Архив доступен 505 сообщений С 2025 года

Лента канала хранится отдельно от общего реестра и подгружается страницами, чтобы аналитик мог читать архив без тяжёлого общего поиска поверх сообщений.

Мемлекеттік грант негізінде докторантураны (PhD) тәмамдаған жас ғалымдардың мектептер мен өзге де білім беру ұйымдарында еңбек етіп, міндетті жұмыс өтеу мерзімін өтеуіне жол ашатын маңызды заңдық түзетулер ресми түрде бекітілді.

Осыған дейін ғылым докторлары тек жоғары оқу орындарында, ғылыми институттарда немесе мемлекеттік органдарда ғана жұмыс істеуге міндеттелді. Енді жас ғалымдар тек жоғары оқу орындарының шеңберімен шектелмей, орта білім беру саласында да ешқандай шектеусіз қызмет ете алады және олардың мектептегі еңбегі міндетті жұмыс өтеу мерзімі ретінде заңды түрде толық есептеледі.

дереккөз

Толығырақ: bugin.kz сайтында

Азаматтардың нақты табысын сақтау және оны еселеу – бүгінгі еңбек нарығының алдында тұрған негізгі талап. Осы орайда қабылданған Жаңа Кешенді жоспар аясында жұмыскерлердің жалақысын одан әрі өсіру шаралары үздіксіз жалғасатын болады. Бұл туралы Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында ұлттық экономика министрінің бірінші орынбасары Азамат Әмрин мәлімдеді.

Азамат Әмриннің мәлімдеуінше, қазіргі уақытта қосылған құндағы еңбекақы қорының үлесі шамамен 30,6%-ға тең, ал орташа және медианалық жалақы арасындағы айырмашылық 39,2%-ды көрсетіп отыр.

Мәселені шешу аясында ең төменгі жалақыны өсіру, жалдамалы жұмысшылар мен азаматтық қызметшілердің табысын арттыру жоспарлануда. Бұған қоса, табиғи монополиялардың өндірістік мамандарының орташа айлығы көбейіп, мемлекеттік қызметшілердің еңбекақысы әр үш жыл сайын индекстеліп отырады. Сонымен қатар, құжат аясында әлеуметтік әріптестікті дамытудың кешенді тетіктерін іске асыру көзделген.

Сенат «Арнайы мемлекеттік органдардың қызметі мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды екі оқылымда қабылдады.

Елімізде күштік құрылымдардың қызметін реттейтін заңнамалық құжаттарға ауқымды өзгерістер енгізілуде. Жаңа құжат ведомствоішілік ішкі регламенттерді оңтайландырып қана қоймай, дағдарыстық жағдайларда қызметкерлердің құқықтарын айтарлықтай кеңейтеді. Заң жобасында қоғам талқысына ең көп түскен бөлім — Мемлекеттік күзет қызметі туралы заң болды. Құжаттағы күш қолдану мен қару қолдану тәртібін реттейтін 4-тарау толығымен қайта жазылған. Мамандардың пікірінше, бұл түзетулер төтенше жағдайлар кезінде жедел әрі тиімді шешім қабылдауға мүмкіндік бермек.

Ескертусіз қару қолдану. 10-баптың 3-тармағында террористерге қарсы арнайы операция аймағында қызметкерлердің дене күшін, арнайы құралдарды, қару мен әскери техниканы ескертусіз және шектеусіз қолдану құқығы бекітілген.

дереккөз

Қазақстанда жүктілік және босану бойынша әлеуметтік төлемдерді алу үшін жалған құжат жасап, заңсыз схемаларды пайдаланатындар көбейген. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Үнзила Шапақ мәлімдеп, Үкімет назарын аударды.

«Жоғары аудиторлық палатаның қорытындысына сәйкес, жүктілік және босану бойынша әлеуметтік төлемдердің шекті мөлшерін заңнамалық реттеу шараларының уақытылы қабылданбауы салдарынан Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының активтері 67 млрд теңгеден астам сомаға шығынға ұшыраған. Сонымен қатар іріктемелі аудит нәтижесінде 17 мың әлеуметтік төлем алушының жүктілік және босану бойынша төлемін негізсіз ұлғайту мақсатында 42 жұмыс орнына дейін жалған жұмысқа орналасу фактілері анықталған. Аталған тұлғаларға төленген әлеуметтік төлемдердің жалпы көлемі 28,6 млрд теңгені құраған.», – деді депутат Мәжілістің жалпы отырысында.

Мәжіліс депутаты Үнзила Шапақ елімізде анықталған 17 мың жалған жұмысқа орналасу фактісіне қатысты құзырлы органдардан есеп талап етті.

дереккөз

Елдегі көлік инфрақұрылымын дамыту және жолаушылар үшін қолайлы жағдай жасау мақсатында ауқымды жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ағымдағы жылдың 1 шілдесіне дейін республика бойынша 30 теміржол вокзалын реконструкциялаудан өткізіп, пайдалануға беру жоспарлануда. Бұл туралы Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев мәлімдеді.

Ведомство басшысының мәлімдеуінше, атқарылып жатқан ауқымды жұмыстар ең алдымен вокзалдардың өткізу қабілетін арттыруға, қауіпсіздік жүйесін заман талабына сай күшейтуге және жолаушыларға қызмет көрсету сапасын жаңа деңгейге көтеруге бағытталған.

Министр елде теміржол инфрақұрылымын ауқымды жаңғырту және салу бағдарламасының қарқынды жүзеге асырылып жатқанына тоқталып өтті. Бүгінгі таңда республика бойынша дәл осындай жаңарту жұмыстарымен 124 теміржол вокзалы қамтылып, оларда тиісті шаралар жүргізілуде.

дереккөз

Түркістан облысы, Мақтаарал ауданының тумасы Медина Бектұрсынқызы халықаралық деңгейде жоғары академиялық нәтиже көрсетіп, әлемдік білім беру орталықтарының назарын аударды. Білімге құштар қазақ қызы АҚШ, Канада, Ұлыбритания, БАӘ, Түркия және Еуропаның бірнеше елінің жетекші университеттерінен шақырту алып, отандық білімнің әлеуетін халықаралық деңгейде дәлелдеді.

Медина Бектұрсынқызы халықаралық IELTS және SAT емтихандарын үздік тапсырып қана қоймай, республикалық «Ой зерек» олимпиадасының жеңімпазы атанған. Сонымен қатар Медина бүгінгі күннің ең өзекті бағыты — жасанды интеллект саласына арналған ғылыми жұмысын ағылшын тілінде сәтті қорғап, республикалық конференцияда бас жүлдені иеленген.

Ғылым мен технологияны терең меңгерген қазақ қызының бұл жетістігі еліміздің мақтанышына айналды. Өзіне жолданған ондаған тиімді ұсыныстардың ішінен мақтааралдық түлек Оңтүстік Кореяда орналасқан әйгілі әрі беделді Inha University жоғары оқу орнын таңдады.

дереккөз

ҚР Оқу-ағарту министрлігі, «AMANAT» партиясы және «Daryn Ustaz» педагогтердің кәсіби біліктілігін арттыру орталығы бірлескен серіктестігі аясында іске асқан алғашқы республикалық «EduAI: Педагогикалық хакатоны» аясында мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов бүгінгі таңда цифрлық құзіреттіліктің заманауи талапқа сай дамуында, білім беру бағыттары трансформацияланған кезеңде оқу сауаттылығының, сыни ойлаудың маңызы турасында пікірін айтты.

Видео: Daryn.ustaz

Астанада мұғалімдерге арналған алғашқы республикалық «EduAI: Педагогикалық хакатоны» өтті. Үздік 20 педагог Daryn Ustaz орталығының қаражаты есебінен Оңтүстік Кореяда тағылымдамадан өту мүмкіндігіне ие болды.

4-5 маусым аралығында өткен ауқымды білім беру алаңына еліміздің барлық өңірінен келген 400-ге жуық педагог қатысты. Хакатонда педагогтер жасанды интеллектіні оқу процесіне енгізу бойынша әдістемелік шешімдерін жоба ретінде ұсынды.

Іс-шараны Daryn Ustaz орталығы Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен ұйымдастырды. Жоба педагогтердің жасанды интеллект саласындағы құзыреттерін дамытуға, цифрлық білім беру экожүйесін қалыптастыруға және инновациялық шешімдерді білім беру үдерісіне енгізуге бағытталған.

Хакатонға қатысушылар бұған дейін 400 мыңға жуық педагог қамтылған «Білім берудегі жасанды интеллект: инновациялық технологиялар мен оқу үдерісінің цифрлық трансформациясы» республикалық онлайн курсын аяқтап, үздіктер қатарынан іріктеліп шыққан.

Ыдырыс

Түркістан өңірінде аграрлық секторға арналған дрон шығаратын зауыт ресми түрде жұмысын бастады.

Бұл өндіріс орны отандық фермерлердің инновациялық технологияларға қолжетімділігін арттырып, өңірдегі аграрлық сектордың дамуына жаңа серпін бермек. «Avatar Agricultural Technology Development» компаниясы қолға алған бұл жоба аясында жылына 500 дана ұшқышсыз ұшу аппараты шығарылады деп жоспарлануда.

Жаңа агро-дрондар егіс алқаптарын дәрілеу жұмыстарын айтарлықтай жеңілдетпек. Техникалық сипаттамасына сүйенсек, бір аппараттың өзі 70 литр сұйықтықты еркін көтеріп, бір ұшқанда 5 гектар жерді өңдеуге қауқарлы.

Зауытқа қазірдің өзінде 20 тапсырыс түсіп үлгерген. Ал келесі жылдан бастап өндіріс ауқымы кеңейіп, өрт сөндіретін және жүк таситын жаңа үлгідегі дрондарды шығару жоспарланып отыр.

Педагогикалық хакатонда республиканың әр өңірінен келген ұстаздар жасанды интеллект құралдарын шебер қолдана отырып, заманауи білім беру мазмұнын байытатын пәнаралық байланыс пен оқытудың озық әдістемелерін қамтитын, секунд ішінде модельденетін мазмұнды интерактивті сабақ жоспарларын, оқушылардың жеке ерекшеліктері мен білім деңгейіне қарай ЖИ арқылы автоматты түрде бейімделетін деңгейлік тестілер мен тапсырмалар базасын, интеллектуалды аналитикаға негізделген даму карталары әр оқушының академиялық үлгерімі мен даму динамикасын нақты уақыт режимінде сараптап, білім сапасын арттырудың жеке траекториясын құру бойынша жобаларын ұсынды.

Астанада өтіп жатқан педагогикалық хакатон мен «Ustazga AI» жобасы отандық білім беру жүйесінің заманауи жаһандық трендтерге бейімделіп, жаңа цифрлық дәуірге нық қадам басқанын айқын дәлелдеп отыр.

Ыдырыс

Педагогтардың цифрлық құзыреттілігін заманауи талаптарға сай дамыту және жасанды интеллект технологияларын оқу үдерісіне жүйелі түрде интеграциялау – бүгінгі таңда білім беру саласының алдында тұрған стратегиялық басты міндеттердің біріне айналды. Осы стратегиялық бағытты негізге ала отырып, Астанада білім беру саласын трансформациялауға бағытталған ауқымды педагогикалық хакатон өтуде.

Педагогикалық хакатон — ҚР Оқу-ағарту министрлігі, «AMANAT» партиясы және «Daryn Ustaz» педагогтердің кәсіби біліктілігін арттыру орталығы бірлескен серіктестігі аясында іске асқан «Ustazga AI» бірегей жобасының практикалық қорытынды кезеңі болып табылады.

Жоба негізінде ашылған «Білім берудегі жасанды интеллект: инновациялық технологиялар мен оқу үдерісінің цифрлық трансформациясы» оқыту курсы қысқа мерзім ішінде отандық ұстаздар қауымы үшін инновациялық серпіліске айналды.

Видео: Daryn.Ustaz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алатау қаласын дамыту жөніндегі кеңесте «Штрафстан», «Айыппұлстан» дейтін депутаттарға қатысты пікір білдірді.

«Қазіргі бұлыңғыр, әскери қақтығысқа толы заманда елімізге татулық пен тұрақтылық ауадай қажет. Онсыз ешқандай реформа, жалпы оң өзгеріс болмайды. Сондықтан құқық қорғау мекемелері заңбұзушылықтарға қатаң шаралар мен жазаларды қолдануы керек. Кейбір елімізді жақтырмайтын, менсінбейтін кісілер, өкінішке қарай, солардың ішінде Парламент депутаттары бар, құқықтық әрекеттерімізді «Штрафстан», «Айыппұлстан» деп атайды екен. Мейлі өз ойларының келтелігін көрсете берсін. Ал халқымызға қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздік керек.

Сондықтан біз осы жолдан таймаймыз, батыл түрде «Заң мен тәртіп» саясатын жүргіземіз. Себебі бұл – халқымыздың талабы, халқымыздың сұранысы. Бүкіл қоғам да, әкімдер де бұл мәселеге баса назар аударуы керек», - деді Президент.

Қазақстанда AliExpress, Temu және Amazon сияқты шетелдік интернет-дүкендерден тауар жеткізудің тәртібі күшейтілмек. ЕАЭО аясында енгізіліп жатқан жаңа ережелерге сәйкес, маркетплейстер арқылы келетін сәлемдемелер үшін бөлек кедендік баж салығы мен арнайы декларация енгізіледі. Ресми мәлімет бойынша, құны 200 еуродан аспайтын тауарларға баж салығы салынбайды. Ал бұл шектен асқан жағдайда сатып алушылар тауар құнының 5 пайызы мөлшерінде бірыңғай баж салығын және 16% көлемінде қосылған құн салығын төлеуге міндеттеледі.

Еуразиялық экономикалық комиссия кеңесі тарапынан бекітілген электрондық сауда операторларының қызметін реттеу туралы жаңа ережелер ішкі заңнамаға енгізілуде. Бұл нормалар ЕАЭО кедендік шекарасынан тыс елдерден жүзеге асырылатын трансшекаралық пошта жөнелтілімдеріне қолданылады. Қазіргі уақытта тиісті заң жобасы ҚР Парламенті Мәжілісінің отырысында қаралып, бірінші оқылымда мақұлданды.

AI

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жұмыс орнындағы харассмент және жыныстық сипаттағы қолсұғушылық фактілерінің алдын алу мен оған жол бермеу нормаларын көздейтін заң жобасын дайындады. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев Үкіметте өткен брифингіде мәлімдеді.

«Бұл түзетулер Халықаралық еңбек ұйымының ұсынымдары негізінде әзірленді. Заң жобасында, біріншіден, харассмент пен жыныстық сипаттағы қысым ұғымдары нақтыланды. Екіншіден, мұндай фактілер анықталған жағдайда жұмыс берушінің жауапкершілігі қарастырылды», – деді Асқарбек Ертаев.

Министрдің мәлімдеуінше, қазіргі уақытта аталған түзетулер бизнес-қоғамдастық өкілдерінің қатысуымен талқылау кезеңінен өтуде. Заң жобасын ағымдағы жылдың күзгі сессиясында Парламенттің қарауына енгізу көзделген.

дереккөз

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде дәстүрлі «Түлектер күні» жоғары деңгейде аталып өтті. Қара шаңырақтың әр жылдардағы түлектерін бір арнаға тоғыстырған бұл шара ұстаздар мен шәкірттер арасындағы рухани сабақтастықты жаңғыртқан тағылымды мерекеге айналды. Биылғы кездесу Тарих факультеті үшін айрықша маңызға ие болды. Туған білім ордасына факультетті осыдан 40, 35, 30 және 20 жыл бұрын тәмамдаған әр буын өкілдері жиналып, студенттік жылдардың жарқын естеліктерін бөлісті.

Кездесуге тарих, архивтану, археология және этнология, саясаттану бөлімдерінің қазақ және орыс топтарында білім алған түлектер қатысты. Түлектердің туған факультетіне деген құрметі нақты істермен де көрініс тапты. 30 және 20 жылдық түлектер факультеттің оқу аудиторияларын заманауи талаптарға сай жабдықтауға қаржылай қолдау көрсетіп, материалдық-техникалық базаны нығайтуға өз үлестерін қосты. Сонымен қатар факультет қорына құнды кітаптар мен архивтік құжаттар жинақтарын сыйға тартты.

Beey

ҰҚК Шекара қызметі мұнай өнімдерін мемлекеттік шекара арқылы заңсыз әкету деректеріне жол бермеу мақсатында тиісті шараларды қабылдап жатыр. Қазіргі уақытта шекаралық аймақтарда бақылау-өткізу шаралары қатаң бақылауға алынған.

«2026 жылдың басынан бері өткізу пункттерінде жанар-жағармай материалдарын заңсыз өткізудің 2400-ден астам фактісінің жолы кесілді.

Алып қойылған өнімнің көлемі (бензин, дизель отыны, керосин және т.б.) 300 тоннадан аса құны шамамен 60 млн теңге. Кінәлі адамдар Қазақстан Республикасының қолданылып журген заңнамасына сәйкес жауапқа тартылды. Бұл іс-әрекеттер елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және ЖЖМ көлеңкелі айналымына жол бермеуге бағытталған.

Осы бағыттағы жұмыс жалғасуда», – делінген хабарламада.

Заңсыз тасымалдың алдын алу мақсатында өткізу пункттеріндегі техникалық бақылау құралдары да заман талабына сай жаңартылуда. Құзырлы органдар еліміздің стратегиялық ресурстарын контрабандалық жолмен тасымалдау әрекеттері заң аясында жазаланатынын ескертеді.

Отандық мәнерлеп сырғанау жұлдызы Михаил Шайдоровтың келісімшартына қатысты мәселе оң шешімін тапты. Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев спортшы жаңа келісімшартқа қол қойғанын және оған тиесілі барлық қаржылық төлемдердің уақытылы әрі толықтай берілетінін мәлімдеді.

Бұған дейін қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров отандық интервьюер Тимур Балымбетовке берген сұхбатында бес ай бойы еңбекақы алмағанын, сондай-ақ алдағы маңызды жаттығу жиындарына да үкімет тарапынан ешқандай қаражат бөлінбей жатқанын ашық айтқан болатын. Отандық спорт саңлағының бұл мәлімдемесі қоғамда үлкен талқылау тудырды.

Осы оқиғадан кейін құзырлы министрлік жағдайға қатысты ресми түсініктеме берді. Спортшы құжат шарттарымен келіспегендіктен, осы уақытқа дейін екіжақты келісімге қол қойылмай келгені белгілі болды.

Спортшының мәлімдеуінше, 2026 жылға жасалатын құжатқа қол қою үшін министрлік оған 2030 жылғы Олимпиада ойындарында медаль алуды міндеттеп, алдын ала кепілдік талап еткен.

дереккөз

ҰБТ-ны осы уақытқа дейін 139 мыңға жуық талапкер тапсырып үлгерді. Статистикаға сүйенсек, қатысушылардың 71%-ы қазақ тілінде, 29%-ы орыс тілінде, ал 259 оқушы ағылшын тілінде бақ сынаған.

Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, негізгі ҰБТ-ның үшінші аптасының қорытындысы бойынша талапкерлердің 67 пайызы шекті балл жинаған. Бес пән бойынша орташа балл - 65 балл. Ең жоғары нәтиже - 140 балл.

ҰБТ басталғалы бері өткен үш апта ішінде ереже бұзудың 283 дерегі анықталған. Тексеріс барысында смартфон, смарт көзілдірік, микроқұлаққап және шпаргалка сияқты тыйым салынған заттарды алып кірмек болған 168 талапкер емтихан залына жіберілген жоқ. Сонымен қатар тест тапсыру сәтінде тәртіп бұзған 115 адам аудиториядан шығарылып, олардың алған нәтижелері толығымен жойылды.

AI

1 маусымнан бастап магистратурада білім алғысы келетін үміткерлер үшін кешенді тестілеуге қатысуға өтінімдер қабылдау науқаны басталады.

Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігі мәлімдеді.

Тіркелу науқаны 8 шілдеге дейін жалғасады және үміткерлер өтініштерін app.testcenter.kz ресми порталы арқылы жолдай алады. Ал кешенді тестілеудің өзі ағымдағы жылдың 20 шілдесі мен 10 тамызы аралығында өткізіледі деп жоспарланған.

«Шығармашылық дайындықты талап ететін білім беру бағдарламаларының топтары бойынша бейінді магистратураға түсушілерден құжаттарды қабылдау ағымдағы жылғы 1 маусым мен 8 шілде аралығында жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарымен жүзеге асырылады»,– делінген хабарламада.

дереккөз

ҚР Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Ресей Президенті Владимир Путиннің Қазақстанға жасаған ресми іссапары аясындағы келіссөздер туралы айтты.

Министрдің мәлімдеуінше, таяу арада Ресейдің бірқатар аймақтарында қазақстандық білім беру стандартына негізделген мектептер ашылатын болады.

Орынбор, Омбы және Астрахань облыстарында жер учаскелері белгіленді. Ол жерде қазақстандық инновациялық форматта мектептер бой көтеретін болады. Білім беру бағдарламаларының барлығы Қазақстанның білім стандартына негізделуі эксперттік жұмыс тобында қарастырылуда. Ресей тарабы осындай инновациялық бағдарламаларды өздерінде жүзеге асыруға қызығушылық танытуда. Оның ішінде қазақ және орыс тілдерінде, сонымен бірге интеграцияланған білім беру бағдарламалары және Ресей біздің ЖИ, цифрландыру, біздің балаларымыздың жаратылыстану, ғылыми бағыттағы пәндерді игеру мәселесі қызығушылық танытуда, - Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова.

Видео: «Қазақстан» телеарнасы