Архив доступен 2 523 сообщений С 2025 года

Лента канала хранится отдельно от общего реестра и подгружается страницами, чтобы аналитик мог читать архив без тяжёлого общего поиска поверх сообщений.

АҚШ 30-дан астам елдегі биозертханаларды қаржыландырғанын мойындады

АҚШ Ұлттық барлау директорының кеңсесі бірнеше айлық тексеруден кейін 30-дан астам мемлекеттегі 120-дан астам биологиялық зертхана ұзақ жылдар бойы Вашингтон тарабынан қаржыландырылғанын мәлімдеді.

Ресми хабарламада бұл ақпараттың бұрын құпия сақталғаны айтылған. Құжат авторлары кейбір ықпалды тұлғалар мұндай зертханалардың барын жоққа шығарып, бұл туралы айтқандарды "шетел агенттері" мен "Америкаға сатқындар" деп айыптағанын мәлімдейді.

Есепте Украинадағы 40-тан астам зертханада Эбола, Марбург, Ласса вирустары, сібір жарасы, туберкулез және басқа да аса қауіпті патогендер сақталғаны көрсетілген. Құжатқа сәйкес, бұл зертханалар кеңестік кезеңнен қалған биологиялық материалдарды сақтау, украиналық мамандарды биологиялық қауіпсіздік жағдайында жұмыс істеуге үйрету және қауіпті патогендермен жұмыс істеуге сертификаттау міндеттерін атқарған.

Ал Украина Сыртқы істер министрлігі бұл мәліметтерге жауап беріп, ел аумағындағы барлық зертхана тек азаматтық мақсатта жұмыс істейтінін мәлімдеді.

Ведомствоның айтуынша, Украина Биологиялық және токсиндік қаруға тыйым салу туралы халықаралық конвенция талаптарын толық орындайды және ешқашан биологиялық қару әзірлеумен, өндірумен немесе жинақтаумен айналыспаған.

Сондай-ақ Киев АҚШ-пен биологиялық қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық қоғамдық денсаулық сақтау жүйесін, эпидемиологиялық бақылауды, зертханалық диагностиканы және биологиялық қорғанысты дамытуға бағытталғанын атап өтті.

Бұған дейін АҚШ Украинадағы өзімен байланысты 40 мекемеге қатысты тексеру бастаған болатын. Вашингтон олардың Ресей–Украина соғысы жағдайында қауіп-қатерге ұшырауы мүмкін екенін мәлімдеген.

t.me/Aqultaynews

АҚШ пен Иран бітімге келе ме?

АҚШ президенті Дональд Трамптың мәлімдеуінше, Вашингтон мен Тегеран 14 маусымда бейбіт келісімге қол қоюды жоспарлап отыр.

Оның айтуынша, келісім жасалғаннан кейін әлемдік мұнай тасымалы үшін маңызды саналатын Ормуз бұғазындағы блокада да алынады.

Ормуз бұғазы арқылы әлемдік мұнай экспортының едәуір бөлігі өтеді. Сондықтан бұғаздың жабылуы немесе шектелуі халықаралық нарықтағы энергия бағасына тікелей әсер етеді.

Егер келісім жүзеге асса, бұл АҚШ пен Иран арасындағы ұзақ жылдарға созылған шиеленісті бәсеңдетіп, Таяу Шығыстағы жағдайға ықпал етуі мүмкін. Алайда әзірге келісімнің нақты шарттары жарияланған жоқ.

t.me/Aqultaynews

Пәкістан премьер-министрі АҚШ пен Иран бейбіт келісім мәтінінің соңғы нұсқасын келіскенін мәлімдеді

"Алып-қашпа әңгімелерді ысырып қойып, бейбіт келісімнің соңғы әрі келісілген мәтіні дайын екенін растай аламыз. Қазір Пәкістан екі тараппен де алдағы қадамдарды келісу үшін тығыз жұмыс істеп жатыр. Бейбітшілік бұрын-соңды бүгінгідей жақын болған емес", — деп жазды Шахбаз Шариф X әлеуметтік желісінде.

Бұған дейін Иранның сыртқы істер министрі Аббас Аракчи де X желісінде Вашингтон мен Тегеран қақтығысты аяқтауға арналған өзара түсіністік туралы меморандумды келісуге бұрынғыдан да жақын қалғанын мәлімдеген еді.

"Исламабадтағы өзара түсіністік туралы меморандумға қол жеткізу ешқашан дәл қазіргідей жақын болған емес", — деді Аракчи.

Сондай-ақ Иран СІМ басшысы келісімнің барлық егжей-тегжейі "уақыты келген кезде жарияланатынын" айтты.

t.me/Aqultaynews

Дональд Трамп Иран жариялаған келісім шарттарын жоққа шығарды

АҚШ президенті Дональд Трамп ирандық БАҚ-та жарияланған Вашингтон мен Тегеран арасындағы ықтимал келісім шарттары шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді.

Трамптың айтуынша, Иран таратып отырған ақпараттар жазбаша түрде келісілген шарттарға мүлде сәйкес келмейді.

"Иран жалған ақпарат құралдары арқылы жариялаған шарттардың нақты келісілген құжатқа еш қатысы жоқ. Олардың келісімге қол жеткіздік деген әлсіз әрі аянышты мәлімдемесі де шындыққа сәйкес келмейді. Мұндай адамдармен адал келіссөз жүргізу өте қиын", — деп жазды АҚШ президенті Truth Social желісінде.

Сондай-ақ Трамп өткен түні Ормуз бұғазынан шыққан үнді кемелеріне жасалған дрон шабуылын "мүлдем қабылдауға болмайтын әрекет" деп атады.

Ал Тегеран билігі жексенбіде Женевада АҚШ-пен келісімге қол қойылады деген ақпаратты теріске шығарды. Иран тарабы келіссөз шарттарын әлі де талқылап жатқанын және түпкілікті шешім қабылданбағанын мәлімдеді.

Бұған дейін Иранның Mehr агенттігі қақтығысты тоқтатуға арналған АҚШ–Иран меморандумының жобасын жариялаған еді. Құжатта әскери іс-қимылдарды тоқтату, бірқатар санкцияны алып тастау, Иран активтерінің бір бөлігін бұғаттан шығару және ядролық мәселе бойынша толық келіссөз жүргізу қарастырылған.

t.me/Aqultaynews

Израиль Иранға қатысты қатаң саясат ұстануға дайын екенін мәлімдеді

Израиль қорғаныс министрі Исраэль Кацтың айтуынша, АҚШ Иранмен өз мүддесіне сай келіссөз жүргізіп жатыр. Алайда Вашингтон мен Тель-Авив үшін ортақ басты мақсат өзгермеген — Иранның ядролық қаруға қол жеткізуіне жол бермеу.

Кац Израиль мен АҚШ Иранға «елеулі соққы» жасап, оның мүмкіндіктерін бірнеше жылға кейін шегергенін мәлімдеді. Оның сөзінше, Израиль Иранның ядролық бағдарламасын өз күшімен тоқтата алу қабілетін сақтап қалуы тиіс. Осыған байланысты премьер-министр Биньямин Нетаньяху әскерге арнайы дайындық жүргізуді тапсырған.

Сондай-ақ Израиль Ливан, Сирия және Газа секторындағы қауіпсіздік аймақтарынан әскерін шығармайтынын хабарлады. Ел армиясы шекаралар мен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін операцияларды жалғастырады.

t.me/Aqultaynews

Үнді мұхитының түбінен әлемдегі ең үлкен киттер қорымы табылды

мәліметінше, Ғалымдар Үнді мұхитының 7 мың метр тереңінен ұзындығы шамамен 1200 шақырымға созылған алып киттер қорымын анықтады. Бұл — бұрын-соңды тіркелген ең ірі әрі ең тереңдегі кит сүйектері шоғырланған аймақ.

Зерттеушілерді ерекше таңғалдырғаны — кейбір сүйектердің жасы 5,3 миллион жылдан асады. Сонымен қатар бұл жерден әлдеқашан жойылып кеткен теңіз жануарларының қаңқалары да табылған.

Nature журналының жазуынша, Диамантина жарығы орналасқан бұл аймақ ғылымға әлі белгісіз болуы мүмкін көптеген ағзаға толы.

Ғалымдар 32 рет су астына түсіп, жүздеген қазба үлгілерін жинаған. Мамандардың болжамынша, мұнда 10 миллионнан астам киттің қалдығы болуы мүмкін.

Зерттеушілердің айтуынша, бұл өңір киттер үшін қорекке бай болғандықтан, миллиондаған жыл бойы теңіз алыптары осында шоғырланған. Ал өлгеннен кейін олардың сүйектері мұхит түбінде жиналып, алып табиғи қорымға айналған.

Бұған дейін киттердің сүйектері мұндай тереңдіктен ешқашан табылған емес.

t.me/Aqultaynews

Иран БАҚ-тары АҚШ-пен жасалуы мүмкін бейбіт меморандумның жобасын жариялады

Mehr агенттігінің мәліметінше, құжат 14 тармақтан тұрады және Иран мен АҚШ арасындағы қақтығысты тоқтатуға бағытталған.

Меморандум жобасында

Соғысты барлық бағытта, соның ішінде Ливанда да дереу әрі түпкілікті тоқтату

Иранды қалпына келтіруге арналған кемінде 300 миллиард долларлық америкалық қаржыландыру бағдарламасын әзірлеу

АҚШ-тың Иранның ішкі істеріне араласпау міндеттемесі

30 күн ішінде АҚШ-тың теңіз блокадасын алып тастауы және шекара маңындағы күштерін шығаруы, ал Иранның Ормуз бұғазын қайта ашуы

60 күн ішінде ядролық бағдарлама мен барлық америкалық санкцияларды жою жөнінде келіссөздер өткізу

АҚШ-тың Иранның бұғатталған 24 миллиард доллар активін босатуы. Оның жартысы ядролық келіссөздер басталғаннан кейін қайтарылмақ

Келісімнің орындалуын бақылайтын арнайы бақылау тетігін құру қарастырылған.

Сонымен қатар құжатқа сәйкес, Иранның активтерінің кемінде жартысы қайтарылмайынша, мұнай санкциялары тоқтатылмайынша және теңіз блокадасы алынбайынша түпкілікті келісім бойынша ресми келіссөздер басталмайды.

Әзірге бұл құжаттың ресми түрде бекітілгені расталған жоқ. Тараптар меморандум жобасын талқылауды жалғастырып жатыр.

t.me/Aqultaynews

Илон Масктың SpaceX компаниясы тарихтағы ең ірі IPO өткізді

SpaceX алғаш рет акцияларын биржаға шығарып, рекорд орнатты. Компания 555,6 миллион жай акцияны бір данасын 135 доллардан сатып, жалпы 75 миллиард доллар тартқан.

Осының нәтижесінде SpaceX-тің жалпы нарықтық құны 1,77 триллион долларға бағаланды. Бұл көрсеткіш көптеген мемлекеттердің жылдық экономикасынан да жоғары.

IPO деген не?

IPO (Initial Public Offering) — компанияның акцияларын алғаш рет қор биржасында көпшілікке сатуы. Яғни енді инвесторлар компанияның үлесін сатып алып, оның иелерінің біріне айнала алады.

Reuters агенттігінің мәліметінше, 75 миллиард долларлық IPO — әлем тарихындағы ең ірі орналастыру. Бұған дейінгі рекордты 2019 жылы Сауд Арабиясының мұнай алыбы Saudi Aramco орнатқан еді.

Алайда сарапшылар SpaceX-тің нақты нарықтық бағасы мен IPO нәтижелерін бағалау үшін әлі уақыт қажет екенін айтып отыр.

SpaceX — спутниктер ұшырумен, ғарыш кемелерін жасаумен және Марсты игеру жобаларымен айналысатын Илон Масктың ғарыш компаниясы.

t.me/Aqultaynews

Трамп Иранға жоспарланған соққыдан бас тартқанын және жақын арада бейбіт келісімге қол қойылатынын мәлімдеді

АҚШ президентінің айтуынша, келіссөздер барысында елеулі ілгерілеу болып, негізгі тармақтар барлық мүдделі тараптармен келісілген. Осыған байланысты Вашингтонның Иранға қарсы жаңа әскери операциясы тоқтатылған.

"Иранның ешқашан ядролық қаруға ие болмауы — біздің басты талабымыз еді. Негізгі мақсат орындалды", — деді Трамп.

NBC мәліметінше, АҚШ әскері Иранға шабуыл жасауға небәрі үш сағат қалғанда Трамп келісімге қол жеткізілгенін жариялаған.

Тегеран әзірге түпкілікті келісім жасалғанын растаған жоқ. Иран тарапы меморандум мәтіні әлі де қаралып, бекітілуі тиіс екенін хабарлады.

Ал Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху үшін Трамптың мәлімдемесі күтпеген жаңалық болғаны айтылуда. Израиль келісімнің Иранның ядролық бағдарламасын, зымыран өндірісін және аймақтағы қарулы топтарды қолдауын шектеуді қамтығанын қалайды.

Әзірге тараптар келісімнің нақты мәтінін жариялаған жоқ, сондықтан келіссөздердің түпкі нәтижесі әлі белгісіз.

t.me/Aqultaynews

Дональд Трамп Иранға қарсы "өте қуатты соққы" жасалатынын мәлімдеді

АҚШ президенті Дональд Трамп Truth Social әлеуметтік желісінде бүгін кешке Иранға қарсы "өте күшті соққы" жасалатынын жазды.

"Бүгін кешке Америка Құрама Штаттары Иранға өте қуатты соққы береді. Жақын болашақта біз Харк аралын және мұнай инфрақұрылымының басқа да маңызды нысандарын бақылауға алып, олардың мұнай мен газ нарығын толық бақылауға аламыз", — деді Трамп.

Ал CNN телеарнасының дереккөздері Иранның АҚШ әскері Харк аралына десант түсіруі мүмкін деген қауіпке дайындалып жатқанын хабарлады. Мәліметке сәйкес, Тегеран арал жағалауын миналап, қосымша әуе қорғанысы жүйелері мен зымыран кешендерін орналастырған.

Харк аралы — Иран мұнайының негізгі экспорттық хабы саналады. Сарапшылардың пікірінше, арал төңірегіндегі ықтимал әскери қақтығыс әлемдік мұнай нарығына айтарлықтай әсер етуі мүмкін.

t.me/Aqultaynews

Үндістан АҚШ-тан теңіздегі шабуылдарды тоқтатуды талап етті

Үндістан билігі осы аптада үнді экипаждары жұмыс істеген танкерлерге жасалған бірнеше шабуылдан кейін АҚШ-ты кемелерге соққы беруді тоқтатуға шақырды. Соңғы шабуылдардың бірінде үш үнді теңізшісі қаза тапқан.

Үндістан Сыртқы істер министрлігінің өкілі Рандхир Джайсвалдың айтуынша, мұндай шабуылдар дереу тоқтатылуы тиіс.

"Бұл шабуылдар тоқтауы керек. Біз сондай-ақ аймаққа бейбітшілік пен тұрақтылықты мүмкіндігінше тезірек қайтару үшін диалог пен дипломатияға шақырамыз", — деді ол.

Оқиға АҚШ пен Иран арасындағы шиеленіс күшейіп тұрған кезеңде болды. Нью-Делидің мәлімдемесі аймақтағы қауіпсіздік жағдайына алаңдаушылықтың артып отырғанын көрсетеді.

t.me/Aqultaynews

АҚШ президенті Израильдің Иранға жасалып жатқан қазіргі шабуылдарға қатысы жоқ екенін мәлімдеді

Ол бұл туралы Fox News арнасына берген сұхбатында айтып, Израиль тарапы аталған шабуылдарға қатыспағанын жеткізді. Президенттің сөзінше, Израиль бұл операцияларға араласпаған.

t.me/Aqultaynews

АҚШ Иран аумағындағы нысандарға жаңа соққылар жасай бастады

Қолбасшылықтың хабарлауынша, операция АҚШ президенті әрі Қарулы күштердің бас қолбасшысы Дональд Трамптың бұйрығымен жүргізіліп жатыр. CENTCOM бұл әрекетті «өзін-өзі қорғау мақсатында жасалған соққылар» деп сипаттады.

«Бұл соққылар Иранның негізсіз әрі жалғасып жатқан агрессиясына жауап ретінде жүзеге асырылуда», делінген ресми мәлімдемеде.

Axios басылымының жазуынша, Вашингтон жаңа шабуылдар арқылы Тегеранға қысым жасап, оны келісімге қол қоюға мәжбүрлеуді көздейді. Алайда сарапшылар бұл қадам өңірдегі әскери қақтығыстың одан әрі ушығу қаупін арттыратынын ескертеді.

АҚШ шенеуніктері Ираннан жауап соққылар болуы мүмкін екенін айтып отыр. Олардың болжамынша, Тегеран бұған дейінгі сияқты америкалық әскери базаларды нысанаға алуы ықтимал.

t.me/Aqultaynews

Трамп Apache тікұшағының құлауына жауап ретінде Иранға жаңа соққылар жасауға уәде берді

"Біз кеше оларға қатты соққы жасадық. Бүгін тағы да қатты соққы жасаймыз. Менің ойымша, бізде мұндай құқық бар. Олар керемет машинамызды атып түсірді", — деді АҚШ президенті журналистерге.

Сонымен қатар ол Иранмен бейбіт келісім жобасы толығымен келісілгенін атап өтті.

"Олардың істейтін жалғыз нәрсесі — қағазға қол қою. Біз жұмыс істейтін келісім жасаймыз. Не шығатынын көреміз. Біз шынымен келісімге келуге жақынбыз", — деп қостады Трамп.

t.me/Aqultaynews

Пентагон масаларды биологиялық қару ретінде пайдалану жобасына қатысты құпия құжаттарды жариялады

Daily Mail басылымының хабарлауынша, АҚШ армиясының 69 беттік есебінде 1959–1960 жылдары жүзеге асырылған Project Bellwether бағдарламасы сипатталған. Оның аясында сары безгекті тасымалдайтын Aedes aegypti масаларына қатысты 52 тәжірибе жүргізілген.

Юта штатындағы полигонда әскери еріктілердің қатысуымен өткен сынақтардың мақсаты — тропикалық масалардың құрғақ әрі ыстық климатта өмір сүре алатынын және адамдарды тиімді шаға алатынын анықтау болған. Есепте тәжірибе сәтті өтті деп көрсетілген.

Құжатта жұқтырылған жәндіктерді қарсыласқа қарсы қолданудың "зор стратегиялық әлеуеті" бар екені де айтылған.

Журналистердің мәліметінше, бұл АҚШ-тағы алғашқы осындай бағдарлама емес. 1955 жылы Big Buzz операциясы кезінде Джорджия штатында ұшақтардан шамамен 330 мың маса тасталып, олардың әуеден шашылғаннан кейінгі өміршеңдігі зерттелген.

Айта кетейік, кейінгі жылдары Ресей АҚШ-ты Украинадағы биологиялық зертханалар мен "жауынгер масалар" бағдарламаларын дамытуға қатысты бірнеше рет айыптаған. Алайда бұл мәлімдемелерді тәуелсіз сарапшылар мен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы растаған жоқ.

t.me/Aqultaynews

Иран Еуропадағы гибридті соғыс әрекеттерін күшейтіп, Ресейдің тактикасын қолдана бастады

Бұл туралы The Washington Post басылымы жазды.

Мақалада Тегеранның Батыс елдерінің аумағында диверсиялар мен шабуылдар жасау үшін «бір реттік агенттерді» пайдаланатыны айтылған. Басылым мұндай тәсілдің Ресейдің гибридті соғыс жүргізу әдістеріне ұқсайтынын атап өтеді.

Жаңа айыптауларға Түркияда "Катаиб Хезболла" тобының командирі әл-Саадидің ұсталғаны себеп болған. АҚШ Әділет министрлігінің мәліметінше, ол Иран Ислам революциясы сақшылар корпусымен (КСИР) байланысы бар HAYI ұйымымен байланысты. Бұл топ Еуропа мен Солтүстік Америкадағы бірқатар шабуылдарды ұйымдастырды деген күдікке ілінген.

The Washington Post пікірінше, мұндай операциялардың мақсаты тек нақты нысандарға соққы беру емес, сонымен қатар дінаралық және этносаралық шиеленісті күшейтіп, қоғамды поляризациялау және Еуропа елдеріндегі тұрақтылықты әлсірету болып табылады.

t.me/Aqultaynews

БАҚ АҚШ Иранға соққы жасағанын хабарлап жатыр

АҚШ Ормуз бұғазында Apache тікұшағының атып түсірілуіне жауап ретінде Иран аумағына соққы жасады. Бұл туралы АҚШ Орталық қолбасшылығына (CENTCOM) сілтеме жасаған батыс БАҚ хабарлады.

Иранның Fars агенттігінің хабарлауынша, елдің оңтүстігіне үш толқынмен шабуыл жасалған. IRIB дерегіне сәйкес, соққы салдарынан екі су қоймасы толықтай қираған.

Өз кезегінде Иран Ислам революциясы сақшылар корпусы (КСИР) Таяу Шығыстағы америкалық әскери базаларға жауап соққысын жасағанын мәлімдеді. Алдын ала мәлімет бойынша, Бахрейн, Иордания және Кувейттегі шабуылдардың жолы кесілген.

t.me/Aqultaynews

АҚШ президенті Дональд Трамп Иранның Ормуз бұғазы үстінде патрульдік тапсырма орындап жүрген америкалық жоғары технологиялық Apache тікұшағы атып түсірілгенін мәлімдеді

Трамптың айтуынша, тікұшақ бортында болған екі ұшқыш аман қалған және жарақат алмаған. Сонымен қатар ол АҚШ бұл шабуылға жауап беруге мәжбүр болатынын айтты.

"Біздің ұлы әскери күштеріміздің хабарлауынша, өткен түні ирандықтар Ормуз бұғазы үстінде патрульдеу кезінде Apache тікұшағымыздың бірін атып түсірді. Екі ұшқыш та тірі және зардап шеккен жоқ. Дегенмен АҚШ бұл шабуылға қажетті түрде жауап беруі тиіс", — деді Трамп.

t.me/Aqultaynews

«Талибан» мемлекеттік қызметкерлерге смартфон қолдануға тыйым салды

Afghanistan International басылымының мәліметінше, «Талибан» жетекшісі Хайбатулла Ахундзада мемлекеттік қызметкерлердің смартфон пайдалануына тыйым салатын жарлық шығарған.

Құжатқа сәйкес, талапты бұзғандардың ісі әскери сотта қаралуы мүмкін. Жарлық әскери сот басшыларына, полиция жетекшілеріне және барлау қызметі командирлеріне жолданған.

Сондай-ақ бақылауға алынатын қызметкерлердің арнайы тізімі жасалған. Онда әр адамның аты-жөні, қызметі, жұмыс орны, ұялы байланыс операторы мен телефон нөмірі тіркеледі.

Бұған дейін, үш күн бұрын, елдің исламдық білім беру департаменті оқушыларға мектептер мен діни медреселерге смартфон алып келуге тыйым салған еді.

Ал «Талибанның» жоғары білім министрі бұған дейін смартфондарды «мұсылмандардың үш басты жауының бірі» деп атаған.

t.me/Aqultaynews

NYT: АҚШ-тың әскери тікұшағы Ормуз бұғазы маңында апатқа ұшырады

The New York Times газетінің дерегінше, АҚШ армиясының AH-64 Apache шабуылдаушы тікұшағы дүйсенбі күні Ормуз бұғазы маңында құлаған.

Басылымның мәліметінше, тікұшақ экипажының екі мүшесі құтқарылған.

Әзірге апаттың нақты себебі белгісіз. Тікұшақ атып түсірілді ме, әлде техникалық ақаудан құлады ма — бұл мәселе анықталып жатыр.

АҚШ билігі әзірге бұл ақпаратты ресми түрде растаған жоқ. Ақ үй де оқиғаға қатысты мәлімдеме жасаған жоқ.

t.me/Aqultaynews