылығын қамтамасыз етуге және олардың құқықтарының бұзылуының алдын алуға бағытталған іс-шаралар сапасы зерделенді.

ҚАЗАҚСТАН ӨҢІРЛЕРІНДЕ СҰРАНЫСҚА ИЕ БАҒЫТТАР БОЙЫНША 23 ЖАҢА БӨЛІМШЕ АШЫЛДЫ

Еліміздің өңірлеріндегі облыстық ауруханаларды ауқымды жаңғырту бағдарламасы шеңберінде сұранысқа ие терапиялық бағыттар бойынша 23 жаңа бөлімше ашылды. Жаңа бөлімшелер ересектер мен балалардың арасында қажеттілігі жоғары медициналық бағыттар бойынша құрылды. Олар: ревматология, пульмонология, гастроэнтерология, эндокринология, гематология, нефрология және кардиология, деп хабарлайды ҚР Денсаулық сақтау министрлігі.

Жоба 2024–2030 жылдарға арналған денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамыту тұжырымдамасы шеңберінде жүзеге асырылып, өңір тұрғындары үшін мамандандырылған медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға бағытталған.

Жалпы алғанда, мастер-жоспарларға сәйкес еліміздегі 19 облыстық көпбейінді ауруханада, 15 облыстық балалар ауруханасында және 19 перинаталдық орталықта 2700 төсекке арналған 55 жаңа бөлімше ашу көзделген.

ЖАЗ МЕЗГІЛІНДЕ СУ АЙДЫНДАРЫНДАҒЫ ҚАУІПСІЗДІК ҚАҒИДАЛАРЫН САҚТАҢЫЗ!

Жаз мезгілінде су айдындарында демалу кезінде қауіпсіздік талаптарын сақтау – әрбір азаматтың міндеті. Оқыс оқиғалардың алдын алу үшін төмендегі ережелерді қатаң ұстаныңыз

Тыйым салынған жерлерде суға шомылмаңыз.

Қажетті құтқару құралдарынсыз суға түспеңіз.

Суға түсуге болмайтын аумақты белгілейтін ескерту белгілерінен аспаңыз.

Суға шомылып жүрген балаларды қараусыз қалдырмаңыз.

Алкогольдік ішімдік ішкен жағдайда суға түспеңіз.

Суға түсу кезінде жүзу құралдарына жақын жүзбеңіз.

Көпірлерден, бөгеттерден, айлақтардан және қайықтардан суға секірмеңіз.

Су айдындарындағы қарапайым қауіпсіздік қағидаларын сақтау – өз өміріңіз бен жақындарыңыздың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды кепілі.

СудағыҚауіпсіздік

ҚауіпсізЖаз

СуғаШомылуҚағидалары

БалаларҚауіпсіздігі

БРОКЕРСКИЙ ДОГОВОР: НА ЧТО СЛЕДУЕТ ОБРАТИТЬ ВНИМАНИЕ НАЧИНАЮЩЕМУ ИНВЕСТОРУ?

Совершать сделки на рынке ценных бумаг необходимо с помощью брокера, имеющего соответствующую лицензию.

Брокер оказывает клиенту свои услуги на основании брокерского договора. Поэтому перед подписанием договора следует внимательно изучить его условия.

Особое внимание необходимо обратить на размер комиссий, порядок внесения и вывода денежных средств, а также на порядок исполнения брокером клиентских поручений.

Проверить наличие лицензии у брокера можно на официальном сайте Агентства Республики Казахстан по регулированию и развитию финансового рынка.

БРОКЕРЛІК ШАРТ: ЖАҢАДАН БАСТАП КЕЛЕ ЖАТҚАН ИНВЕСТОР НЕНІ ЕСКЕРУІ ҚАЖЕТ?

Бағалы қағаздар нарығында мәмілелер жасау кезінде тек Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің лицензиясы бар брокердің қызметіне жүгіну қажет. Лицензиясы бар брокер арқылы жұмыс істеу инвестордың құқықтары мен мүдделерін қорғауға мүмкіндік береді.

Брокер клиентке өз қызметтерін брокерлік шарт негізінде көрсетеді. Сондықтан шартқа қол қоймас бұрын оның барлық талаптарын мұқият зерделеген жөн. Әсіресе брокерлік комиссиялардың мөлшеріне, қаражатты енгізу және шығару тәртібіне, сондай-ақ клиенттің бұйрықтарын орындау шарттарына ерекше назар аудару қажет.

Инвестициялық шешім қабылдамас бұрын брокердің лицензиясының қолданыста екенін тексеру маңызды. Мұны Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ресми сайтынан тексеруге болады.

БІР ЕКПЕ – МЫҢДАҒАН ӨМІРДІҢ ҚОРҒАНЫ

Халық денсаулығын сақтау – мемлекет пен қоғамның ортақ міндеті. Вакцинация жұқпалы аурулардың алдын алудың ғылыми тұрғыдан дәлелденген және тиімді тәсілдерінің бірі болып табылады. Ол инфекциялардың таралуын тежеуге, ұжымдық иммунитетті қалыптастыруға және қауіп тобына жататын азаматтарды қорғауға мүмкіндік береді.

Әрбір азаматтың вакцинацияға жауапкершілікпен қарауы – өз денсаулығын ғана емес, отбасы мүшелері мен айналасындағы адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қосқан маңызды үлесі. Ұжымдық иммунитеттің қалыптасуы қоғамдағы аурулардың таралу қаупін азайтып, әсіресе балаларды, қарттарды және иммунитеті әлсіз азаматтарды қорғауға ықпал етеді.

Екпе – қоғам денсаулығына салынған инвестиция. Денсаулық сақтау саласы мамандарының ұсынымдарын басшылыққа алып, екпе күнтізбесіне сәйкес вакцина алу – қауіпсіз әрі жауапты таңдау.

Вакцинация

ШЫМКЕНТТЕ ЖҰМЫСШЫ МАМАНДЫҚТАРЫНЫҢ ҮЗДІКТЕРІ АНЫҚТАЛУДА

Шымкент қаласында техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының білім алушылары арасында өтіп жатқан «WorldSkills Shymkent – 2026» қалалық кәсіби шеберлік чемпионатының үшінші күні жалғасты. Байқау барысында қатысушылар өздерінің кәсіби даярлығын көрсетіп, практикалық тапсырмаларды жоғары деңгейде орындады.

Чемпионат аясында қоғамдық тамақтандыру бағыты бойынша жарыстар «Тамақтандыру индустриясы және сервис» колледжінің базасында өтті. Мұнда «Аспаз ісі», «Кондитер ісі», «Наубайхана ісі» және «Мейрамхана сервисі» құзыреттіліктері бойынша жарыстар ұйымдастырылып, әр бағытта 6 қатысушы кәсіби шеберліктерін сынға салды.

«Аспаз ісі» құзыреттілігі бойынша қатысушылар тұздықпен ұсынылатын албырт балығының филесін және кілегейлі-ванильді кремі мен апельсин салмасы қосылған тарт әзірледі. «Кондитер ісі» бағыты бойынша қатысушыларға шоколадты кәмпиттер мен «Шу» пирожныйын дайындау тапсырылды.

ШЫМКЕНТТЕ БҰҚАРАЛЫҚ СПОРТТЫ ДАМЫТУҒА БАСЫМДЫҚ БЕРІЛУДЕ

Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифинг барысында Шымкент қаласында спорт және дене шынықтыру саласында атқарылған жұмыстар, қол жеткізілген жетістіктер мен алдағы жоспарлар таныстырылды.

Биыл бұқаралық спортты дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Осы мақсатта 54 спорттық-бұқаралық іс-шара өткізу жоспарланған. Сонымен қатар қаладағы 13 саябақ пен аллеяда спорт нұсқаушылары тұрғындарға күнделікті таңғы жаттығулар ұйымдастырып келеді.

Қазіргі таңда қалада 35 спорт ұйымы жұмыс істеп, спорттың 65 түрі дамытылуда. Спорт мекемелерінде 16 мыңнан астам спортшы тұрақты түрде жаттығып, 1121 жаттықтырушы қызмет көрсетуде.

Шымкентте спорттық инфрақұрылымды дамыту жұмыстары да қарқынды жүргізілуде. Қалада жалпы саны 877 спорт нысаны бар. Биыл Қаратау ауданындағы Тұран шағынауданында жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салу және Базар қақпа тұрғын алабындағы стадион аумағын кеңейту жоспарланған. Сонымен қатар 35 мың көрерменге арналған жаңа стадион мен паралимпиадалық және сурдлимпиадалық спорт кешенінің құрылысы жалғасуда.

Спорт нысандарын жаңарту бағытында да бірқатар жобалар қолға алынған. Атап айтқанда, «Мұз сарайы», Локомотив стадионы және басқа да спорттық нысандарда жөндеу жұмыстары жүргізіледі.

Брифинг барысында шалғай елді мекендерде жаңа спорт нысандарын салу үшін жер телімдері заңдастырылғаны айтылды. Бұл бастамалар тұрғындардың спортпен жүйелі айналысуына мүмкіндік беріп, қаланың спорттық әлеуетін одан әрі арттыруға жол ашады.

Толығырақ: https://youtube.com/live/SAUCsKTmOdw?feature=share

РСКШЫМКЕНТ

ШЫМКЕНТ СПОРТШЫЛАРЫ БИЫЛ 1000-НАН АСТАМ МЕДАЛЬ ЖЕҢІП АЛДЫ

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Шымкент спортшыларының 2026 жылдың алғашқы бес айындағы жетістіктері баяндалды.

Жыл басынан бері қала спортшылары Қазақстан чемпионаттарында 1036 медаль жеңіп алды. Оның ішінде 357 алтын, 334 күміс және 345 қола медаль бар. Сонымен қатар халықаралық ареналарда да шымкенттік спортшылар жоғары нәтижелер көрсетіп келеді. Азия чемпионаттарында 85 медаль иеленсе, әлем чемпионаттарында 17 жүлдені еншіледі.

Халықаралық жарыстардағы жарқын жетістіктердің бірі – нысана көздеуші София Шульженконың Азия чемпионатында әлемдік және азиялық рекордтарды жаңартуы болды. Сондай-ақ каратэші София Берульцева халықаралық рейтингтік турнирде алтын медаль жеңіп алды. Грек-рим күресінен Мейіржан Шермаханбет халықаралық турнирдің жеңімпазы атанса, белбеу күресі, таеквондо, байдарка және каноэ есу, шахмат, дзюдо секілді спорт түрлерінде де шымкенттік спортшылар жүлделі орындардан көрінді.

Бүгінде Қазақстан ұлттық құрамасының сапында Шымкенттен 1224 спортшы өнер көрсетуде. Оның ішінде ересектер құрамасында – 440, жастар құрамасында – 407 және жасөспірімдер құрамасында 377 спортшы бар.

Алдағы уақытта қала спортшылары Қырғызстанда өтетін VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары мен Жапонияда ұйымдастырылатын ХХ жазғы Азия ойындарына қатысуға дайындалуда. Азия ойындарына Шымкенттен спорттың 21 түрі бойынша 50-ден астам спортшы қатысады деп жоспарланып отыр.

Мамандардың айтуынша, халықаралық жарыстардағы жоғары көрсеткіштер мен спорт инфрақұрылымының дамуы Шымкенттің еліміздің жетекші спорт орталықтарының бірі ретіндегі орнын нығайта түсуде.

Толығырақ: https://youtube.com/live/SAUCsKTmOdw?feature=share

РСКШЫМКЕНТ

КӨШПЕЛІ КЕЗДЕСУ: ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ӨТІНІШТЕРІ БОЙЫНША ЖҰМЫС ЖҮРГІЗІЛІП ЖАТЫР

Өткен аптада қала әкімі Ғабит Сыздықбеков тұрғындармен бірқатар көшпелі кездесу өткізді. Ашық диалог барысында қала тұрғындары абаттандыру, инженерлік инфрақұрылымды дамыту, қауіпсіздікті қамтамасыз ету және жайлы ортаны дамытуға қатысты өзекті мәселелер мен ұсыныстарын жеткізді.

Бүгінде тұрғындар көтерген мәселелердің бірқатары шешімін тауып, қалғандары бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде. Атап айтқанда, Бәйдібек би даңғылы бойындағы жерасты өткелінің маңын абаттандыру жұмысы жедел атқарылды. Бұған дейін тұрғындар тарапынан сын айтылған аумақта жаяу жүргіншілер аймағы жаңартылып, жаңа жол төсемі төселді және тротуар ретке келтірілді.

Қаланың бірқатар көшелерінде көше жарықтарын орнату және ауыстыру жұмыстары жүргізілді. Инженерлік желілер тартылған аумақтардағы жол жабындарын қалпына келтіру жұмыстары да қарқынды жүргізіліп жатыр.

ҚАЙТАРЫМСЫЗ ГРАНТҚА ӨТІНІМ ҚАБЫЛДАУ 24 МАУСЫМДА БАСТАЛАДЫ

Business.enbek.kz порталында 2026 жылғы 24 маусым мен 8 шілде аралығында жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған қайтарымсыз мемлекеттік гранттарға өтінім қабылданады.

Грант мөлшері – 400 АЕК, яғни, 1 730 000 теңге. Қаражат кәсіпкерлікті дамытуға, табыс көзін қалыптастыруға және азаматтардың экономикалық белсенділігін арттыруға бағытталған. Грант әр азаматқа бір рет қана беріледі.

Конкурсқа жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтар және тіркелгеніне бір жылдан аспаған жеке кәсіпкерлер қатыса алады. Шымкентте биыл 400 адамға грант беру жоспарланған, оның ішінде алғашқы кезеңде 250 адам қамтылады.

Үміткер мына санаттардың біріне жатуы тиіс: мүгедектігі бар адамдар, қандастар, қоныс аударушылар, атаулы әлеуметтік көмек алушылар, көп балалы отбасылар немесе олардың жұбайлары, мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған тұлғалар немесе олардың жұбайлары, асыраушысынан айрылу бойынша жәрдемақы алушылар.

ҚАЗАҚСТАНДА 2029 ЖЫЛҒА ДЕЙІНГІ ХАЛЫҚ ТАБЫСЫН АРТТЫРУ ЖӨНІНДЕГІ КЕШЕНДІ ЖОСПАР ҚАБЫЛДАНДЫ

Қазақстанда «2026–2029 жылдарға арналған халық табысын арттыру жөніндегі кешенді жоспар» өзектендірілді. Бұл туралы Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында ұлттық экономика министрінің бірінші орынбасары Азамат Әмрин мәлімдеді, деп хабарлайды ҚР Үкіметінің Telegram-каналы.

Оның айтуынша, құжат алты бағыт бойынша 59 іс-шараны қамтиды және азаматтардың әл-ауқатын арттыруға, сапалы жұмыс орындарын құруға және халықтың нақты табысын арттыруға бағытталған.

«Жаңа жоспар 2022 жылдан бастап жүзеге асырылып жатқан бағдарламаның орнын алмастырады және экономиканың ағымдағы сын-қатерлерін де, адами капиталды дамыту және қазақстандықтардың өмір сүру сапасын арттыру жөніндегі ұзақ мерзімді міндеттерді де ескереді. Өңірлік нысаналы көрсеткіштерге қол жеткізу тетігін күшейту үшін әкімдіктер халықтың табысын арттырудың өңірлік бағдарламаларын әзірледі», – деді Азамат Әмрин.