Архив доступен 31 578 сообщений С 2017 года

Лента канала хранится отдельно от общего реестра и подгружается страницами, чтобы аналитик мог читать архив без тяжёлого общего поиска поверх сообщений.

Uzbekistan Airways авиаотын тапшылығына байланысты Ресейге рейстерінің бір бөлігін қысқартады

Uzbekistan Airways Ресеймен арадағы кейбір бағыт бойынша рейстер қысқаратынын хабарлады. Компания өкілдері мұны авиация отынның тапшылығы және қымбаттығымен түсіндірді.

Нақты қай бағыт бойынша рейстер қысқаратынын әуе компаниясы әзірге айтпады. Дегенмен қысқаратын рейске билет алған жолаушыларға билеттерді қайта тегін брондауға болатынын немесе айыппұлсыз билет құны қайтарылатынын мәлімдеді.

Жергілікті БАҚ-тың жазуынша, өзгерістер Мәскеу мен Санкт-Петербург арасындағы жекелеген рейстерге де қатысты.

Әуе компаниясының баспасөз қызметінің хабарлауынша, өзгерістер тек жекелеген рейстерді қамтиды және оның мерзімі бағыттарға байланысты анықталады.

Маусымның басында Ресей авиациялық керосин экспортына уақытша тыйым салған, мұны ішкі отын нарығын тұрақтандыру қажеттілігімен байланыстырған еді.

Ал бұл тұста Өзбектан энергетика министрлігі Ташкент пен Мәскеу арасындағы үкіметаралық келісім аясында елге авиаотын жеткізіле береді деп мәлімдеді.

Дания Еспаева "Ақжол" төрағасы болып сайланды

13 маусымда Астанада "Ақжол" партиясының съезінде Азат Перуашев партия төрағалығынан бас тартып, өзінің орнына Дания Еспаеваны ұсынды.

"Алға бастайтын кез келген көшбасшылық, егер оны үнемі ауыстырып отырмаса, монополияға айналып кетеді. Ал монополия балама идеяларға орын қалдырмайды, өзгенің бастамаларын тұншықтырып, культ қалыптастырады. Біз мұны жуырда мемлекет деңгейінде көрдік. Егер адам шынымен де өз өмірін арнаған істі дамытқысы келсе, ол уақытында "рахмет" айтуы керек" деп Перуашев шешімінің себебін түсіндірді.

Өңірден келген делегаттар бұл өздеріне "тосын сый" болғанын айтты, бірақ Еспаеваның кандидатурасын қолдады.

Осылайша съезде Дания Еспаева партияның төрағасы болып сайланды.

Еспаева 2019 жылы президент сайлауына қатысып, Қазақстан тарихындағы алғашқы әйел-кандидат атанған.

58 жастағы Азат Перуашев "Ақжолды" 15 жылға жуық басқарған. Дәл содан бері парламенттің бірнеше шақырылым депутаты да болған. Ол бұған дейін "штрафстан" деген сөзіне байланысты президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сынына ұшыраған еді. Журырда ол президенттің сынын сабақ ретінде қабылдайтынын айтқан.

"Ақжол" – елде тіркелген сегіз партияның бірі. 2023 жылғы парламент сайлауында "Ақжол" ресми мәлімет бойынша, сайлаушылардың 8,41% дауысын алып, парламенттен 6 орын алған.

Елде тамызда құрылтай сайлауы өтетіні айтылып жатқан шақта саяси партиялар съездерін өткізе бастады. Бір күн бұрын биліктің Amanat партиясы "Әділетпен" біріккен еді.

АҚШ 30-дан астам елдегі биозертханалар жайлы деректерді жариялады

АҚШ барлау қызметінің директоры Тулси Габбард АҚШ үкіметінің 30-дан астам елдегі 120-дан астам биологиялық зертхананы “ұзақ уақыт” қаржыландырғанын айғақтайтын құжат жариялады. Аталған зертханаларда биологиялық патогендерге қатысты зерттеулер жүргізілген, кейбірі қауіпті.

“Олардың қатарына Украинадағы зертханалар да кіреді, Ресей-Украина соғысына байланысты оларға қауіп төнуі мүмкін” деп жазылған ұлттық барлау басқармасының 12 маусым күнгі мәлімдемесінде.

Ақпаратқа қарағанда, бұған дейін "барлау қауымдастығы АҚШ қаржыландыратын Украинадағы биологиялық зертханада қауіпті қоздырғыштар болуы мүмкін екенін және Ресей тарапының – айталық, шабуыл, басқыншылық немесе зақымдау сияқты қатеріне төзбеуі мүмкін екенін ескерткен".

Мұндай ерекше қадам ұлттық барлау қызметінің директоры Тулси Габбардтың қызметтен кетуіне бірнеше күн қалғанда жасалды. Габбардтың аталған деректі не үшін жариялағаны белгісіз және онда жаңа немесе сенсациялық ақпарат бар-жоғы да түсініксіз.

Көптеген жыл бойы АҚШ үкіметі “Қауіпті азайтудың бірлескен бағдарламасы” аясында қырғи-қабақ кезеңінен бергі зерттеу бағдарламаларының қауіпсіздігін қамтамасыз ететін шараларды қаржыландырған. Олар негізінен биологиялық және химиялық қару саласындағы советтік жобалармен тығыз байланысты. Бұл советтік нысандардың кейбірі Киевте, Тбилисиде және өзге де постсоветтік елдерде орналасқан.

Трамп әкімшілігі бірнеше айдан бері Вашингтон қаржыландыратын биозертханаларға қатысты АҚШ мұрағаттары мен құжаттарын қарап жатыр. Бұл процесс "gain-of-function" атты зерттеулерді федералдық қаржыландыруға тыйым салынғаннан кейін басталды. Мұндай зерттеулерге организмдердің биологиялық функциясын күшейту мақсатында оларды модификациялау кіреді. АҚШ-тың пікірінше, Қытай сияқты елдерде мұндай зерттеулерге тиісті дәрежеде бақылау жүргізілмейді.

Батыс пен Ресей арасы суығаннан кейін Мәскеу АҚШ-ты "биологиялық қару шығаруды көздейтін биозертханаларды қаржыландырды" деп айыптап келеді. Мұндай айыптаулар ұзақ уақыт бойы конспирологиялық теориялармен қабаттасып келеді. АҚШ үкіметі оны бірнеше рет терістеуге тырысқан.

Вашингтон 1975 жылы қол қойылған биологиялық қаруға тыйым салу туралы конвенцияға қатысады.

БАҚ: АҚШ пен Иран Ормуз бұғазы бойынша келісімге жақындады

АҚШ пен Иран Ормуз бұғазының жұмысын қалпына келтіру бойынша келісімге жақындады. Бұл жөнінде "Үлкен жетілік" елдерінің өкілдері мен шенеуніктеріне сүйенген Bloomberg пен CBS News хабарлады.

Дереккөздің хабарлауынша, құжат өзара түсіністік туралы меморандум түрінде қабылданбақ. Дереккөздердің бірі Bloomberg агенттігіне құжатқа Женевадағы немесе Франциядағы кездесу кезінде қол қойылуы мүмкін екенін айтқан. Дегенмен Тегеран әзірге түпкілікті түрде келісімін бермеген.

АҚШ президенті Дональд Трамп бұған дейін Иранмен бейбіт келісімге алдағы демалыс күндері Еуропада қол қойылуы мүмкін екенін айтқан еді.

Axios-тың жазуынша, меморандумның мазмұны келісілген, бірақ тараптар түпкілікті түрде оны мақұлдауы керек. Құжат жобасына сәйкес, Иран ядролық қарудан бас тартып, байытылған уран қоры мәселесін реттеу міндеттемесін алады. Есесіне АҚШ санкцияны жұмсартып, экономикалық әріптестікті қалпына келтіруді қарастырады.

Құжат сонымен бірге Ормуз бұғазын жарнасыз халықаралық кеме қатынасына ашуды қарастырады. Ондағы тасымал көлемі соғысқа дейінгі деңгейге жетуі керек. Есесіне Вашингтон Иран порттарын ашуға тиіс.

Bloomberg-тің жазуынша, меморандум бұл процестің алғашқы кезеңі және ол АҚШ пен Иран арасындағы 60 күндік келіссөз кезеңіне жол ашады.

Иранның сыртқы істер министрлігінің өкілі тараптар атысты тоқтату бойынша келісімге келуде ілгерілегенмен әзірге түпкілікті келісім жоғын айтты.

Шешілмеген мәселелердің бірі – Иранның шетелде бұғатталған активтері мәселесі. Тегеран оның бір бөлігін бірден пайдаланғысы келеді, ал АҚШ оны біртіндеп ашуды ұсынады. CNN дереккөзінің айтуынша, АҚШ-ты Иранға активтерін бермеуге Израиль үгіттеп жатыр.

Шымкентте Нұрай Серікбайдың қазасына қатысты тергеу аяқталды

Шымкентте кісі қолынан қаза болған 21 жастағы студент қыз Нұрай Серікбайдың қазасына байланысты тергеу аяқталды. Бұл жөнінде адвокат Аянхан Омаров хабарлады.

"Бүгінгі күнге дейін жәбірленуші тарап пен олардың адвокаты қылмыстық істің 1–7 томдарымен танысып, олардың көшірмелерін алдық. Қазіргі уақытта қылмыстық іс материалдарымен танысу жалғасуда. Істің барлық қатысушылары заңда көзделген құқықтарын толық пайдаланып болғаннан кейін іс сотқа жолданады. Танысу барысы туралы қосымша ақпарат беріліп отырады" деп жазды адвокат Threads желісінде.

11 қаңтарда Шымкентте студент Нұрай Серікбай пышақ жарақатынан қаза болды. Желіде тараған видеода жас жігіттің, қызды пышақтап, қашып кеткені байқалады. 13 қаңтарда полиция 28 жастағы күдіктіні Шымкенттен 10 шақырымдай жерден ұстаған. Оның үстінен адам өлтіру бабымен іс қозғалған.

Күдікті — Нұрайдың танысы. Марқұмның жақындары "Курсив" сайтына Нұрай күдіктімен былтыр жазда тойда танысқанын айтқан. Көп өтпей жігіт сөз салып, қазан айында еркінен тыс алып қашқан. Бұл некеге қыз да, оның отбасы да қарсы болған. Қызды полиция көмегімен жігіттің үйінен алып кетіп, артынша арызданған. Бірақ күдікті қайта мазаламайтынын айтып уәде еткендіктен, кешірім берген. Алайда аңду, қорқытып-үркіту тоқтамаған. Бұл бойынша ата-анасы қалалық прокуратура мен полиция департаментіне арызданғаны айтылады.

Нұрайдың туысы "прокуратура мен полиция бұл арыз бойынша жұмыс жүргізбеген" дейді. 11 қаңтар күні Нұрай дүкеннен ұн алуға шыққан оны үйін торуылдап жүрген күдікті ұстап алып, артынан қуып, пышақтап кеткен.

22 қаңтарда ішкі істер министрлігі Нұрайдың ісінде "салғырттық" танытқан полицейлерге қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. “Некеге мәжбүрлеу” бойынша да қылмыстық іс тіркелген.

Биыл Қылмыстық кодекске енген өзгеріс бойынша “қыз алып қашу” ("некеге мәжбүрлеу") “Адам ұрлау” бабына енгізіліп, ол бойынша жаза күшейтілген еді.

1 сәуірде күдіктінің күштеп емдеуге жіберілгені белгілі болған. 30 сәуірде ішкі істер вице-министрі Санжар Әділов қыздың өліміне күдіктінің ақыл-есі дұрыс деп танылғанын айтқан.

БАҚ: Ресей АҚШ-қа Украинаға "Орешникпен" соққы жасауы мүмкін екенін ескертті

Ресей АҚШ-қа 11-14 маусым аралығында Украинаға "Орешникпен" соққы жасауы мүмкін екенін ескертті. Бұл жөнінде дереккөздерге сүйенген "Зеркало недели" және "РБК-Украина" жазды.

"РБК-Украинаның" жазуынша, дегенмен АҚШ-тың Киевтегі елшілігінен ресми түрде ескерту келмеген.

Бұған дейін жұма күні Украинаның қарулы күштері бір тәулікте Ресей әскерінің орта қашықтыққа ұшатын баллистикалық ракетаны қолдану мүмкіндігі "жоғары" екенін ескерткен.

Соғыс басталғалы бері Ресей әскері "Орешник" ракетасын үш рет қолданған. Украина қарулы күштерінің дерегінше, соңғы рет 24 мамырда қолданған. Ол кезде Киев облысындағы Белая церковь қаласына соққы жасалған. Ресей басшысы Владимир Путин ізінше әскерилер "сарайдағы блоктардың құлағанын көру" үшін соққы жасағанын айтты. Оның сөзінше, бұл болашақта "қаруды қолданған кезде керек болады".

Келлог: Ресей, Украина және АҚШ арасындағы келіссөз іс жүзінде тоқтады

АҚШ-тың Украина бойынша бұрынғы арнайы уәкілі Кит Келлогг Киев, Вашингтон және Мәскеу арасындағы келіссөз процесі іс жүзінде тоқтатылғанын мәлімдеді. Келлоггтың айтуынша, Америка қазір Иранмен келіссөзге көбірек назар аударып отыр.

"Келіссөз процесі іс жүзінде тоқтады. Бұл жаман емес. Бұл шынымен жақсы" деді Келлог. Ол Украинаның Ресейге бір өзі төтеп беруге шамасы жететінін айтты.

Келлогтың айтуынша, АҚШ-тың Ресейге қарсы санкциялық қысымы әлі де күшінде, ал жаңа шектеулер пакеті бойынша жұмыс әлі аяқталған жоқ. Ол сонымен бірге Ресейдің қазіргі уақытта Украинадан тыс аумаққа, оның ішінде Балтық жағалауы елдері мен Польшаға әскери қимыл ауқымын кеңейтуге ресурсы жетпейді деп санайды.

Келлогтың сөзінше, АҚШ президенті Дональд Трамп әлі де қақтығысты бейбіт жолмен шешуді жақтайды. Бұрынғы уәкілдің өзі Украинаға 2026 жылдың тамызында баруды жоспарлап отыр.

"Украинская правда" басылымының жазуынша, Киев Ресейге қысымды үдету мақсатында жаңадан әскери-дипломатиялық кампания бастаған және келіссөзді күзде жалғастыратындай жағдай туғызуға күш салып отыр.

Басылымның мәліметінше, Киев Вашингтон араласқан келіссөз форматының қуаты сарқылды деп санайды және келіссөзге Еуропа елдерінің көбірек араласқанын қалайды. Украина күштері бір мезетте Ресейдің әскери, энергетикалық және көлік инфрақұрылымына соққы жасауды жалғастырмақ. Әсіресе, аннексияланған Қырымды Ресей аумағымен және Мәскеу бақылауындағы Украина жерімен байланыстыратын логистикалық бағыттарға басымдық бермек.

"Украинская правда" басылымы дереккөздерінің айтуынша, жаңа дипломатиялық процестерге оңтайлы кезең қазан-қараша айында туындауы мүмкін. Ал оған дейін Киев өз ұстанымын нығайтуға, Еуропадағы одақтастарымен ынтымақтастықты дамытуға және ықтимал келіссөздерге дайындалуға көңіл бөлмек.

Бұған дейін Мәскеу, Киев және Вашингтон арасындағы үшжақты келіссөздердің үзілгенін Ресей президентінің көмекшісі Юрий Ушаков та айтқан еді. Келіссөз қашан жалғасатыны белгісіз.

Ресей билігі, оның ішінде президент Владимир Путин бұған дейін келісімге қол жеткізілмейінше атыс тоқтамайтынын, соғысты майдан сызығында тоқтатуға келіспейтінін, Украина жерінде Батыс елдерінің әскерін орналастыруға қарсы екенін білдірген. Бұған қоса, бұғатталған активтерді қайтаруды талап еткен.

"Қазақмыстағы" ереуіл: компания әдеттегідей жұмыс істеп жатқанын мәлімдеді

"Қазақмыс" жұмысшылары жұмысты тоқтатып, компания басшылығына талаптар қойған. Ulysmedia.kz сайты кеншілер жалақыны көтеруді және басқарма төрағасының өндіріс жөніндегі орынбасары Саят Бакировты жұмыстан босатуды талап етіп жатыр деп жазды. Жұмысшылар Бакиров қазіргі қызметке тағайындалғаннан бері ұжымға қысым күшейгенін айтқан.

Ұлытау облысы әкімдігі журналистерге ереуіл туралы хабарды растап, компания басшылығы наразылық білдірушілермен келіссөз жүргізіп жатқанын айтқан. Билік өкілдерінің сөзінше, Саят Бакиров басқарма төрағасы Рустам Өскенәлімен келіссөз жүргізетін бастамашыл топ құру үшін Оңтүстік Жезқазған кенішінің №65 шахтасының 100 шақты жұмысшысымен кездескен. Облыстық әкімдік "жағдайды бақылауда" ұстап отырғанын және өңірдегі жағдай "тұрақты" екенін айтады.

"Қазақмыстың" баспасөз қызметі "кәсіпорын әдеттегідей жұмыс істеп жатыр" деп мәлімдеді. Олар кеншілер наразылығы құрал-жабдықтардың техникалық жағдайына байланысты, бұған дейінгі жылдардағы қаржыландырудың жеткіліксіздігіне байланысты жабдықтар тозған деп түсіндіреді.

"Компания қолданыстағы корпоративтік механизмдер мен қабылданған әлеуметтік серіктестік рәсімдері аясында еңбек өкілдерімен өзара әрекет жасауды жалғастырады. Қазір кәсіпорын қалыпты режимде жұмыс істеп жатыр. Өндіріс процестері бекітілген жоспарларға сәйкес жүргізіліп отыр", деп мәлімдеді компания.

Бұл "Қазақмыс" кәсіпорындарындағы алғашқы еңбек дауы емес. 2024 жылдың желтоқсанында корпорациядағы мыңнан астам кенші жалақыны көтеруді және еңбек жағдайын жақсартуды талап етіп, жер бетіне шығудан бас тартқан. Бастапқыда ымыраға келмейтіндей қатаң ұстаным танытқан жұмыс беруші кейінірек келіссөз жүргізуге мәжбүр болған.

Қазіргі ереуіл "Қазақмыс" компаниясының меншік иелерінің күрт өзгергеннен бірнеше айдан кейін басталды. 2025 жылдың аяғында құрылыс магнаты Нұрлан Артықбаев мыс өнеркәсібі алыптарын көп жыл бойы басқарып келген миллиардер Владимир Ким мен оның серіктесі Эдуард Огайдан корпорацияны сатып алды. Осы мәміледен кейін "Қазақмыста" қайта құру және басқарушы топтың кең ауқымды ауысуы басталған, бұл қазіргі наразылықтың себептерінің бірі болды.

Халықаралық шахмат федерациясы Ресейдің ұйымға мүшелігін уақытша тоқтатты

Халықаралық шахмат федерациясы (FIDE) кеңесі Ресей шахмат федерациясының (RCF) ұйымға мүшелігін уақытша тоқтатты. Бұл туралы аққпарат ұйымның веб-сайтында жарияланды.

Ұйым мұндай шешім Спорттық арбитраж сотының (CAS) қаулысын ресейлік ұйым белгіленген мерзімде орындамағандықтан қабылданғанын, әйткенмен ол ресейлік шахматшылардың турнирлерге қатысуына шектеу қоймайтынын атап көрсеткен. Баспасөз хабарламасында FIDE кеңесі "жеке шахматшылардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға деген міндеттемесіне бейіл екенін" тағы да растаған.

RCF президенті Андрей Филатов адвокаттар FIDE шешімін қайта қарай бастағанын мәлімдеді. "Егер біз мұны істеуге негіз тапсақ, Кеңестің шешіміне шағымдану құқығын өзімізде қалдырамыз. FIDE кеңесінің CAS шешімін орындауға және бұл шешімді қабылдауға мәжбүр болуы, әрине, өкінішті, бірақ бұл біз үшін тосынсый емес", деді ол.

2026 жылдың наурыз айында Спорттық арбитраждық сот Украинаның Ресей шахмат федерациясына (РШФ) қарсы Украинаның Луганск, Донецк, Херсон және Запорожье облыстарының оккупацияланған аумақтарындағы, сондай-ақ аннексияланған Қырымдағы Ресей шахмат федерациясының қызметіне қатысты шағымын ішінара қанағаттандырған еді. Шешімді орындауға 90 күн берілді.

2022 жылдың наурыз айында Ресей Украинаға кең ауқымды басқыншылық соғыс ашқаннан кейін FIDE ресейлік шахматшылардың ойындарға қатысуын шектеді. Оларға бейтарап ойыншы ретінде (FIDE туы астында) жарыстарға қатысуға рұқсат берді, бірақ командалық жарыстардан шеттетілді. 2025 жылдың қарашасында FIDE Украина мен бірнеше еуропалық федерациялардың наразылығына қарамастан, шахматтан Ресей әйелдер құрамасына FIDE туы астында әлем чемпионатына командалық сайыстарға қатысуға рұқсат берді. Ал 2025 жылдың желтоқсанында Халықаралық шахмат федерациясы Ресей құрамасының турнирлерге оралуын қолдады.

Халықаралық шахмат федерациясын Ресей үкіметінің бұрынғы вице-премьер-министрі Аркадий Дворкович басқарады. Ресей Украинаға қарсы соғыс бастағаннан кейін америкалық Mother Jones журналына берген сұхбатында Дворкович "кез келген соғысты, соның ішінде бұл соғысты да" айыптап, "Украинаның бейбіт тұрғындары, соның ішінде өмірі қауіп-қатер астында қалған, соғыс кезінде шахмат ойнауға, тіпті ол жайлы ойлауға мұршасы жоқ көптеген ойыншылар ойынан шықпай жүргенін" айтқан. Ал Дворковичті сынайтындар ол шын мәнінде Кремльмен байланысын үзген жоқ дегенді алға тартады. Оның аты-жөні Еуроодақтың Ресейге қарсы салған санкцияларының 21-пакеті жобасында бар деген ақпарат болған.

Украина әскері Қырымның солтүстігі мен Херсон облысындағы көпірлерге тағы шабуыл жасады

11 маусымға қараған түні Украина күштері Херсон облысын Ресей аннексиялап алған Қырыммен жалғайтын және Қырымның өзіндегі көпірлерге тағы да шабуыл жасады.

Жергілікті пабликтер шабуылдардан екі көпір бүлінгенін хабарлады. Атап айтқанда, "Армянскіден Красноперекопскіге кіреберістегі көпір зақымданып, күшті жарық пайда болғанын" жазды "Крымский ветер" паблигі. Қырымның солтүстігіндегі Армянскінің өзіндегі көпірге де шабуыл жасалған деген хабар түсті. Түнде Қырым мен Севастопольге дрондар мен зымырандар шабуыл жасаған. Севастопольде, Бақшасарайда, Симферопольде және Армянскіде түні бойы жарылыстар естілген. Симферопольде шабуылдан кейін өрт шыққаны туралы хабар тарады, ал жарылыстан кейін Севастопольдің кейбір аудандарында жарық сөнген.

Оккупацияланған Херсон облысының Ресей тағайындаған басшысы Владимир Сальдо төрт көпірге: "Преображенка мен Мирне маңындағы Солтүстік Қырым каналы арқылы өтетін көпірлерге, Перекоп пен Армянск арасындағы автомобиль көпіріне және Ставки ауылы маңындағы көпірге" дрон шабуылы жасалғаны туралы хабарлады. "Алдын ала ақпарат бойынша, залал келтірілген", деп жазды Сальдо. Жол жабылған.

Украинаның қаруыл күштері кейінгі апталарда Қырымға баратын көлік жолдарына шабуылды үдеткен. Жақында Чонгара ауданындағы көпір бірнеше мәрте шабуылға ұшырап, көлік қозғалысы тоқтап қалды.

Логистика қиындығынан жанармай тапшылығы пайда болды. Севастопольдің Ресей тағайындаған басшысы Михаил Развожаев 11 маусым күні таңертең бензин тиелген жүк көліктері тағы да жете алмай қалғанын, сондықтан бейсенбіде жанармай болмайтынын жазды.

АҚШ пен Иран біріне-бірі шабуыл

жасады

АҚШ күштері 11 маусымға қараған түні Иранның әскери бақылау құралдарына, байланыс жүйелері мен әуе қорғанысы нысаналарына шабуыл жасады. Бұл шабуыл АҚШ президенті Дональд Трамп Тегеранның Вашингтонмен бейбіт келісім жасау мәселесін "тым ұзақ созғанын" айтып, енді соның "сазайын тартатынын" болады деп мәлімдегеннен кейін жасалған.

Трамп ол сөзін Иран күштері Ормуз бұғазында америкалық Apache тікұшағын атып түсірген соң екі тарап біріне-бірі шабуыл жасағаннан кейін Truth Social желісінде жазған еді.

Бұған қоса ол АҚШ әскері ақпан-сәуір айлары аралығындағы шабуылдар барысында Иран армиясына елеулі шығын келді деп мәлімдеп, Иранның "құр сөзден басқа ештеңе істемей отырғанын" сөкті.

Fox News телеарнасымен әңгімесінде Трамп АҚШ Иранды бомбалауды қайта бастауға, мысалы, электр станциялары мен көпірлерін нысанаға алуға жақын тұрғанын мәлімдеді. Оның сөзінше, Иран билігі келіссөзді созып, АҚШ-ты алдарқатқысы келеді.

Осының қарсаңында Трамп Иранмен бейбіт келісім өте жақын арада жасалады деп үміттеніп отырғанын мәлімдеген. АҚШ пен Иран арасында араағайындар көмегімен келіссөздер сәуір айынан бері жалғасып келеді. Анда-санда келіссөзге жақын қалды деп айтылғанымен, Тегеранның көпшілікке жасаған мәлімдемелері Иран сол бұрынғысынша, АҚШ-тың бірқатар маңызды талабына мойынсұнбай отыр деп топшылауға себеп болады.

Алматыда ҚазТАГ басшыларының ісі бойынша сот отырысы кейінге қалды

11 маусым, бейсенбі күні таңертең Алматының Алмалы аудандық сотында басталады деп бұған дейін жарияланған ҚазТАГ ақпарат агенттігі басшыларының ісі бойынша сот отырысы, екі адам келмей қалуына байланысты, 15 маусымға қалды.

Бұл істе ҚазТАГ бас редакторы Әмір Қасеновке "жалған ақпарат тарату" (274-бап) айыбы бойынша, ал агенттік директоры Әсет Матаевтың ісінде оған тағылған айыпқа 254-бап қосылған.

Бейсенбі күні таңертең Алмалы сотына келген Әсет Матаев журналистермен әңгімеде 274-бап ақпарат құралдары өкілдеріне күш көрсететін "ұртоқпаққа" айналды деп мәлімдеді.

"Сот Әмір екеуімізді ақтайды деп үміттенімін" деген Матаев тергеу орындары "Бұзақылық" ісі бойынша өзін әлі күнге дейін жәбірленуші ретінде танымағанын айтты.

"Мен Қазақстан тарихында бір мезетте 4 бап бойынша сотқа қатысып отырған алғашқы адаммын", деді ол.

Үйқамақта отырған Әмір Қасенов маусымның басында президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа видеомәлімдеме жасап, өз ісі бойынша ашық сот өтуін талап етіп, процесс жабық болған жағдайда аштық жариялайтынын айтқан еді.

2025 жылы желтоқсан айының басында ҚазТАГ директоры Әсет Матаев пен ҚазТАГ агенттігінің бас редакторы Әмір Қасенов "көрінеу жалған ақпарат таратты" деген күдікке ілінген. Биыл адвокат Рена Керимова Матаевқа қарсы "Көрінеу жалған ақпарат тарату" бабы (274-бап) бойынша қылмыстық іс тоқтатылған деп хабарлаған еді. 10 маусымда адвокат Азаттық тілшісіне Матаевтың үстінен қозғалған қылмыстық іс тоқтатылмағанын айтты.

Агенттіктің үстінен Freedom Finance компаниясы арыз түсірген. ҚазТАГ бұған дейін Freedom Finance компаниясындағы "алаяқтық схемалардан зардап шеккендер" жайлы деп бірнеше мақала мен видео жариялаған. Ал Freedom Finance жарияланған мақала мен видеолар шындыққа жанаспайды дейді. ҚазТАГ бұл істі өздеріне жасалған қысым деп санайды.

Ақтөбе облысында үш көлік соқтығысты: үш адам қаза болды, жеті адам жарақаттанды

Ақтөбе – Астрахань тасжолында үш көлік соқтығысып, үш адам қаза болды, жеті адам жарақаттанды.

Mgorod.kz сайтының жазуынша, жол апаты 9 маусымда сағат 15:20 шамасында Ақтөбе облысы Байғанин ауданы Қарауылкелді ауылының маңында болған.

Алдын ала мәліметке қарағанда, DAF жүк көлігі мен екі Toyota Camry көлігі соқтығысқан. Соққыдан кейін жеңіл көліктердің бірі өртенген.

Жол апатының салдарынан екі адам оқиға орнында қаза болды. 8 адам ауруханаға жеткізілген. Кейін науқастардың бірі ауруханада көз жұмды.

Зардап шеккендерге көмектесу үшін Ақтөбеден Байғанин ауданына санитарлық авиация бригадасы жіберілгені хабарланды.

Жол апатына байланысты қылмыстық іс қозғалған. Тергеу жүріп жатыр.

Қазақстанда жылына 35-40 мың жол апаты тіркеледі. Ресми ақпаратқа қарағанда, жол апатына көп жағдайда маневр жасау ережесін бұзу, жаяу жүргіншілер мен өзге көліктерге жол бермеу, жылдамдықты асыру себеп болады.

Жол апатының салдарынан жылына 10-15 мың адам жарақат алады, 2 мыңға жуық адам опат болады.

Путин елден кеткен ресейліктердің мүлкіне тыйым салуға рұқсат берді

Ресей президенті Владимир Путин “Ресейдің мүддесіне қарсы әрекет еткен” ресейліктердің мүлкіне тыйым салуға мүмкіндік беретін заңға қол қойды.Заң 1 қыркүйекте күшіне енеді.

Бастама шетелде жүрген ресейліктерді жауапқа тартатын Әкімшілік кодекстегі баптарды көбейте түседі.

“Ресейдің мүддесіне қарсы әрекет етуге” өзге жайттармен қатар “шетел агенті” атанғандардың заң талаптарын орындамауы, баспасөз еркіндігін асыра пайдалану, террористік немесе экстремистік әрекетке шақыру, Ресейдің тұтастығын бұзуға шақыру, санкцияға үндеу, Ресей әскерінің беделін түсіру кіреді.

Айыппұл төлегенге дейін мүлік тұтқында болады.

Құжатты Татарстанның мемлекеттік кеңесі 2024 жылдың қазанында енгізген, 2025 жылдың мамырында ол бірінші оқылымда қабылданды. Заң жобасы екінші оқылымда толықтырылды. Атап айтқанда, мигранттарды Ресейде қудалауға жол ашатын баптар енгізілді. Мамырдың соңында мемлекетті дума екінші және үшінші оқылымда қабылдаған.

10 маусымда кешке қарай брифинг өткізіп, шахматшы Бибісара Асаубаеваның президентке үндеуіне қатысты түсініктеме берді.

Оның алдында шахматтың блиц түрінен үш дүркін әлем чемпионы Бибісара Асаубаева Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жасап, спорт және туризм министрі Ербол Мырзабосынов «жалақысын үш есе қысқартып тастағанын» айтқан. Ол «шахматтағы жетістіктеріне қарамастан министрлік тарапынан көмек болмай отыр» деді.

“Мықты турнирлердің бірі Norway Chess-2026 аяқталды. Онда бірінші орынды иелендім. Осы маңызды турнирге арналған жаттығулар өзімнің жүлде қорым мен ата-анамның қаражаты есебінен төленді. Біз әлі күнге дейін сол турнирдің секунданттары мен аналитиктеріне ақы төлеген жоқпыз” деді үш жарым минуттық видеоүндеуінде Асаубаева.

Ол әлі күнге дейін өзіне берілген мемлекеттік орденді ала алмай отырғанын да жеткізген.

Сәрсенбі күнгі брифинг кезінде вице-министр Серік Жараспаев шахматшының жалақысын қысқарту бұл министрліктің шешімі емес екенін айтып, оны 2025 жылы күшіне енген заңмен байланыстырды. Оған сәйкес, шахмат – мемлекет басымдық берген салалардың қатарына кірмейді.

Жараспаевтың айтуынша, спортты қолдау қорынан Асаубаева барлығын қосқанда 242 млн теңге алған. 2024 жылы – 63 млн, 2025 жылы 79 млн, 2026 жылы – 100 млн. Вице-министрдің сөзінше, "бір спортшы үшін бұл жеткілікті қолдау".

Оның сөзінше, шахмат федерациясы және өзге де ұйымдар көрсеткен қолдауды есептегенде, былтыр Асаубаева 160 млн теңге көлемінде қаржылай қолдау алған, ал биыл – 210 млн теңге.

Вице-министр "спортшының тығыз кестесіне байланысты" мемлекеттік орденді әзірге Асаубаеваға бере алмағанын, Қазақстанға оралған кезде тапсырылатынын жеткізді.

Асаубаева – қазіргі министрлікті қаржы мәселесіне қатысты айыптаған екінші спортшы. Бұған дейін мәнерлеп сырғанаудан олимпиада чемпионы Михаил Шайдоров та «айлығын ала алмай жүргенін» айтып, мәлімдеме жасаған еді.

Трамп: Иран америкалық әскери тікұшақты атып түсірді

АҚШ президенті Дональд Трамп Иран Ормуз бұғазында патрульдік қызмет атқарған АҚШ әскеріне тиесілі Apache тікұшағын атып түсіргенін мәлімдеді. Вашингтон оған жауап беруге мәжбүр болды деді ол Truth Social желісінде.

Оның айтуынша, тікұшақтың екі ұшқышы зардап шекпеген. Ұшқыштар аман екенін Трамп 9 маусым таңертең мәлімдеген, алайда ол кезде тікұшақтың құлау себебін айпаған еді.

Иранның сыртқы істер министрі Аббас Аракчи 9 маусымда шетел әскерін Ормуз бұғазынан кетуге шақырды. Себебі, оның айтуынша, олар «өздерінің қателігінен немесе қақтығыс ошағында қалып қалатындықтан үнемі қауіп-қатерге ұшырайды». Ол бұл мәлімдемесін Трамптың сөзінен кейін жариялады.

Axios хабарлауынша, Америка әскері бұған жауап ретінде 9 маусымда Иранның бірнеше әуе қорғаныс жүйесі мен радарына соққы жасаған.

Бұған дейін АҚШ орталық қолбасшылығы (CENTCOM) аймақ суын күзету кезінде Оман жағалауында AH-64 Apache тікұшағы апатқа ұшырағаннан кейін екі экипаж мүшесінің құтқарылғанын хабарлаған. АҚШ әскері сарбаздар апаттан кейін шамамен екі сағаттан соң эвакуацияланғанын және олардың жағдайы тұрақты екенін мәлімдеді, бірақ оқиғаның себебі әлі тексеріліп жатқанын атап өтті.

9 маусымда Трамп Иранмен жасалып жатқан бейбітшілік келісімнің аяқталуына аз қалғанын айтқан. АҚШ президенті Дональд Трамп Израильдің премьер-министр Биньямин Нетаньяхуға Иранмен жағдайды ары қарай ушықтыратын болса, оның салдары болуы мүмкін екенін ескерткенін мәлімдеді. Дүйсенбіде Израиль мен Иран шабуылды тоқтататынын хабарлады. Дегенмен Израиль Иранның ескертулеріне қарамастан Ливандағы «Хезболлаға» қарсы операциясын жалғастырды.

– Қытай Астанаға жолдаған нота істің жазасына әсер етті деп ойлайсыз ба?

– Жазасына әсер етуі мүмкін емес, ол екі елдің арасындағы қарым-қатынасқа көлеңкесін түсіруі мүмкін. Қазір әлемдегі геосаяси жағдайдың қандай күрделі екенін білеміз.Біз мемлекеттің қауіпсіздігіне, тұрақтылығына, халықаралық қарым-қатынастарға зиян келтіретін қадамдарға барар кезде он ойланып, тоғыз толғануымыз керек, – депутат Жарқынбек Амантай Азаттыққа.

Апелляция соты "Атажұрт" белсенділері мен жақтастарына шыққан үкімді өзгертпеді

9 маусымда Алматы облыстық соты тіркелмеген "Атажұрт" ұйымының белсенділері мен олардың жақтастарының ісі бойынша аппеляциялық шағымды қарап, бірінші сатыдағы сот шығарған үкімді күшінде қалдырды. Шағым берген сотталушылар тарабы бұған қарсылық білдірді.

– Бірінші сатыдағы соттың заңсыз үкімін облыстық сот күшінде қалдырды, – деді сотталушы Нәзигүл Мақсұтхан сот шешіміне наразы екенін айтып.

– Біз әлі күресімізді жалғастырамыз. Жоғарғы орындардан, халықаралық ұйымдардан көмек сұраймыз. Біздің құқығымыз, отбасымыздың құқығы тапталып жатыр. Біз Қазақстанда өмір сүруден қалдық, – деді сотталушы Гүлнәр Шаймұрат.

Биыл 13 сәуірде Талдықорғанда жабық өткен сот процесінде судья "ұлтаралық араздық қоздырған" деген айып тағылған 19 адамды кінәлі деп танып, олардың 11-ін бес жыл мерзімге бас еркіндігінен айырып, қалған сотталушылардың еркіндігін 4 жыл 8 айдан 5 жылға дейінгі мерзімге шектеген еді.

Қамау жазасын алғандар арасында "Атажұрт" ұйымының жетекшісі Бекзат Мақсұтхан да бар. Ал белсенділер Гүлнәр Шаймұрат пен Гүлдария Шеризаттың (қазір Қытайда қамауда отырған Қазақстан азаматы Әлімнұр Тұрғанбайдың әйелі) кәмелетке толмаған балалары болғандықтан, судья олар жазасын кейін өтейді деп үкім еткен. Сейсенбі күні апелляция соты ол шешімді өзгертпеді.

2025 жылы қарашада Алматы облысы Ұйғыр ауданы Қалжат ауылы маңында "Атажұрт" белсенділері мен олардың жақтастары Қытайға қарсы наразылық акциясын өткізген. Олар Қытаймен визасыз режимді жоюды, Шыңжаңда "түзету лагеріне" қамалған қазақтарды босатуды, соның ішінде Қытайда қамауға алынған Қазақстан азаматы Әлімнұрт Тұрғанбайға бостандық беруді талап етіп, Пекиннің Шыңжаңда жүргізіп отырған саясатына наразылық ретінде Қытай туы мен Қытай коммунистік партиясының төрағасы Си Цзиньпиннің суретін өртеген.

Сол үшін кейін оларға қарсы әуелі әкімшілік іс қозғалып, кейін іс қылмыстық бапқа ауысып, сотқа жеткен. Белсенділердің туыстары бұған Қытайдың Қазақстанға жіберген наразылық нотасы себеп болды деп күдіктенеді. Осыған ұқсас уәжді "Атажұрт" белсенділеріне араша сұраған халықаралық ұйымдар да айтқан.

Пекин жүк көлігін айдайтын Әлімнұр Тұрғанбай Қытай азаматтығынан шықпаған деп санайды.

Қазақстандық және халықаралық құқық қорғау ұйымдары сот процесі кезінде де, үкім шыққаннан кейін де осы мәселені қозғап, істі тоқтатуға, үкімді жоюға үндеген. Олар ту және портрет өртеу сөз еркіндігі аясында қорғалатынын, акция кезінде ешкім жапа шекпегенін айтып, бұл істің артында Қытай тұруы мүмкін екенін мәлімдеген.

АҚШ Конгресі мен президент әкімшілігінің Қытай жөніндегі комиссиясы Қазақстандағы "Атажұрт" ұйымы белсенділерінің ісін ақпандағы және мамырдағы айлық есебінде атап өткен.

Қазақстан парламенті мәжілісінің заңнама және сот-құқықтық реформа жөніндегі комитетінің мүшесі депутат Жарқынбек Амантай әркім өз призмасы, өз көзқарасы тұрғысынан пікір айтады, ал мемлекеттің өз мүддесі бар деген ой айтты Азаттық сұрағына берген жауабында.

– Біздің мемлекеттің заңы бар және мемлекеттің мүддесі бар. Сондықтан біздің елдің ішінде болып жатқан кез келген өзгеріске, халықаралық ұйым екен деп, олардың пікірі өлшем баға деп қарауға келмейді. Елімізде де адам құқықтарына байланысты үлкен ұйымдар бар, белсенділер бар, сондықтан азаматтардың құқықтарының жан-жақты сақталуына, өзін өзі қорғауына жан-жақты мүмкіндіктер қарастырылған.

– Бұл іс араздық қоздыру бабымен қозғалғаны белгілі. Қытай басшысының портреті мен туын өртеуді араздық қоздыру деп ойлайсыз ба?

– Елімізде ұлттық немесе нәсілдік, діни наным-сенімге қатысты қылмыстар, құқық бұзушылықтар қатаң жолы кесілетінін білесіз, бұған жол берілмейді.

– Ауыр жаза емес пе сіздіңше?

– Сот шешіміне баға бере алмаймын. Біз, қоғам ауыр немесе жеңіл болды деп айта беруіміз мүмкін, бірақ негізгі істің астарындағы дүниені құқық қорғау органдары, тергеушілер көріп отыр.

Қоғамда дау тудырған Almaty SuperSki жобасы қажет рұқсаттың бәрін алды

Қазақстанның туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов 9 маусымда үкіметтік брифингте Almaty SuperSki жобасы экологиялық бағалаудан, ғылыми талдаудан және қоғамдық тыңдаулардан өтті деп мәлімдеді. Жобаны әзірлеушілер оның қоршаған ортаға, топыраққа, су ресурстарына, флора мен фаунаға, сондай-ақ халық денсаулығына әсерін де зерттеген.

Құрылыс жобасын дайындаған Kazakh Tourism Development компаниясының бас директоры Ержан Еркінбаев Көкжайлау шатқалындағы коммерциялық құрылыстарды жеке инвесторлар қаржыландыратынын мәлімдеді. Қазір ол жалғыз акционері Қазақстан үкіметі болып отырған "Бәйтерек" инвестициялық холдинг компаниясының қаражатына жасалып жатыр.

– Қонақ үйлерді, орналасатын жерлерді, туристік және коммерциялық инфрақұрылымды бюджет есебінен салу дұрыс емес, – деді ол. – Бірақ сумен қамтамасыз ету жүйелері, аспалы жолдар мен шаңғы жолы кез келген елде мемлекет есебінен салынатын инфрақұрылымдық жобаға жатады.

Kazakh Tourism Development компаниясының есебі бойынша, тау шаңғысы курорты жыл сайын шамамен бір миллион шетелдік турист қабылдай алады және өз шығындарын "өте тез" ақтап алады.

Көкжайлау шатқалындағы курорт салу жобасы бойынша пікірталас 2018 жылы басталған. Тәуелсіз экологтар мен белсенділер аспалы жолдар, қонақ үйлер және түрлі туристік инфрақұрылымдар салуды көздеген Алматы тау кластерін дамыту жоспарына қарсы болды. Олар мұндай өрескел араласу экологиялық жүйелерді тоздырып, флора мен фаунаның жойылуына және Қазақстанның ең ірі қаласы мен айналасындағы таулардағы жалпы экологиялық жағдайдың нашарлауына апарып соғады деп қауіптенеді.

2019 жылы президент Қасым-Жомарт Тоқаев танымал экологтардың пікірлеріне сүйеніп, құрылыс жүргізуге жария түрде тыйым салды. Бірақ, арада жеті жыл өткенде ол қарамағындағы шенеуніктерге Алматы мен Алматы облысында шаңғы туризмі инфрақұрылымын дамытуды тапсырды.

Биыл 26 мамырда Алматыда Көкжайлау тау шаңғысы курорты жобасы бойынша қоғамдық тыңдау ұйымдастырылды. Құрылысқа қарсылар жиында сұрақ қоя алмағанын айтып шағынды. Белсенді Абай Ерекеновті қоғамдық талқылау өтіп жатқан Оқушылар сарайы залынан мәжбүрлеп шығарып, Медеу аудандық полиция бөліміне апарған. Сол күні кешке әкімшілік сот оған "қоғамдық тәртіпті бұзғаны" үшін айыппұл салды.

Қазақстанда әйелге қарсы құқық бұзған 41 мыңнан астам адамға әкімшілік жаза қолданылған

Жыл басынан бері Қазақстанда әйелге қатысты құқық бұзған 41 мыңнан астам адам жауапқа тартылған. Мұндай деректі сейсенбі күні мәжілісте өткен жиында Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов келтірді деп жазды ҚазТАГ.

"Қазір әйелдерге қатысты құқық бұзудың алдын алу және ондай әрекеттердің жолын кесу жұмыстары күшейтілді. 41 мыңнан астам құқық бұзушы әкімшілік жауапқа тартылды. 11 мыңнан астамы әкімшілік қамауға алынды. 35 мыңнан аса қорғау ұйғарымы берілді", деген Әділов.

ІІМ ақпараты бойынша, сот ожар қылық көрсеткен 9,2 мың кісіге ерекше талаптар белгілеп, соның ішінде 8,3 адамға алкоголь ішуге тыйым салған.

"Белгіленген шектеулерді бұзғаны үшін 10 мыңнан астам адам жауапқа тартылды. Сот шешімімен олардың бәріне психокоррекциялық бағдарламадан өту міндеттелді. Құқық бұзудың алдын алу туралы жаңа заң аясында 1928 адамға ресми ескерту жасалды, деп хабарлады министрдің орынбасары.

Бұған қоса ол 49 құқық бұзушыға жәбірленушіге жақын баруға тыйым салынғанын айтты.