Қостанай облысының командасы 6-кезең жеңімпазы!
Жобада 12 команда қалды
Бүгін, 11 қыркүйекте «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесінің алтыншы кезеңі аяқталды. Таңғы 7:00-де 14 команда Алаша хан кесенесінен Жезқазған маңындағы Талап ауылына жолға шықты.
Жорық бағдарламасына сәйкес, командалар марафон-бәйгенің тағы 100 шақырымын бағындырып, алтыншы кезеңнің мәресі Талап ауылында қорытындыланды. Осылайша, шабандоздар 6 күн ішінде жалпы 550 шақырым жолды жүріп өтті.
Алтыншы кезең қорытындысы бойынша, Қостанай облысының командасы жеңімпаз атанды. Бұл жолы ақтөбелік шабандоздар мәре сызығына екінші болып келсе, Маңғыстау облысының «Көкмойнақ» командасы үшінші болып жетті.
Өкінішке қарай, аталмыш кезеңде аттарының жарақат алуына байланысты Қызылорда, Ақмола командалары жарысты тоқтатты.
Еске сала кетейік, бұған дейін БҚО, СҚО, ШҚО, Павлодар облыстары мен Шымкент қаласының командасы жарыстан шығып қалғанын хабарлаған едік.