Алматыда Гүлнар Бажкенованың соты басталады
Алматыда Orda.kz сайтының бұрынғы бас редакторы Гүлнар Бажкеноваға қарсы қозғалған қылмыстық іс бойынша сот басталады. Бұл жөнінде “РЕСПУБЛИКА.kz.media” хабарлады.
Алғашқы сот отырысы 26 маусымда Алматының №2 Бостандық аудандық сотында өтеді. Процесс онлайн форматта өтеді. Бажкенованы мемлекеттік адвокат қорғамақ.
Былтыр жыл соңында Гүлнар Бажкенова "көпе-көрнеу жалған ақпарат тарату" бабымен күдікке ілініп, үйқамаққа алынған еді.
Бұған дейін Orda.kz басылымына халықаралық ұйымдар араша түскен. "Журналистерді қорғау комитеті" Қазақстан билігін сайттың бас редакторы Гүлнәр Бажкеноваға тағылған айыпты алып тастап, басылымның еркін жұмыс істеуіне жағдай жасауға шақырған. Астана бұл мәлімдемеге келіспей, "бұл үндеу нақты жағдайды толық білмеуден туындағаны анық" деген.