Архив доступен 13 180 сообщений С 2017 года

Лента канала хранится отдельно от общего реестра и подгружается страницами, чтобы аналитик мог читать архив без тяжёлого общего поиска поверх сообщений.

Құттықтаймыз!

Мемлекеттік қызметшілер арасында өткен Маңғыстау облыстық спартакиадасында қазақ күресі спорт түрінен 82 кг салмақ дәрежесінде аудан әкімінің орынбасары Салиев Жандос Айтбайұлы І орынға ие болды.

Облыстық спартакиаданың қорытындысы бойынша жеңімпаз атанып, Ақмола облысы Көкшетау қаласында өтетін мемлекеттік қызметшілер арасындағы республикалық спартакиадаға жолдама алды.

Салиев Жандос Айтбайұлын айтулы жетістігімен құттықтап, алдағы республикалық жарыста жеңісті нәтижелер тілейміз!

Жетібай ауылында тәулігіне 6,5 мың текше метр су өндіретін су тұщыту станциясы іске қосылды

Жетібай ауылында тәулігіне 6,5 мың текше метр су өндіретін су тұщыту станциясы іске қосылды

13 маусым күні Қарақия ауданының Жетібай ауылында Еділ суын тазарту өндірістік станциясының күрделі жөндеуден кейінгі ашылу салтанаты өтті. Іс-шараға Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Еділ Жаңбыршин мен Самат Мусабаев, ауыл ақсақалдары мен тұрғындар қатысты.

Жоба Мемлекет басшысының халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында жүзеге асырылды.

Күрделі жөндеу және жаңғырту жұмыстарының нәтижесінде Жетібай және Мұнайшы ауылдарының 20 мыңнан астам тұрғыны мен 15 өндірістік кәсіпорын үздіксіз ауыз сумен қамтамасыз етілді. Станцияның тәуліктік қуаты 6,5 мың текше метрді құрайды.

Кәсіпорын заманауи технологиялармен жабдықталған. Атап айтқанда, су тазарту және зарарсыздандырудың көпсатылы жүйесі енгізіліп, дискіні сүзу блогы, жұқа қабатты тұндырғыштар, натрий гипохлориті мен коагулянттарды мөлшерлеу жүйелері, мультимедиялық сүзгілер орнатылды. Сонымен қатар ұзындығы 2 шақырым су құбыры тартылып, сағатына 260-300 текше метр су айдайтын жаңа модульдік сорғы станциялары іске қосылды. Зауыт тәулігіне 6,5 мың текше метр су тұщытады.

Жобаның негізгі мақсаты – Жетібай және Мұнайшы ауылдарының тұрғындарын, сондай-ақ өндірістік кәсіпорындарды сапалы ауыз сумен тұрақты қамтамасыз ету.

Салтанатты шара барысында облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай нысанның халықтың өмір сүру сапасын арттырудағы маңызын атап өтті.

– Бұған дейін жаз мезгілінде ауыл тұрғындарына су кесте бойынша берілетін. Бүгін іске қосылған зауыттың маңызы зор, себебі оның арқасында тәуліктік су өндіру көлемі айтарлықтай артты. Нәтижесінде өңірдегі су беру кестелері толықтай алынып тасталды. Бұл – Мемлекет басшысының халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасының нақты орындалуы. Осы маңызды жобаның жүзеге асуына үлес қосқан барша азаматтарға шынайы алғысымды білдіремін, – деді Нұрдәулет Қилыбай.

Шара барысында қатысушылар жаңғыртылған станцияның жұмысымен танысып, іске қосу рәсіміне куә болды. Мамандардың айтуынша, жаңа технологиялар суды халықаралық талаптарға сай тазартуға және тұрғындарға қауіпсіз ауыз су жеткізуге мүмкіндік береді.

Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі

Облыс әкімдігінде «Таза Қазақстан» бастамасы мен тарихи-мәдени мұраларды сақтау мәселелері қаралды

Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың төрағалығымен өткен аппараттық жиында Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» бастамасын іске асыру барысы және аймақтағы тарихи-мәдени ескерткіштерді сақтау мәселелері қаралды.

Жиында өңірде экологиялық бағытта атқарылып жатқан жұмыстар бойынша Маңғыстау облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Әсел Аманбекқызы баяндама жасады. Мәліметке сәйкес биыл «Таза Қазақстан» акциясы аясындағы іс-шараларға 60 мыңнан астам адам қатысып, 21 мыңнан астам ағаш отырғызылды, 6 мың тоннадан астам қалдық шығарылды. Сонымен қатар сенбіліктер, экологиялық фестивальдер мен өңіраралық форум ұйымдастырылып, экологиялық мәдениетті арттыруға бағытталған 85 іс-шара жоспары бекітілді.

Экологиялық цифрландыру шеңберінде TazaQazBot жүйесі арқылы өтінімдер қабылданып, олардың басым бөлігі орындалғаны айтылды. Сонымен бірге заңсыз қоқыс орындарын жою және табиғи аумақтарды қорғау жұмыстары жалғасуда.

Жиында экология саласындағы жұмыстар да қаралды. Экология департаментінің мәліметінше, «Таза Қазақстан» тұжырымдамасын іске асыру аясында өңірде ластаушы заттар шығарындылары біртіндеп азайып келеді: I санаттағы кәсіпорындар бойынша көрсеткіш 147,9 мың тоннадан 100,4 мың тоннаға дейін төмендеген. Сондай-ақ ғарыштық мониторинг нәтижесінде анықталған рұқсатсыз қоқыс орындарын жою деңгейі 96%-ға жетіп, заңсыз қалдық төгу фактілерін азайту бағытында жүйелі жұмыс жүргізілуде.

Күн тәртібінде сондай-ақ тарихи-мәдени мұраларды сақтау мәселесі қаралды. Бұл бағытта Маңғыстау облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Нұртас Сали баяндама жасады. Облыста 601 ескерткіш мемлекеттік қорғауда, 833 нысан алдын ала есепке алынған. Кейінгі жылдары жаңа ескерткіштер анықталып, тізім толықтырылуда.

Ескерткіштерді қорғау бағытында қорғау аймақтары бекітіліп, бірқатар нысандарға қоршау мен қорғау тақталары орнатылған. Биыл 5 ескерткішке ғылыми-реставрациялау жұмыстары басталып, тамыз айында аяқтау жоспарлануда.

Сонымен қатар археологиялық зерттеулер мен қазба жұмыстары жалғасып, ЮНЕСКО тізіміне енгізу бағытында да жұмыстар жүргізілуде. Жиында ескерткіштерді күзету мен бақылауды күшейту, қараушылар санын арттыру қажеттілігі де айтылды.

Жиын қорытындысында облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай жауапты басқармаларға «Таза Қазақстан» бастамасы аясындағы жұмыстарды жүйелі жалғастыруды, экологиялық бақылауды күшейтуді және тарихи-мәдени мұраны сақтау шараларын күшейтуді тапсырды.

Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі

Маңғыстауда 2026-2027 жылдардағы жылыту маусымына дайындық барысы қаралды

Бүгін, 11 маусым күні облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың төрағалығымен аппараттық жиналыс өтті. Жиында 2026-2027 жылдардағы жылыту маусымына дайындық барысы мен «109» бірыңғай байланыс орталығының қызметі қаралды.

Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Бердібек Қартбаевтың мәліметінше, 2025-2026 жылғы жылыту маусымы тұрақты өтіп, өңір тұрғындары мен әлеуметтік нысандар жылумен үздіксіз қамтамасыз етілген. Маусымға дайындық аясында жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жылу, электр және газ желілерінде ауқымды жаңғырту жұмыстары атқарылған.

Ал 2026-2027 жылғы жылыту маусымына дайындыққа өткен жылмен салыстырғанда 54%-ға артық қаражат бөлініп отыр. Оның есебінен Ақтау, Жаңаөзен қалалары мен бірқатар аудандарда жылу, электр және су желілерін жаңарту көзделген. Сонымен қатар инвестициялық жобалар аясында электр қосалқы станцияларын салу және жаңғырту жұмыстары да іске асырылады.

Облыс әкімі жауапты сала басшыларына жылыту маусымына дайындық жұмыстарын қатаң бақылауда ұстауды, барлық жобаларды белгіленген мерзімде сапалы аяқтауды тапсырды.

– Біз қаншама құбырды жөндеп, инфрақұрылымды жаңартқанымызбен, егер жылу тұрғын үйлерге толық жетпейтін болса, мұның тиімділігі болмайды. Сондықтан қазірден бастап ақаулардың алдын алуды күшейтіп, барлық жұмысты жүйелі түрде ұйымдастырып, туындайтын мәселелерді дер кезінде шешуді тапсырамын, – деді облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай.

Жиында «109» бірыңғай байланыс орталығының атқарған қызметі туралы баяндалды. Орталық тұрғындар мен мемлекеттік органдар арасындағы кері байланысты қамтамасыз етіп, коммуналдық, әлеуметтік және инфрақұрылымдық мәселелер бойынша тәулік бойы өтінім қабылдайды.

Мәліметке сәйкес, 2025 жылы 43 мыңнан астам өтінім тіркелсе, 2026 жылдың басынан бері 16,7 мың өтінім түскен. Өтінімдердің басым бөлігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласына тиесілі.

Бұл ретте облыс әкімі жауапты мекемелерге өтінімдерді орындау сапасын арттыру және тұрғындармен кері байланысты күшейту жөнінде нақты тапсырмалар берді.

Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі

Маңғыстауда сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәселелері қаралды

11 маусым күні облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың төрағалығымен Маңғыстау облысы әкімдігінің жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссияның II тоқсан отырысы өтті.

Жиында Маңғыстау облысының жер қатынастары саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг нәтижелері және №4 «Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оған қарсы іс-қимыл» үлгілік базалық бағытын іске асыру бойынша атқарылған жұмыстар қаралды.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Жасұлан Маршакұлы жер қатынастары саласында жүргізілген мониторинг қорытындыларын таныстырып, мемлекеттік қызмет көрсетуден негізсіз бас тарту, жер учаскелерін беру кезіндегі рәсімдердің сақталмауы және ақпараттың ашықтығын қамтамасыз етуге қатысты бірқатар тәуекелдер анықталғанын айтты.

Ал облыс әкімдігі аппаратының құқық қорғау органдарымен жұмыс бөлімінің басшысы Ақылбек Закариннің мәліметінше өткен жылы мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор субъектілерінде 35 сыбайлас жемқорлық тәуекелі анықталып, оның 7-еуі жойылған. Ал 2026 жылы бұл бағыттағы жұмыстар 24 жоба шеңберінде жалғасуда.

Отырыс барысында Нұрдәулет Қилыбай сыбайлас жемқорлықпен күрес мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екенін атап өтті.

– Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жұмыстары тұрақты әрі жүйелі жүргізілуге тиіс. Әрбір мемлекеттік орган заң талаптарының сақталуын қамтамасыз етіп, анықталған кемшіліктерді жою бойынша нақты шаралар қабылдауы қажет. Бұл бағыттағы жұмыстар қатаң бақылауда болады, – деді облыс әкімі.

Жиын қорытындысы бойынша мүдделі мемлекеттік органдарға берілген ұсынымдардың орындалуын қамтамасыз ету, заң бұзушылықтардың алдын алу бойынша бақылауды күшейту және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетуге бағытталған жұмыстарды жалғастыру тапсырылды.

Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі

Нұрдәулет Қилыбай БҰҰ-ның Қазақстандағы Тұрақты үйлестірушісімен кездесті

Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай Біріккен Ұлттар Ұйымының Қазақстан Республикасындағы Тұрақты үйлестірушісі Саранго Раднарагчамен кездесті.

Кездесу барысында тараптар БҰҰ-ның Маңғыстау облысындағы жобалары мен бастамаларын, өңірдің басым даму бағыттарын және өзара ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктерін талқылады.

Нұрдәулет Қилыбай Маңғыстау облысының әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері мен көлік-логистикалық мүмкіндіктеріне тоқталып, өңірдің стратегиялық маңызын атап өтті.

– Маңғыстау – еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосып отырған стратегиялық маңызы жоғары өңір. Облыс мұнай-газ өндірісі, өңдеу өнеркәсібі, көлік және логистика, туризм, агроөнеркәсіптік кешен мен жаңартылатын энергия көздері бағытында қарқынды дамып келеді. Сонымен қатар Ақтау және Құрық теңіз порттарының әлеуеті Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамытуда маңызды рөл атқарады. Біз халықаралық ұйымдармен тиімді әріптестікті нығайтуға және өңірдің тұрақты дамуына бағытталған бастамаларды қолдауға әрқашан дайынбыз, – деді облыс әкімі.

Кездесуде БҰҰ агенттіктерінің Маңғыстау облысында жүзеге асырып жатқан жобаларына ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, Каспий теңізінің экожүйесін қорғау, биоалуантүрлілікті сақтау, теңіз қалдықтары мен пластик ластануын азайту, көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту, жастардың көшбасшылық қабілетін арттыру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қолдау бағытындағы бағдарламалар сөз болды.

Өз кезегінде Саранго Раднарагча Маңғыстау облысының Каспий өңіріндегі стратегиялық маңызын атап өтіп, экология, жастар саясаты, әлеуметтік даму және тұрақты экономикалық өсім бағыттарындағы бірлескен жобаларды одан әрі дамытуға дайын екенін жеткізді.

Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі

Мемлекет басшысы «Ауқымды цифрландырудың және жасанды интеллект технологияларын жаппай ендірудің 2029 жылға дейінгі «Digital Qazaqstan» жалпыұлттық стратегиясын бекіту туралы» Жарлыққа қол қойды

Жарлықтың мәтіні баспасөзде жарияланады.

Главой государства подписан Указ «Об утверждении Общенациональной стратегии масштабной цифровизации и тотального внедрения технологий искусственного интеллекта «Digital Qazaqstan» до 2029 года»

Текст Указа публикуется в печати.

t.me/aqorda_resmi

Биыл өңірге 500 мыңға жуық турист келеді деп күтілуде

Мемлекет басшысының тапсырмаларын жүзеге асыру мақсатында 2025–2029 жылдарға арналған «Маңғыстау» туристік аймағын дамытудың кешенді жоспары бекітілді. Бұл туралы Үкімет отырысында өңір әкімі Нұрдәулет Қилыбай мәлімдеді.

Оның айтуынша 2025 жылы аймаққа 450 мыңға жуық турист келіп, көрсетілген қызметтердің көлемі 20 млрд теңгеден асып, өсім 11% болған. Бүгінде облыста ішкі туризммен айналысатын 22 тіркелген туроператор бар, олар 248 туристік маршрутты қалыптастырған.

«2026 жылы халықтың жаппай демалу орындарын абаттандыру аясында 2 жоба жүзеге асырылуда: Ақтау қаласындағы «Солдатский» коммуналдық жағажайы — 874 млн теңге және Ақтау қаласындағы жалпы ұзындығы 4 шақырым болатын жағалауды абаттандыру жобасы — 14 млрд теңге. Аталған жобалар жағажай мен жағалау инфрақұрылымын жақсартып, тұрғындар мен туристер үшін қолайлы әрі қауіпсіз демалыс кеңістігін қалыптастырады»

— деп атап өтті Нұрдәулет Қилыбай.

Кендірлі курорттық аймағын дамытуға ерекше назар аударылған. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2025 жылы басталған жаңа әуежай құрылысы жүргізілуде. Қазіргі таңда нысанның жалпы дайындық деңгейі 35%-ды құрайды.

Әлемдік деңгейдегі танымал трэвел-блогерлер Маңғыстауда

Маңғыстаулықтар әлемдік деңгейдегі танымал трэвел-блогерлерге қонақжайлылық көрсетті

Әлеуметтік желілерде миллиондаған аудиториясы бар халықаралық мега-инфлюенсерлер Джошуа Платильеро (@megaamerican), Юсеф Хаттаб (@joe_hattab) және отандық трэвэл-блогер, халықаралық сыйлықтың иегері Дастан Мұхамедрахим (@bydastann) Қазақстанның інжу-маржаны - киелі Маңғыстау өңіріне ат басын бұрды. Әлемдік деңгейдегі тревел-блогерлерді Маңғыстау жұрты құшақ жая қарсы алып, иықтарына қазақы дәстүрмен шапан жапты, деп хабарлайды Қоғамдық коммуникация орталығы.

Бірнеше күннен бері әлемдік деңгейдегі медиа өкілдері Маңғыстаудың ерекше ландшафты мен сиқырлы табиғатын өз аудиториясына паш етуде. Олар әлеуметтік желідегі парақшаларында фото-видео материалдар жариялап, «Мұндай ғажайып табиғатты бұған дейін қалай жасырып жүргенсіздер?»,«Бозжыраның әдемілігін айтып тауыса алмай жатырмыз» деп таңданыстары мен шынайы эмоцияларын білдірді.

Маңғыстауға арнайы сапармен келген қазақстандық видеограф әрі саяхатшы Дастан Мұхамедрахим жуырда беделді халықаралық WIBA Awards 2026 сыйлығы аясында «Әлемнің үздік travel-блогері» атағына ие болған еді. Ол өзінің ерекше әрі шабыттандыратын саяхат контентімен кеңінен танымал.

Ал Instagram желісінде 8 миллионнан астам оқырманы бар танымал тревел-инфлюенсер Джошуа Платильеро - әлемнің түкпір-түкпірінен қызықты саяхат бағыттарын насихаттап жүрген үздік контент жасаушылардың бірі.

Қонақтардың қатарындағы тағы бір танымал тұлға - әлеуметтік желілердегі жалпы аудиториясы 25 миллионнан асатын YouTube-блогер әрі режиссер-документалист Юсеф Хаттаб. Ол әлемнің әртүрлі елдері туралы атмосфералық саяхат фильмдерін түсіріп, миллиондаған көрерменнің ықыласына бөленген.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әкімшілік әділет және оның құқық үстемдігін қамтамасыз ету ісіндегі рөлі» халықаралық форумында сөйлеген сөзінен

Мемлекет басшысы 2026 жылдың 15 наурызында қабылданған Конституцияның ережелерін жүзеге асыру мақсатында конституциялық заңдарға қол қойды

1. «Қазақстан Республикасының Президенті туралы» конституциялық заңы

Заң Қазақстан Республикасы Президентінің құқықтық мәртебесін, өкілеттіктерін және қызметін, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Вице-Президентінің құқықтық мәртебесін қамтамасыз ету тәртібін айқындайды.

Заңның басты жаңалығы – Вице-Президент институтының құрылуы. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Вице-Президент мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл барысында оның мүдделерін білдіреді және Президент айқындаған міндеттерді орындайды.

2. «Қазақстан Республикасының Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесі туралы» конституциялық заңы

Конституциялық заң Құрылтайды ұйымдастыру мен оның қызметін, заң шығару процесін және Құрылтайдың өкілеттіктерін жүзеге асырудың өзге де нысандарын, оның депутаттарының құқықтық мәртебесін белгілейді.

Құрылтай – заң шығарушы билікті жүзеге асыратын ең жоғары өкілді орган.

Құрылтай партиялық тізім бойынша сайланған 145 депутаттан тұрады. Құрылтай депутатының өкілеттілік мерзімі – 5 жыл.

Органды мемлекеттік тілді жетік меңгерген депутаттар арасынан жасырын дауыс беру арқылы көпшілік дауыспен сайланатын Төраға басқарады.

Заңда Құрылтай өкілеттіктерінің кең ауқымы, соның ішінде Вице-Президентті, Премьер-Министрді, Конституциялық Сот судьяларын, Орталық сайлау комиссиясының, Жоғары аудиторлық палатаның мүшелерін тағайындауға келісім беру, Қазақстан Республикасы Президентінің ұсынуы бойынша Жоғарғы Соттың судьяларын сайлау және қызметтен босату, Конституциялық Соттың, Жоғарғы Соттың судьяларын қолсұғылмаушылық құқынан айыру, Президент сайлауын тағайындау, Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның республикалық бюджеттің орындалуы туралы есептерін бекіту айқындалады.

t.me/aqorda_resmi

3. «Қазақстан Халық Кеңесі туралы» конституциялық заңы

Конституциялық заң Қазақстан Халық Кеңесінің құқықтық мәртебесін, өкілеттігін, құрылу тәртібін, құрамын қалыптастыруды және қызметін ұйымдастыруды белгілейді.

Қазақстан Халық Кеңесі жоғары консультативтік орган саналады. Жалпыхалықтық диалогты және азаматтық қоғамның елдегі ішкі саясатты қалыптастыруға қатысуын қамтамасыз ету мақсатында құрылады. Кең ауқымдағы өкілеттікке, соның ішінде заңнамалық бастама көтеруге және жалпыхалықтық референдум өткізуді ұсынуға құқығы бар.

Қазақстан Халық Кеңесі Қазақстан Республикасының азаматтарынан құралады.

Кеңес құрамында тепе-теңдік қағидаты негізінде этномәдени және қоғамдық бірлестіктердің, сондай-ақ астананың, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың мәслихаттары мен қоғамдық кеңестерінің атынан 42 адамнан өкілдік етеді, оны Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді.

Халық Кеңесіне Төраға басшылық жасайды. Халық Кеңесінің өкілеттік мерзімі – төрт жыл.

4. «Қазақстан Республикасы астанасының мәртебесі туралы» конституциялық заңы

Конституциялық заң астананың жұмыс істеуі саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейді және оның қызметінің құқықтық, экономикалық және ұйымдық негіздерін айқындайды.

Құжатта мәслихаттың, жергілікті өзін өзі басқару органының және қала әкімі жетекшілік ететін жергілікті атқарушы органның өкілеттіктері нақты белгіленген.

Заң шаһардың бірыңғай сәулеттік келбеті мен дизайн кодына қойылатын міндетті талаптарды айқындайды, сондай-ақ елорда тіршілігін қамтамасыз ету және инфрақұрылымды дамыту жөніндегі ведомстволық бағынысты ұйымдардың өкілеттіктерін бекітеді.

5. «Әкімшілік-аумақтық құрылыс туралы» конституциялық заң

Конституциялық заң әкімшілік-аумақтық бірліктерді құру және тарату, олардың шекараларын белгілеу және өзгерту, әкімшілік-аумақтық бірліктерді есепке алу және тіркеу, атаулар беру мен атауларды өзгерту тәртібін айқындайды.

Әкімшілік-аумақтық құрылымдағы қоғамдық қатынастарды мемлекеттік реттеудің мақсаты – тиімді мемлекеттік басқару үшін Қазақстан Республикасының ұтымды аумақтық ұйымдастырылуын қамтамасыз ету.

t.me/aqorda_resmi

Мемлекеттік рәміздерді қорлағандарға 300 АЕК-ке дейін айыппұл салынады

Мемлекеттік рәміздерді қорлағандарға жаза қатал. Қазақстанның Қылмыстық кодексінің 372-бабында мемлекеттік рәміздерді қорлау үшін жауапкершілік қарастырылған. Бұл бап бойынша кінәлі деп танылғандарға 300 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салынады. Сондай-ақ, тәртіп бұзушы 900 сағаттан астам қоғамдық жұмыстарға тартылуы мүмкін. Тіпті, екі жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексте де жаза көзделген. Айталық, мемлекеттік рәміздерді пайдалану тәртібін бұзғаны үшін 50 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады. Егер мұндай құқықбұзушылық бір жыл ішінде қайталанса, айыппұл көлемі 100 айлық есептік көрсеткішке дейін өседі.

Сотталғандар тәртіп бұзбаса, жазасы жеңілдеуі мүмкін

Енді сотталған адам бір жыл бойы тәртіп бұзбаса, жазасы жеңілдеуі мүмкін. Нақтырақ айтқанда, өтелмеген жаза мерзімі сот шешімімен бір айға қысқарады. Бірақ бұл ереже түрмедегілердің бәріне бірдей қолданылмайды.

Сенат Қылмыстық, Әкімшілік және Іс жүргізу кодекстеріне енгізілген түзетулерді мақұлдады. Құжатта қауіпсіздігі орташа және жоғары мекемелердегі әйелдердің туыстарымен, балаларымен кездесу мүмкіндігі артады. Кәмелетке толмаған баласы бар аналар мен жалғызбасты әкелер үшін балаларымен телефон арқылы сөйлесу мүмкіндігі берілмек.

Қауіпсіздігі төмен мекемелерде жазасын өтеп жатқандар балаларымен кездесу үшін жылына екі рет түрме аумағынан тыс жерге қысқа мерзімге шығуға рұқсат беріледі.

Тағы бір маңызды өзгеріс - түрмедегі жүкті әйелдер енді колония ішінде емес, кәдімгі қалалық немесе аудандық перзентханада босана алады. Баланың туу туралы куәлігінде оның түрмеде туғаны туралы ешқандай ақпарат жазылмайды.

Мемлекет басшысы Қазақстан Ұлттық банкінің есебін қабылдады

Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық банктің 2025 жылғы жұмыс қорытындысы мен 2026 жылға арналған жоспары туралы есепті тыңдады.

Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов ақша-несие саясатында қол жеткізген нәтижелер, қаржы секторы, алтын-валюта резерві, Ұлттық қор мен БЖЗҚ зейнетақы активтерінің жағдайы, сондай-ақ қаржы жүйесінің цифрлық трансформациялануы жөнінде мәлімет берді.

Инфляция деңгейі 2024 жылы 12,3%-ға дейін төмендеп, 2025 жылғы мамырда 10,4%-ды құрады.

Ұлттық банктің алтын-валюта резервтері 65,4 млрд долларға жетті. Ұлттық қордың валюталық активтері 63,9 млрд долларды, БЖЗҚ активтері 25,1 трлн теңгені құрады.

2025 жылы цифрлық активтерге арналған арнайы құқықтық режим қолданысқа еніп, оның базасында нақты активтерді токендеу, ақшаға байланған стейблкоиндер шығару, криптопровайдер мен крипто-фиат арналарын ұйымдастыру сияқты 30-дан астам пилоттық жоба жүзеге асырылды.

Қазақстан өңірдегі алғашқы Ұлттық цифрлық қаржы инфрақұрылымын іске қосты.

Мемлекет басшысы Бейбітшілік кеңесінің Аға кеңесшісі Арье Лайтстоунды қабылдады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Бейбітшілік кеңесіне қатысуының маңызын атап өтіп, ұйым аясында нәтижелі ынтымақтастық орнатуға бейіл екенін жеткізді.

– Біз Бейбітшілік кеңесінің негізін қалаушылардың бірі ретінде аталған институттың жаһандық қауіпсіздік пен диалогты нығайтуға тиімді ықпал ететініне сенімдіміз, – деді Мемлекет басшысы.

Кездесуде Газа секторындағы ахуалды тұрақтандыруға үлес қосуды көздейтін Қазақстан бастамалары талқыланды. Бұл әлеуметтік инфрақұрылымды қалпына келтіру, білім беру және денсаулық сақтау жобаларын жүзеге асыру, азық-түлік қауіпсіздігін қолдау бағыттарын қамтиды.

Биыл мүгедектігі бар жандардың жәрдемақысы 10 пайызға көбейді

Соңғы жылдары елімізде мемлекеттік қызметтерді алу рәсімдері айтарлықтай жеңілдетілді.

2022 жылдан бері медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімшелеріне бармай-ақ қажетті рәсімдерден өтуге мүмкіндік беретін мүгедектікті тағайындаудың сырттай проактивті форматы енгізілді.

Бүгінгі таңда куәландырудың 45%-дан астамы онлайн-форматта жүргізіледі.

2026 жылдан бастап мүгедектігі бойынша берілетін мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшері 10%-ға артты.

Төлем мөлшері

I топтағы мүгедектігі бар адамдар үшін – 200 мың теңгеге дейін

II топтағы мүгедектігі бар адамдар үшін – 154 мың теңгеге дейін

III топтағы мүгедектігі бар адамдар үшін – 117 мың теңгеге дейін.

Қазақстанда нәресте өлімі 7,5 есеге төмендеді

Соңғы жылдары Қазақстанда балаларға медициналық көмек көрсетуге бөлінетін қаржы көлемі 264 млрд теңгеден 585 млрд теңгеге дейін ұлғайды. Жыл сайын туа біткен даму кемістігі бар шамамен 1,5 мың нәресте жедел ем алып, 2 мыңға жуық балаға ашық жүрекке ота жасалады.

Қазір елімізде балаларға медициналық көмек көрсетудің көпдеңгейлі жүйесі қалыптасқан. Бүгінде республика бойынша 81 оңалту орталығында мыңдаған балаға қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр.