Қазақ тілі «Euronews» медиажелісінде хабар тарататын алғашқы Орталық Азия тілі атанды
Қазақстанның ақпараттық дипломатиясында үлкен серпіліс орын алды. Қазақ тілі әлемдік алпауыт «Euronews» халықаралық медиажелісінде ресми хабар тарата бастаған Орталық Азия халықтарының ең алғашқы тілі болды.
Бұл туралы медиажелі директорлар кеңесінің төрағасы Педро Варгас Давид Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесуі барысында мәлімдеді. Президент бұл қадамды өзара тиімді ынтымақтастықтың жарқын көрінісі ретінде құптады.
Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылы Астана қаласында арнаның өңірлік кеңсесі ашылғаннан кейін, Euronews Қазақстан мен жалпы Орталық Азия аймағының саяси, экономикалық және мәдени тыныс-тіршілігін әлемдік деңгейде жиірек әрі ауқымдырақ көрсете бастағанын ерекше атап өтті.
Тараптар жаһандық аудиторияға Қазақстанның әлеуетін таныту мақсатында жаңа медиа және цифрлық жобаларды бірлесіп қолға алу мәселесін талқылады.
Педро Варгас Давид Euronews сайтында жарияланған Қазақстан мен Еуропалық Одақ (ЕО) арасындағы стратегиялық серіктестіктің перспективалары туралы мақаланы еуропалық оқырмандар өте жоғары бағалағанын жеткізді. Бұл материал Президенттің Брюссельге жасалатын ресми сапары қарсаңында жарық көрген болатын.
Қазақ тілінің Euronews форматына енуі – отандық ақпарат кеңістігінің халықаралық деңгейдегі салмағын арттырып, еліміз туралы шынайы ақпараттың жаһан жұртшылығына ана тіліміз деңгейінде де тікелей жетуіне жол ашады.