Архив доступен 25 сообщений С 2026 года

Лента канала хранится отдельно от общего реестра и подгружается страницами, чтобы аналитик мог читать архив без тяжёлого общего поиска поверх сообщений.

Құрылтайдағы абсолютті үстемдік: «Әділет» 120 мандатты жұлып алғысы келеді...

«Әділет» партиясы алдағы додада парламенттегі мандаттың басым бөлігін иеленіп қалуды көздеп отыр, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.

Партияның саяси кеңес мүшесі Марат Шибұтовтың мәлімдеуінше, «Аманатпен» некелескен жаңа құрылым Құрылтайдағы 100-ден 120-ға дейінгі депутаттық орынды жұлып алмақ.

Сарапшының пайымдауынша, қос тараптың бір-біріне ұсынары бар. «Әділеттіктер» әлі былғана қоймаған беделі мен әдемі атауын бұлдаса, экс-аманаттықтар дайын аймақтық филиал мен мәслихаттағы ықпалын кеңінен пайдаланбақ.

«Су жаңа партия Amanat-тың дайын электорына ортақтасып отыр деген пікір қисынсыз. «Әділеттің» сапында бұрын ешбір саяси ұйымның қатарында болмаған жаңа адамдар жетіп артылады. Бізде ме, бізде бренд бар, танымалдық бар, ресурс бар. Amanat біздің арқамызда «Нұр Отан» деген ауыр жүктен арылып, Құрылтайға күнәдан тазарып кіреді», — дейді Шибұтов.

Жаңа Парламенттегі 145 орынның 80 пайызына жуығын Айбек Дәдебай басқаратын жетекші күш иеленсе, өзгелерге орын жетпей қалуы әбден мүмкін.

Шибұтовтың айтуынша «Әділетке» жұтылған Amanat-тың репутациясы жаңа ұйымның беделіне сызат түсірмеу үшін партиялық тізімде бастан-аяқ жаңарту жүреді.

«Партияның сайлауалды бағдарламасы мен үміткерлер тізімінде ескі жүйені еске салатын есімдердің көлбеңдемеуіне көбірек көңіл бөлеміз», — дейді ол.

Ал біз бұған әлі де тоқталамыз. Бізге жазылып алыңыз

https://t.me/ertenmedia

Ақордаға жолданған хат: депутат «Айранкөлді» Құлыбаевтың ықпалынан шығаруды талап етті...

Ақордаға Атыраудың астындағы қара алтынды олигархиялық уыстан шығарып, қазынаға қайтару туралы талап жолданды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.

Атырау облыстық мәслихатының депутаты Сырымбек Сәрсембаев Президент әкімшілігіне ресми сауал жолдап, «Айранкөл» мұнай кен орнын мемлекет меншігіне алуды сұрапты.

Қазіргі таңда стратегиялық нысан экс-президенттің күйеубаласы Тимур Құлыбаевқа тиесілі «Joint Resources» компаниясы арқылы «Каспий мұнай» акционерлік қоғамының иелігінде отыр.

Тек өткен 2025 жылдың өзінде кәсіпорын 56,8 миллиард теңге таза пайда тапқан. Депутат өндіріс ошағын мемлекеттік «Ембімұнайгаз» құрамына қайта қосу керек деген ұстанымда.

«Кезінде осы «Айранкөл» тікелей «Ембімұнайгаздың» құрамдас бөлігі «Құлсарымұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасының есебінде тұрған-ды. Алайда, Назарбаевтың тұсында күмәнді әрі бүркемеленген жағдайда жекеменшік секторға, соның ішінде Құлыбаевтың меншігіне өтіп кетті», — дейді Сәрсембаев .

Айтқандай, «Каспий мұнайдың» Айранкөлді игеруге алған 25 жылдық келісімшарт мерзімі 2029 жылдың қазан айында аяқталады. Қазіргі уақытта Құлыбаевтың құрылымы келісімді тағы 10 жылға ұзарту үшін қауырт әрекетке көшкен екен.

Заңға сәйкес, АП депутаттың сауалына 26 маусымға дейін ресми жауап беруі тиіс. Мұнайлы өңірдегі ірі активтің тағдыры жақын күндері белгілі болады деп болжап отырмыз.

Ал біз бұған әлі де тоқталамыз. Бізге жазылып алыңыз

https://t.me/ertenmedia

Есіктен шыққан «Аманат» терезеден қайта кіріп келе жатыр...

Ширек ғасырлық тарихы бар, талай сайлауда топжарған «Аманат» туғанына ай толмаған «Әділеттің» етегінен ұстап кете барды.

Ertenmedia.kz күні бұрын болжаған саяси сахнадағы «ребрендинг» (бәлкім, рестайлинг) апай-топай, апыл-ғұпыл өткендей әсер қалдырды.

Алдымен Астанадағы съезде Ерлан Қошанов өзі басқаратын партияға қатысты жағымсыз ассоциация барын айтып, халықтың өкпе-назынан шаршаған алып құрылым «күнәдан тазару» ритуалынан өтуі керектігін меңзеді.

Қош, сонымен кім-кімді жұтты өзі?

Формалды түрде «Әділет» «Аманатты» өзіне серік қылды. Ал іс жүзінде Назарбаев дәуірінің сарқыншағы іспетті алып машина жаңа брендтің ішіне емін-еркін жайғасты. Алдағы бес-алты айда партияның бүкіл аппараты «Әділеттің» қойны-қонышына еніп, тегіс көшіп келеді. Ашығын айтқанда, есіктен шыққан «Аманат» терезеден қайта кіріп келе жатыр.

Содан болар, тақтайшадағы атауының өзінен Назарбаевтың сұлбасы көрінетін партияның жаназасын шығару рәсімі құдды бір той секілді, шат-шадымен көңіл-күйде өтті.

Сахнаға жаңа кәстүм киіп шыққан ескі партия «Әділеттің» молекуласын өзгертуге ертеңнен бастап-ақ қызу кірісе бастайды. Ал Айбек Дәдебай үлкен әкімшілік аппаратқа айналып үлгерген құрылымды түгел тазартып, әдетін түзейді дегенге әй, сену қиын.

Бастысы маңдайшадағы жазу өзгерді. Қабырғадағы жарық пен едендегі сызатқа тым құрығанда косметикалық ремонт жасала ма, жоқ па, ол жағын уақыт көрсетеді.

Ал біз бұған әлі де тоқталамыз. Бізге жазылып алыңыз

https://t.me/ertenmedia

Биліктегі ағам елден қуды: атышулы Асаубаева Ресейге кетуінің шынайы себебін айтты...

Шахматшы Бибісара Асаубаева спорттық азаматтығын ауыстыруының нақты себебін ашық айтып, қазақ тілі туралы тосын пікір білдірді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.

Асаубаеваның айтуынша, спорттық азаматтықты ауыстыруына қаламақының аздығы емес, туыс ағасы түрткі болған. Ол кезде әлгі ағасы Президент әкімшілігінде жұмыс істеп, Бибісараның спорттық, тұлғалық дамуына тосқауыл қойған көрінеді.

«Мен Ресей атынан 12-15 жас аралығымда ғана өнер көрсеттім. Қазақстанға 2019 жылы, Қаңтарға дейін, үлкен жарыстарға қатыса бастағанға дейін оралдым. Ресейге кетуімнің түпкі себебі ақша емес еді. Туған ағам мансапты қызметте болып, жолыма бөгет жасады. Ол қызметінен кеткен соң ғана елге оралдық. Бұл жайында ашық айтсақ та, кейбір адамдар мән-жайды толық түсінбей, ақымақтар секілді орынсыз пікір айтты», – дейді ол.

Шахматшы қыз қазақ тілін үйрену мәселесіне де тоқталған екен.

«Желтоқсанда үйде тек 12-15 күн ғана болдым. Дегенмен, осы қысқа мерзімде де қазақ тілін үйренуге тырыстым. Алайда қоғамдағы сын мен негативті пікірлер әркез жігерімді құм етеді», – деп жазды Асаубаева.

Мырзабосынов? Сөзінің соңында Бибісара министрлікке де сын айтып үлгеріпті.

«Спорт министрлігі шахматтың маңыздылығын мойындай алмай, желідегі парақшама боттар жіберуден басқаға шамасы келмесе, онда ондай министрліктің құны көк тиын», – деді шахматшы. Бұған дейін шахматшы айлық жалақысының әжептәуір қысқарғанын айтып, президент Тоқаевқа шағым жолдаған еді.

Бұған лезде жауып қатқан Ербол Мырзабосынов Асаубаеваны «асырауға» биылдың өзінде 100 млн теңгеге жұмсалғанын айтқан. Ал қазақтілді қауым Бибісараға жеке-дара демеуші іздеуі керектігін әрі мемлекеттік тілді үйренетін жасқа жеткенін еске салуда.

«Қазақша бірауыз сөз білмейді. Қазақстанда тұрмайды. Командалас қазақ қыздарымен басы піспейді. Бірақ Қазақстанның ақшасын жақсы көреді. Коммерциялық турнирлердегі жеңісін бұлдамасыншы, шахмат олимпиадалық спорт емес. Бір өзі бір федерацияның ақшасын алып отыр», — дейді осы тұста танымал спорт журналисі Ақырыс Сейітқазы.

Ал біз бұған әлі де тоқталамыз. Бізге жазылып алыңыз

https://t.me/ertenmedia

Астанадан жеткен тосын сый: Тоқаев Пашинянды құттықтап, Мәскеудің мысын қалай басты?

Еревандағы сайлау Кремль фиаскосымен аяқталды. Никол Пашинянның мансабындағы ең ауыр дода Мәскеудің бұрынғы айбарынан айырылғанын біржола дәлелдеді деп жазады Ertenmedia.kz.

Сарапшы Нұрлан Жұмаханның пікірінше, Кремль Әрмениядағы билікті ауыстыру үшін ақша аямаған. Солай бола тұра, Ереванның Батысқа бет түзеуін бұғаттау жоспары күл-парша болған. Айта кетелік, премьердің «Азаматтық келісім» партиясы 49,8 пайыз дауыспен жалғыз өзі көпшілік орынды сақтап қалды. Сарапшы аталған нәтижені көршінің астамшыл саясатының күйреуі деп бағалауда.

«Путин пропагандасы Пашинянның партиясын «соғыс партиясы» деп, қоғамды стресске түсіргісі келді. Халықтың жаңа қақтығыстан қорқу сезімін саудаға салып, армяндарды «украин сценарийімен» сескендірді», — дейді Нұрлан Жұмахан.

Сарапшының сөзінше, Кремль шешуші сәтте экономикалық шантажға көшкенімен, Батыс Ереванды жалғыз қалдырмай, ресейлік бұғаттауға тап болған тауарларға өз нарығын айқара ашқан. Дональд Трамп та Пашинянның қолтығынан демеп, TRIPP («Халықаралық бейбітшілік пен өркендеу жолындағы Трамп бағыты») стратегиялық келісіміне қол қою арқылы қолдау көрсеткен.

«Мәскеудің басты үміті болған «Қуатты Армения» 23,3 пайыз, Путиннің жандосы Роберт Кочарянның «Армения» блогы 9,9 пайыз жинағанымен, аталған көрсеткіш билікті басып алуға жетпейді. Дауыс беру қорытындысы халықаралық деңгейде мойындалды. Ең қызығы, тосын сый Астанадан жетті. Президент Тоқаевтың Пашинянды алғашқы болып құттықтауы Кремльді есеңгіретіп тастағандай әсер қалдырды. Ақорда осы арқылы Ереванмен ерегесе беруді қаламайтынын аңғартып, Ресейдің арынын тежеді», — дейді Жұмахан.

Алайда Путиннің аймақтағы бақылауды оңай бере салмасы анық, сайлау Кремль үшін ұтылған майдан болғанымен, даудың көкесі әлі алда. Ереванды бұдан да қатерлі сынақ, Ата заңды өзгерту жөніндегі референдум күтіп тұр. Маңызды науқан Бакумен бейбіт келісімге келудің басты шарты.

«Референдум ойдағыдай өтсе, Мәскеудің ықпалын біржола жойып, Арменияның Еуроодаққа жолын ашады. Кремль мұны бұғаттаудың барлық амалын қарастыруға тырысады, неше түрлі айла-шарғы қолданады. Сайлаудың аяқталуы финал емес, Кремльмен текетірестің жаңа, анағұрлым шиеленісті фазасына өтуі ғана», — деп түйіндеді Нұрлан Жұмахан.

Ал біз бұған әлі де тоқталамыз. Бізге жазылып алыңыз

https://t.me/ertenmedia

Назарбаевсыз Amanat: экс-президенттің партияға қатысы бар-жоғы ашық айтылды...

Экс-президент Назарбаевтың тарих қойнауына кеткелі тұрған «Аманат» партиясына түк қатысы жоқ. Бұл туралы Әбішұлының баспасөз хатшысы Айдос Үкібай мәлімдеді деп хабарлайды Ertenmedia.kz.

«Нұрсұлтан Әбішұлының әлгі партияға қандай қатысы бар? Ол өзінің президенттік өкілетін 2019 жылы толық тапсырған болатын. Ол зейнеттегі адам. Қазір саясатпен айналыспайды, партиядағы шешімдерге араласпайды», – деді Үкібай Азаттық тілшісіне берген жауабында.

Үкібайдың мәлімдемесі соңғы уақыттағы «Аманат» пен жаңадан тіркелген «Әділет» партиясының бірігуіне қатысты гу-гу әңгіме аясында жасалды.

Назарбаев 2019 жылы президенттіктен кетсе де, 2022 жылдың қаңтарына дейін Қауіпсіздік кеңесі мен бұрынғы «Нұр Отан» партиясының орынтағын ешкіммен бөліспей, бір өзі билеп-төстеп отырған. Қаңтар оқиғасынан кейін «Нұр Отанға» ребрендинг жасалып, атауын «Аманатқа» өзгерткен еді. Партияның қазіргі төрағасы, Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов.

Бұған дейін біздің дереккөзіміз екі партияның бірігуі туралы маңызды инсайдпен бөліскен. 12 маусым, жұмадағы жүздесу Amanat-тың ақырғы аялдамасы болуы әбден мүмкін.

Ал біз бұған әлі де тоқталамыз. Бізге жазылып алыңыз

https://t.me/ertenmedia

Жұмадағы жүздесу немесе Amanat-тың ақырғы аялдамасы...

Amanat пен су жаңа «Әділет» партиясының бірігетіні туралы гу-гу әңгіме толастар емес. Мәжіліс ыдырап, орнына партиялық тізіммен сайланатын Құрылтай келетін тұста, екі ұйымның «некелесуі» туралы қауесет тегін тарап жатқан жоқ. Мұны олардың съезд өткізу кестесі де аңғартып тұр деп жазады Ertenmedia.kz.

12 маусым, жұма күні Amanat жиын өткізіп, бірігу туралы ұсыныс айтса, араға екі күн салып «Әділет» өзінің съезінде бұған жауап қататын болады. Қос тарап та әзірге үнсіз, біздіңше осы үнсіздік үлкен интриганың алдындағы тыныштыққа ұқсайды.

Екі партияның артында тұрған саяси архитекторлар бірігу жоспарын жарияламай тұрып-ақ реттеп қойғаны сезіледі.

Мақсат тек күш біріктіру емес, астарында Amanat-тың репутациясын тазалап, ел алдындағы жағымсыз имиджінен арылу айласы жатқандай. Алып саяси машинаның ішінде «жаңа ұйымды жұтып қойды» деген сөзге қалмайық деп сақтанып отырғандар да бар деседі. Сол себепті одақты «елдің ертеңі, болашақ үшін бірігу» деп көрсетуге тырысып бағады деген болжам бар.

Басты сауал осы процесс кімнің шартымен жүреді дегенге тіреліп тұр. Сөз салатын тарап Amanat болғанымен, кімнің қолы үстінен, кімнің қолы астынан ұстайтыны әзірге белгісіз.

Біздіңше осы жерде 2️⃣ түрлі сценарий бар

Алғашқысы, Amanat «Әділеттің» іш-құрылысына толық кіріп, барлық тізгінді өз адамдарына ұстатады. Осылайша, ескі Қазақстаннан мұраға қалған саяси ұйым жаңа атпен өз ықпалын сақтап қалады.

Кейінгісі, «Әділеттің» қазіргі басшылығы "аманаттықтардың" ырқына бағынбайды. Олар партияның бүткіл елдегі дайын ғимараты мен ресурстарын иемденіп, сайлауға түсетін тұлғаларды өте-мөте қатаң іріктеуден өткізеді.

Саяси ойында кімнің жеңіске жеткенін білудің төте жолы бар. Ол «Әділет» партиясының сайлауға сайлап отырған 188 адамдық тізімі. Егер осы тізімде қазіргі «аманаттықтар» қаптап жүрсе, демек алып партия жаңа брендті қоластына қаратып алды деген сөз. Ал егер тізімде жаңа есімдер көп болса, онда елде шынымен де тың саяси күш қалыптасты деп пайымдауға болады. Қалай болғанда да, алдағы аптаның соңында осы жұмбақтың жауабы белгілі болуы тиіс.

Анығы, Amanat үлкен үйдің қалауымен «жұмсақ» түрде саяси алаңнан ығысуда. Ақорда брендтің саяси тұрғыдан әбден шаршағанын кеш те болсын түсінген сыңайлы, президентшіл екі партияның бір электоратқа таласуы да шыны керек логикаға сыймайды. Сондықтан жұмадағы жүздесу Amanat-тың ақырғы аялдамасы болуы әбден мүмкін.

Ал біз бұған әлі де тоқталамыз. Бізге жазылып алыңыз

https://t.me/ertenmedia

«Абсурд» тариф: атышулы экономист LRT жолақысын реформалауды ұсынды...

Атышулы Олжас Байділдинов LRT жолақысын есептеу жүйесін түбегейлі өзгертуді ұсынып, жұрттың табасына ұшырады деп жазады Ertenmedia.kz.

Сарапшы әзіргі 200 теңгелік тарифті экономикалық тұрғыдан тиімсіз деп отыр. Пайымдауынша, Жеңіс Қасымбек Дұбай мен Ыстамбұл сияқты мегаполистердің тәжірибесіне сүйеніп, дифференциалды (сараланған. ред) тариф жүйесін дереу енгізуі тиіс.

«Жолаушы көлікке мінгенде де, түскенде де картасын валидаторға басып, жүрген қашықтығы үшін ғана ақша төлеуі қажет. Бүкіл қаланы басып өтіп, теміржол вокзалынан әуежайға дейін баратын адам мен небәрі бір-екі аялдама ғана жүретін жолаушының бірдей 200 теңге төлеуі барып тұрған абсурд», — дейді ол.

Экономис ұсынған механизм бойынша, қысқа қашықтыққа қатынайтындар үшін жолақы құны төмен болып, ал ұзақ бағытқа, айталық, сол жағалаудан оң жағалауға өтетіндер үшін тариф әлдеқайда жоғары болуы тиіс.

«Егер мен әрі кетсе, екі аялдама жүрсем 100 теңге төлеуім керек. Ал алысқа жүретіндердің тарифі мүлде бөлек, қымбат болуы қажет», — дейді ол.

Байділдинов 1,8 миллиард долларға салынған LRT-ның шығыны орасан зор екенін, қазіргі 200 теңгелік баға тіпті оператордың ағымдағы шығынын да жаппайтынын алға тартуда. Есептеуінше, LRT-ға мемлекет тарапынан берілетін жылдық субсидия көлемі 100 миллиард теңгеге жуықтайды, бұл Елордада жылына 10 жаңа мектеп салумен пара-пар қаржы.

Байділдиновтың мәлімдемесі желідегі қауымның жынына тиіп жатыр. Көпшілік экономисті елдегі тұрмыстық ахуалдан алшақ өмір сүреді деп айыптауда.

Сарапшы бұған дейін қоғамдық көлік жолақысын 500 теңгеге дейін көтеруді ұсынып, Қаңтар оқиғасы тұсында газ бағасын көтеруге қарсы шыққан қауымға «ұнамаса, автобусқа ауысыңдар немесе жаяу жүріңдер» деп ақыл айтқан-тұғын.

Бұдан кейін де сөзінен бас тартпай, бензин бағасы мен коммуналдық тарифті күрт көтеріп, әлеуметтік көмекті сап тию керектігін айтып, айлық табысы төмен қарапайым бұқараның қаһарына іліккен.

Ал біз бұған әлі де тоқталамыз. Бізге жазылып алыңыз

https://t.me/ertenmedia

Ұлттық банк инфляцияны ұтты: базалық мөлшерлеме бір сатыға төмендеді...

Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 18%-дан 17%-ға дейін төмендетті деп хабарлайды Ertenmedia.kz.

Бұған мамырдағы инфляцияның жылдық көрсеткішінің 10,4%-ға дейін төмендеуі себеп болған.

Ұлттық банктің болжамы тіпті күшті. Биыл инфляция 9-11%-ға дейін төмендеп, бір таңбалы деңгейге түседі деген үміт бар. Орта мерзімді перспективада инфляцияның мақсатты көрсеткіш 5%-ға дейін тұрақталатыны күтіледі.

"Биыл экономикалық өсім де жаман болмайды. 4,5-5,5%-ға жетуі мүмкін. Бұған мұнай бағасының жоғары болуы ($90/баррель), сондай-ақ ішкі экономикалық белсенділіктің өсуі ықпал етуі тиіс", - дейді Тимур Сүлейменов.

Бас банкир мөлшерлеменің төмендеуі экономика үшін несие алу құнын азайтып, бизнесті қаржыландыруға жол ашады деп отыр. Ал шілдедегі келесі отырыста мөлшерлемеге қатысты жаңа шешім қабылданады.

Ал біз бұған әлі де тоқталамыз. Бізге жазылып алыңыз

https://t.me/ertenmedia

1,3 млрд теңгенің активі мемлекетке қайтты: «Қазақ энциклопедиясы» Мұхамедиұлының меншігінен шығарылды....

Алматы прокуратурасы атышулы Арыстанбек Мұхамедиұлымен байланысы бар компания заңсыз иемденген «Қазақ энциклопедиясы» ЖШС-нің 100% үлесін мемлекетке қайтарды деп хабарлайды Ertenmedia.kz.

Әңгіме 2015 жылғы жекешелендіру туралы болып отыр. Сол кезде «Қазақ энциклопедиясы» ЖШС-нің 100% үлесі, сондай-ақ Алматының Әуезов ауданындағы ауданы 2108,3 шаршы метр ғимарат пен оған тиесілі жер учаскесі жекенің қолына өткен.

Әуезов ауданының прокуратурасы келісімді заңсыз деп танып, сотқа талап арыз түсірген-тін. Жоғарғы сот прокуратураның талабымен келісіп, нарықтық құны 1,3 млрд теңге болатын активтерді мемлекет меншігіне қайтаруға шешім шығарыпты.

Еске салайық, экс-мәдениет министрі әрі Ұлттық музейдің экс-директоры Арыстанбек Мұхамедиұлы 2022 жылы бюджет қаржысын жымқырды деген күдікпен ұсталған еді. Оған «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» халықаралық көрмесіне бөлінген 146 млн теңгені жымқырды деген айып тағылған. Кейінірек жалпы залал көлемі 7 млрд теңгеге дейін өсті.

Сонымен қатар Мұхамедиұлына Қазақстанның сакралды нысандарын 3D-сканерлеу мен ұлттық киноколлекцияны цифрландыруға бөлінген бюджет қаражатын жымқырды деген де айып тағылған. 2023 жылдың маусым айында сот Арыстанбекті сегіз жылға бас бостандығынан айырды.

Ал біз бұған әлі де тоқталамыз. Бізге жазылып алыңыз

https://t.me/ertenmedia

Мәжілісте Қытайдан келетін көліктерге уақытша тіркеу мен алым енгізу ұсынылды...

Қазақстан мен Қытай арасында автотуризм қарқыны өскенімен, шетелдік көліктерді бақылауға қатысты қос мемлекет арасындағы талаптарда тепе-теңдік сақталмай отыр, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.

Мәжіліс депутаты Болатбек Нәжметдинұлының айтуынша, қазақстандық автокөліктер Қытай аумағына кірерде ақылы уақытша әкелу рәсімінен өтіп, арнайы тіркеу нөмірін алып, сақтандыру жасатып, кепілдік және бақылау механизмінен өтеді.

Мұның бәріне шамамен әр көлік үшін 560-600 мың теңгедей шығын жұмсалады әрі ресми табыс көзіне айналып отыр.

Ал Қазақстанға кіретін қытайлық автокөліктер көбінесе тегін әрі қарапайым рәсімдермен ғана шектеледі. Соңғы бір жыл мен биылғы жылдың алғашқы төрт айында Қазақстанға 8 мыңнан аса Қытай көлігі өткен.

Алайда олардың жол ережелерін бұзған жағдайда айыппұлдардың қалай өндірілетіні, сақтандыру және басқа да төлемдердің толық жүзеге асырылатыны белгісіз күйде қалып отыр.

Осыған байланысты депутат бірнеше өзекті мәселені көтеріпті

Қазақстанға кірген қытайлық көліктердің мемлекеттік нөмірлерін ІІМ жүйесі толық анықтап отыр ма?

Ақылы жол жүйесі шетелдік көліктердің габариті мен салмағын анықтап, төлемдерін толық алып отыр ма?

Жол ережесі бұзылған жағдайда айыппұлды қалай өндіреді?

Неліктен уақытша тіркеу, уақытша мемлекеттік нөмір беру және әкімшілік алымдар енгізілмейді?

– Шетелдік көліктерге көрсетілетін қызметтер мен бақылауға Қазақстан бюджеті қанша қаражат шығындайды және бұл шығындар неге тегін атқарылып отыр?

Депутат Қазақстан да Қытай қолданып отырғандай шараларды енгізсе, бюджетке кемінде 5 млрд теңге түсіп, бақылау сапасы да артар еді дейді.

Қытайдан келетін көліктердің еселеп артып жатқаны рас болса, демек бұл елімізге туристік, іскерлік және басқа да мақсатпен келетін қытайлардың көбейіп жатқанын білдіреді. Бізге жеткен мәлімет бойынша Астанадағы Бейжің елшілігі депутаттың сөзін сараптан өткізіп, қарымта жауап қайтаруды көздеп отыр.

Ал біз бұған әлі де тоқталамыз. Бізге жазылып алыңыз

https://t.me/ertenmedia

Осы жексенбіде Астана қаласы Astana Half Marathon жарысына қосылады.

Егер жолға шығуды жоспарлап отырсаңыз, жарыс күні бағытыңызды Яндекс Карталардан алдын ала қарап алғаныңыз жөн — кейбір көшелер уақытша жабылады, ал қосымша жол қозғалысындағы шектеулерді ескере отырып, бағытты автоматты түрде құрады.

Егер жарысқа қатысатын болсаңыз, маршрут бойындағы су мен тамақтану пункттерін де Картадан таба аласыз.

274-баптың түрмесіне түскендерді босатайық: депутат Зайытовтың бастамасы несімен қауіпті?

Депутат Зайытов әлемжеліде лас пікір жазғаны үшін сотталған азаматтарды амнистиямен босатуды ұсынды деп жазады Ertenmedia.kz.

Мәжілісмен Қылмыстық кодекстің 274-бабы «Жалған ақпарат тарату» бойынша жауапқа тартылған азаматтарға қолдау білдіруді сұрап отыр.

«Мейлі, мас күйінде тәртіп бұзғандарды немесе басқа санаттағы адамдарды амнистиямен босатайық демеймін. Бірақ бізде әлемжеліде пікір жазып, түрмеге түскен азаматтар бар. Сол азаматтарды амнистияға іліктіруге көмектесейікші. Баршаңыздан жалынып сұраймын, тым болмаса осы 274-бап бойынша жауапқа тартылған адамдарға кешірім жасайықшы» – деді эмоциясынан жасыра алмаған депутат.

Дегенмен, бір гәп бар.

Желідегі көзі қарақты қауым Зайытовтың мәлімдемесін қолпаштай кетуге асықпай отыр. Қазақтілді аудитория депутаттың бастамасын желіде қазақ халқына тіл тигізген "қауіпті элементтердің" қорғаушылары іліп әкетуі мүмкін екенін ескертуде.

Ал біз бұған әлі де тоқталамыз. Бізге жазылып алыңыз

https://t.me/ertenmedia

Мас күйде көлік жүргізгендерді кешіру керек пе? Депутат пен министрлік дауласып қалды...

Жеті жылдық жаза мен жетім қалған бала. Ішкі істер өкілі популистік мәлімдеме жасаған депутаттың бетін қайтарып тастады деп жазады Ertenmedia.kz.

Депутат Николай Арсютин көлікті мас күйде жүргізгендерге қолданылатын жазаны жұмсартуды сұрап мәселе көтерді. Мәжілісмен жүргізуші куәлігінен айыру мерзімін 7 жылдан 4 жылға дейін қысқартуды ұсынып отыр

«Жарайды, толық рақымшылық жасамай-ақ қоялық. Ең құрығанда жаза мерзімінің жартысын өтеген азаматтарға жүргізуші куәлігінен айыру мерзімін 4 жылға қысқартуды қарастырсақ дұрыс болар еді», – деді Николай Арсютин.

Алайда Ішкі істер өкілі бұған үзілді-кесілді қарсы шықты. Сәденовтың орынбасары Санжар Әділовтың аргументі ақылға қонымды естілді.

«Жаза мерзімін қалай жұмсартамыз? Өле мас, шала мас күйде көлік жүргізу адам өміріне тікелей қауіп төндіретін әрекет емес пе? Мұның салдары неге алып келетінін де сіз де, бізде жақсы білеміз», – деді ол.

Министрлік мәліметі бойынша, 2026 жылдың алғашқы 5 айының өзінде ащы суды ұнататын жүргізушілер кесірінен 144 жол апаты болған. Салдарынан төрт адам қаза тауып, 212 адам түрлі дәрежедегі жарақат алған. 2025 жылы дәл осы себептен 673 жол апаты тіркелген, онда 56 адам қаза болған. Қайтыс болғандар арасында бала да бар.

Сәденов? Ішкі істер министрі бұған дейін полиция мас күйде көлік жүргізуге «нөлдік төзімділік» қағидатын ұстанатынын айтқан. Біздіңше, бүгінгі жиыннан кейін жаза мерзімін қысқарту туралы мәселеге толық нүкте қойылатын секілді.

Ал Арсютин бастаған бірқатар депутат 7 жылдық жаза тым ауыр екенін айтып, жазаны жүргізушінің қанындағы алкоголь мөлшеріне қарай жіктеуді сұрауда.

Президент? Тоқаев мас күйінде көлікке отыратын азаматтарға жазаны керісінше қатаңдатуды тапсырған.

Ал біз бұған әлі де тоқталамыз. Бізге жазылып алыңыз

https://t.me/ertenmedia

Жаздым, жаңылдым: Перуашев "штрафстаннан" ат-тонын ала қашты...

Қазақстанды «штрафстанға» теңеген депутат Азат Перуашев қыр соңынан қалмай қойған даулы мәлімдемесі туралы тағы да пікір білдірді, деп, хабарлайды Ertenmedia.kz.

«Сол сөздің орынсыз, абайсызда айтылғанын былтыр-ақ мойындадым. Мәжіліс қабырғасында мәдениетті сөйлеп, сөзімізге сақ болуымыз керек. Мұны сол кезде-ақ айтқанмын. Тоқаев? Кеше ме, кеше Президент мені ғана емес, басқаларды да сын садағына алды. Бұл жұмыс барысы, өмірдің өзі сызып берген заңдылық. Президенттің сынын қабылдап, сабақ алып, әрі қарай жұмыс істеуіміз қажет», – деді Перуашев.

Сөй деген депутат Қазақстанның «штрафстан» емес екенін тағы бір мәрте атап өтті.

Айта кетейік, бұған дейін Тоқаев елді орынсыз келемеж қылатын қауымға үн қатқан. Мемлекет басшысының сынынан кейін депутат Перуашев Қазақстанды «штрафстанға» теңеген сөзінен едел-жедел бас тартып, "жаздым, жаңылдым" деген еді.

Бізге жеткен мәлімет бойынша президенттің сынынан кейін Перуашевтің Құрылтайға өту мүмкіндігі күрт төмендеген. "Ақжол" партиясының төрағасы жақын уақытта атауын өзгертетін құрылымынан орын таба алмай қалуы әбден мүмкін. "Азаттың өзі ғана емес, оның қарауындағы партияның тағдыры да тұманды", - дейді арнамыздың дереккөзі.

Ал біз бұған әлі де тоқталамыз. Бізге жазылып алыңыз

https://t.me/ertenmedia

Әбеновтың ақтық шайқасы: Нотариустардың астыртын әрекетін ашқан депутатқа лоббистер тап берді...

Банктер мен микрокредит ұйымдардан қысым көрген депутат Әбенов көпшілікке үндеу жолдады. Айтуынша, қаржы ұйымдарының лоббистері Мәжілісте елдің құқын қорғайтын заңды қабылдатпау үшін астыртын әрекетке көшкен. Мәселе бір жарым миллион адамның бұғатталған есепшотында болып тұр деп жазады Ertenmedia.kz.

Даудың төркіні нотариустардың сот шешімінсіз-ақ азаматтарды «борышкер» деп танып, олардың есеп-шотын бұғаттайтын «атқарушылық жазба» деген күмәнді механизмде жатыр. 2019 жылы енгізілген жүйе несие берушінің өтініші бойынша азаматтың сыртынан шешім шығарып тастайды екен. Нәтижесінде борышкердің есепшоты бұғатталып, шетелге шығуға және басқа да құқығына шектеу қойылады.

«Микрокредиттік ұйымдар бейберекет қарыз үлестіреді. Кейін сол қарызды қайтару үшін нотариусқа жүгініп, борышкердің сыртынан шешім шығартып алады. Бір нотариустың екі күн ішінде 36 мың шешім шығарғанын көріп, екі көзім атыздай болды! Бұл ма, бұл барып тұрған сорақылық әрі елдің құқығын көпе-көрнеу таптау» – деді депутат.

Әбенов әлгі талапты тез арада түзету үшін арнайы заң жобасын ұсынған. Ол бойынша нотариустың «атқарушылық жазбасы» арқылы қарызды өндіріп алу азаматтың нотариалды расталған келісімімен ғана жүзеге асырылуы керек. Барлық басқа даулы мәселе тек ашық сотта қаралуы тиіс.

«Кредитор нотариуске жүгінгенде, борышкер қарызды мойындайтынын нотариалды түрде растап, келісімін беруі шарт. Коллекторлар да қарызды сатып алғанда, азаматқа жеке хабар беріп, оның келісімін алуға міндетті. Микрокредиттік ұйымдар өсірген айыппұл мен өсімдерді азамат мойындамаған жағдайда, кредитор сотқа жүгінуі тиіс», – деп түсіндірді Әбенов.

Депутаттың бастамасын Жоғарғы сот та қолдап, атқарушылық жазба бойынша жаппай заң бұзушылықты растаған-тын. Дегенмен заң қабылданар тұста Мәжілісте күбір-сыбыр көбейіп, түрлі кедергілер пайда бола бастаған. Депутаттың айтуынша, МҚҰ мен банктердің мүддесін қорғайтын лоббистер заң жобасын кейінге қалдыруды сұрап, қысым көрсетуде.

«Әзірде ғана әріптестерім хабарласып, заң жобасынан бас тартуымды сұрады. Егер ертең де осылай жалғасса, азаматтардың құқығын қорғауға қарсы шыққан лоббистердің, әріптестердің, басқа да тұлғалардың есім-сойын елге ашық жариялаймын. Халықтың мүддесін банктер мен коллекторларға сатқандарды ел біліп жүруі керек. Мен райымнан, соңына дейін барамын», – деп қорытындылады Мұрат Әбенов.

Қоғам назарын аударған заң жобасының тағдыры енді Мәжілістің алдағы пленарлық отырысында шешіледі. Бізге жеткен мәлімет бойынша алдағы уақытта әлемжеліде Әбеновқа қарсы ақылы посттар жазылып, провокация күрт күшейуі мүмкін.

Ал біз бұған әлі де тоқталамыз. Бізге жазылып алыңыз

https://t.me/ertenmedia

ЛҒБТ белгілері мен Кремль контенті: Зайытов ашқан балабақша ақиқаты...

Депутат Ринат Зайытов балабақшадағы ұлттық тәрбие мәселесін көтеріп, Оқу-ағарту министрінің орынбасарын сұрақтың астына алды. Айтуынша, елдегі балабақшаларда ұлттық тәрбиеден гөрі Кремль контенті мен жат мәдениеттің ықпалы басым болып тұр деп жазады Ertenmedia.kz.

Мәжілісмен бірінші кезекте мемтапсырыспен жасалған мүлтиктердің нақты тізімін сұрады.

«Бұлай деуіме өте-мөте маңызды себеп бар. Балабақшадағы ойыншықтар арасында бөтен белгілерді, соның ішінде ЛҒБТ символикасын көзім шалып жүр. Бұл ма, бұл аса қауіпті үрдіс», – деп ескертті депутат.

Оның айтуынша, өзіміздің төл өнім болмағасын, балабақшадағы бала-шаға ресейлік «Маша мен аю», «Фиксики» сияқты мультфильмдерге телміруге мәжбүр. Ал көршіден келетін контенттің түпкі мақсаты белгілі.

Зайытов әсіресе жеке меншік балабақшаларға қатаң мониторинг жүргізуді, ондағы оқу құралы мен ойыншықтарды толық тексеруді талап етті. Сонымен бірге ауылдық жердегі балабақша жағдайына қатысты министрлік жұмысын сын тезіне алды.

«Ауылда бала-шаға жоқ па осы? Баяндамада осы мәселені аттап-бұттап өтіп кеттіңіздер, қала мен аудан ғана көрсетілген», – деп ашынды Зайытов. Осыған байланысты ол соңғы 3 жылда ауылдық жерде ашылған мемлекеттік балабақшалардың нақты санын ұсынуды талап етті.

Оқу-ағарту вице-министрі Майра Мелдебекованың жауабына Зайытовтың көңілі толмады. Оның үстіне вице-министр мемтапсырыс аясында түсірілген ұлттық мультфильмдердің нақты тізімін айта алмады, ақыр соңы ақпаратты жазбаша түрде беруге уәде етті.

Ал біз бұған әлі де тоқталамыз. Бізге жазылып алыңыз

https://t.me/ertenmedia

Соростың садақасы: Қазақстанда шетелден ақша алатын тұлғалардың есімі жарияланды...

Қазақстанда алғаш рет шетелдік донорлардан қаражат алған ұйымдар мен жеке тұлғалардың тізімі жарияланды. Мемкірістер комитеті шетелден түскен қаржының көлемін ғана емес, ақшаның кімнің қолына тигенін де ашық көрсетіпті деп жазады Ertenmedia.kz.

2025 жылдың екінші жартысында сырттан келген ақшаның жалпы сомасы 12 млрд теңгеден асқан.

Ең ірі сома құқық қорғау бағытындағы «Қазақстанның халықаралық адам құқықтары және заңдылықты сақтау бюросына» тиесілі. Евгений Жовтис, Инга Иманбай секілді белсенділер жұмыс істейтін ұйымға 6 айда 350 млн теңгеден астам қаражат берілген.

Ақша атышулы Жорж Соростың Ашық қоғам институтынан түскен.

MediaNet ұйымы да айтарлықтай қаржы алған (жарты жылда 300 млн теңгеге жуық). Ұйымның донорлары арасында тағы сол Сорос жүр.

Сорос-Қазақстан қорының негізінде пайда болған CAPS Unlock қоғамдық қоры (басшысы А.Айдарқұлова) 175 млн теңге алған.

Ал «Әділ сөзге» (Қ.Джаманқұлова, Д.Уткин, Т.Калеева) 97 млн теңге аударылған. Қазақ тілін қолдай бермейтін «Крылья свободы» қорына (Р.Реймер, Е.Швецова) Соростың тарапынан 61 млн теңге аударылыпты.

Белгілі белсенді Бақытжан Төреғожина жетекшілік ететін «Ар Рух Хак» ұйымының шотынан 44 млн теңге түскен. Гендерлік мәселелерді көтеретін FemAgora қоры (Лейла Зулейха Махмудова, Ксения Удод және Дария Касмамытова) шетелден әжептәуір қаржы алған.

Желідегі қазақтілді қауым шетелден түскен қаражат қазақтың мүддесіне қарсы жұмыс істеді ме деп қауіптеніп отыр.

Ал біз бұған әлі де тоқталамыз. Бізге жазылып алыңыз

https://t.me/ertenmedia

Yandex Ads зерттеуі: ЖИ негізіндегі сервистер қолданушылардың сатып алу жолына қалай әсер етеді

Yandex Ads компаниясы елдің 1800 тұрғыны арасында жүргізген зерттеу нәтижесінде қазақстандықтардың ЖИ негізіндегі сервистер мен қосымшаларды белсенді қолданатыны анықталды. Оның ішінде сатып алуды жоспарлау кезінде де кеңінен пайдаланылады.

ЖИ негізіндегі қызметтердің ішінде респонденттердің 41%-ы жеке қосымшаларды, 37%-ы іздеу жүйелеріндегі ЖИ мүмкіндіктерін, ал 22%-ы смартфондағы дауыстық көмекшілерді қолданады. Сауалнамаға қатысқандардың төрттен үші бұрынғыға қарағанда ЖИ сервистерін жиірек пайдаланатынын айтқан. Ал 27%-ы іздеу жүйелері мен ЖИ қосымшаларын қатар қолданады.

Пайдаланушылар ЖИ-ге көбіне кеңес, нұсқаулық пен ұсыныс алу үшін (53%), жұмысқа қатысты міндеттерді орындау үшін (43%), денсаулық пен медицина мәселелері бойынша (37%), сондай-ақ білім алу және жеке даму мақсатында (35%) жүгінеді.

Респонденттердің 57%-ы өздерін ЖИ сервистерін қолдануда бастаушы деңгейдеміз деп есептейді, ал 27%-ы тәжірибелі қолданушылар қатарына жатқызған. 18–24 жас аралығындағы жастар арасында тәжірибелі қолданушылар үлесі жоғары — 41%. ЖИ-ге деген сенім деңгейі әртүрлі: қатысушылардың үштен бірі сервистерге толық сенсе, жартысынан көбі тек жекелеген жағдайларда ғана сенім білдіреді.

Сауалнамаға қатысқандардың 80%-ы ЖИ-іздеудегі жарнама пайдалы болуы мүмкін деп есептейді. Әсіресе, егер ол қосымша пайда ұсынып немесе қажетті тауар мен қызметті тезірек табуға көмектессе.