Архив доступен 19 494 сообщений С 2023 года

Лента канала хранится отдельно от общего реестра и подгружается страницами, чтобы аналитик мог читать архив без тяжёлого общего поиска поверх сообщений.

ҚОНЫС ТОЙЛАУШЫЛАР ҚАТАРЫ АРТУДА: ШЫМКЕНТТЕ ТАҒЫ 30 ОТБАСЫ БАСПАНАЛЫ БОЛДЫ

Шымкент қаласында кезекті пәтер кілттерін табыстау рәсімі өтті. Бұл жолы да 30 отбасы жаңа баспананың иесі атанды.

Салтанатты іс-шара «Көрме» орталығында қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің қатысуымен өтті. Пәтерлер «Отбасы банк» АҚ-ның «2-10-20» және «5-10-20» жеңілдетілген ипотекалық бағдарламалары аясында беріліп отыр.

Көп қабатты үйлер қарқынды дамып келе жатқан Бозарық шағынауданында орналасқан. Жаңа баспана көп балалы және толық емес отбасыларға, жетім балаларға, мүгедектігі бар азаматтарға, сондай-ақ, бюджет саласының қызметкерлеріне табысталды.

Айта кету керек, қалада тұрғындардың баспана жағдайын жақсартуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді.

Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі

ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯ: ТҰРАҚТЫ ДАМУДЫҢ ИНСТИТУЦИОНАЛДЫҚ ЖӘНЕ ҚҰҚЫҚТЫҚ НЕГІЗІ

30 маусым күні ҚР Конституциялық Сотында Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының күшіне енуіне арналған «Жаңа Конституция: тұрақты дамудың институционалдық және құқықтық негізі» атты ғылыми-практикалық конференция өтті.

Іс-шараға мемлекеттік органдардың, Парламенттің, сот жүйесінің, адвокатураның, халықаралық ұйымдардың, ғылыми және сарапшылық қауымдастықтың, сондай-ақ, еліміздің және шетелдің жетекші жоғары оқу орындарының 150-ден астам өкілі қатысты. Шымкент қаласының қоғам өкілдері конференцияға онлайн форматта қосылды.

Конференцияны ашқан Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының төрағасы Эльвира Әзімова 2026 жылғы 1 шілдеден бастап 2026 жылғы 15 наурызда өткен республикалық референдумда қабылданған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы күшіне енетінін атап өтті.

Оның айтуынша, Қазақстан халқының ерік-жігері елдің конституциялық дамуының жаңа кезеңінің негізін қалап, құқықтық жүйені, мемлекеттік басқаруды және адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетіктерін одан әрі жетілдірудің стратегиялық бағыттарын айқындады.

«Жаңа Конституцияның күшіне енуімен Конституциялық Сот Негізгі Заңның үстемдігін қамтамасыз етуге және конституциялық құндылықтарды қорғауды күшейтуге бағытталған жұмысын жалғастырады. Бұл Қазақстанның тарихи және құқықтық дамуының жаңа кезеңінің басталғанын білдіреді», – деді Э.Әзімова.

ТҰРҒЫН ҮЙ СЕРТИФИКАТТАРЫНА ҚҰЖАТ ҚАБЫЛДАУ БАСТАЛАДЫ

Шымкентте тұрғын үй сертификаттарына өтінім қабылдау 2026 жылдың 29 маусымынан басталады.

Сертификат азаматтарға мемлекеттік тұрғын үй бағдарламалары аясында несиеге баспана алу кезінде ипотеканың бастапқы жарнасының бір бөлігін жабу үшін қайтарымсыз беріледі. Оның көлемі ипотека сомасының 10%, бірақ 1 000 000 (бір миллион) теңгеден аспайтын мөлшерде беріледі.

Басты шарты – өтініш берушінің және онымен бірге тұратын отбасының әр мүшесінің соңғы 6 айдағы орташа табысы ағымдағы қаржы жылына заңда белгіленген айлық ең төменгі күнкөріс деңгейінің 3,1 көрсеткішінен аспауы тиіс. 2026 жылға бұл көрсеткіш 50 851 теңге х 3,1 = 157 638 теңгені құрайды.

Тұрғын үй сертификаттарын алушылар санаты

Ұлы Отан соғысының ардагерлері

жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген тұлғалар

басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері

І және ІІ топ мүгедектігі бар адамдар

ерекше балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар

асырауында кәмелетке толмаған балалары бар жесір әйелдер (жалғызбасты ер адамдар)

«Алтын алқа», «Күміс алқа» мапараттарын немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған көп балалы аналар, көп балалы отбасылар

жетiм балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар

толық емес отбасылар

Шымкент қаласының мемлекеттік мекемелері мен мемлекеттік кәсіпорындарының қызметкерлері.

Өтініштер кezekte.kz. (amanat) порталында қабылданады. Әр азаматтың электронды цифрлық қолтаңбасы (ЭЦҚ) болуы қажет.

Қажет құжаттар тізімі

нысан бойынша өтініш

жұмыс орнынан анықтама (халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарының санаттарын қоспағанда)

ипотекалық тұрғын үй қарызы бойынша бастапқы жарнаның мөлшері мен сомасы туралы мәліметтерді қамтитын, өтініш берушіге тұрғынжай сатып алуға ипотекалық тұрғын үй қарызын беруді мақұлдау туралы Банктің хаты.

Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі

ҚАЛА ТҰРҒЫНДАРЫНЫҢ НАЗАРЫНА!

Жақында ғана ашылған Жапон саябағы – қала тұрғындарының жайлы демалысына арналған заманауи қоғамдық кеңістік. Өкінішке қарай, бүгіннің өзінде саябақ аумағындағы көгалдардың тапталуы, қоқыстың бейберекет тасталуы және абаттандыру элементтерінің бүлінуі секілді келеңсіз жағдайлар тіркелуде.

Естеріңізге саламыз, қоғамдық орындарды ластау және абаттандыру нысандарына зиян келтірге заңда жауапкершілік қарастырылған.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-2-бабына сәйкес, ортақ пайдалану орындарын ластағаны үшін жауапкершілік қарастырылғн. Қайталанған жағдайда жауапкершілік күшейтіледі.

Сондай-ақ, ӘҚБтК-нің 505-бабына сәйкес елдімекендерді абаттандыру қағидаларын бұзу, жасыл желекті, көгалды және инфрақұрылым нысандарын бүлдіру үшін де әкімшілік жауапкершілік бар екенін ескертеміз.

Қадірлі қала тұрғындары!

Шымкент – бәріміздің ортақ үйіміз. Қаламыздың тазалығы мен көркі әр тұрғынның мәдениеті мен жауапкершілігіне байланысты. Сондықтан қоғамдық орындарда тазалық сақтап, қоқысты арнайы жәшіктерге тастауға, көгалдар мен жасыл желектерді қорғауға және ортақ мүлікке ұқыпты қарауға шақырамыз.

Қаламыздың көркеюіне бірге үлес қосайық!

Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі

ШЫМКЕНТТЕ ҚАЛА КҮНІ МЕРЕКЕСІНДЕ АВТОБУСТАР ТЕГІН ҚАТЫНАЙДЫ

19 маусым – Қала күні. Осыған орай қала тұрғындары мен қонақтарына арнап ұйымдастырылған түрлі мерекелік іс-шараларға қатысуға қолайлы жағдай жасау мақсатында қоғамдық көліктерде мереке күні жүру тегін болады.

Қала күні – баршамыздың мерекеміз!

Ендеше, қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы тарапынан жасалып отырған мүмкіндікті пайдаланып, түрлі саябақтар мен алаңдарда өтетін мерекелік іс-шараларға отбасыңызбен қатысуға шақырамыз.

Мерекені бірге қарсы алайық!

Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі

МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ ҒАБИТ СЫЗДЫҚБЕКОВТІ ҚАБЫЛДАДЫ

Қасым-Жомарт Тоқаев қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есепті тыңдады.

Ғабит Сыздықбеков өткен жылдың қорытындысы бойынша қаланың жалпы өңірлік өнімі 5,7 трлн теңгеге жетіп, 11 пайызға артқанын баяндады. Жалпы өңірлік өнімнің өсу қарқыны бойынша Шымкент еліміздің барлық өңірлері арасында екінші орынға шыққан.

2025 жылы шаһар экономикасына 859,5 миллиард теңге инвестиция құйылды, оның 72 пайызы жекеге тиесілі. Жалпы өсім – 7,5 пайыз.

Соңғы үш жылда өнеркәсіп саласында құны 170 миллиард теңге болатын 50 жоба іске қосылып, 3,5 мыңнан астам жұмыс орны ашылды.

Белсенді кәсіпкерлік субъектілер саны 133 мыңға жетіп, олар шығарған өнім көлемі 4,7 триллион теңгені құрады. Оның өңірлік жалпы өнімдегі үлесі 41 пайыздан 56 пайызға артты.

Қала әкімі 2026 жылдың алғашқы төрт айының қорытындысы бойынша да негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің оң динамикасы сақталып отырғанын жеткізді.

Қысқа мерзімді экономикалық индикатор 10,4 пайызға өсті. Бұл өнеркәсіп, құрылыс, сауда және көлік салаларында байқалды.

Мемлекет басшысына бұған дейінгі тапсырмаларының орындалу барысы туралы ақпарат берілді.

Қазіргі уақытта 200 орындық заманауи перинаталдық орталық салынуда. Сондай-ақ биыл 150 орындық оңалту орталығын пайдалануға беру жоспарланған.

35 мың жанкүйерге арналған заманауи стадион, паралимпиадалық, сурдлимпиадалық спорт түрлері мен боччаға арналған мамандандырылған кешен құрылыстары жүргізіліп жатыр.

Сонымен қатар білім беру, денсаулық сақтау және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық салаларына жасанды интеллект технологияларын енгізуге ерекше мән берілуде.

Мемлекет басшысы Шымкент қаласын одан әрі дамытуға және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған бірқатар тапсырма берді.

ШЫМКЕНТТЕ 30 ОТБАСЫ ҚОНЫС ТОЙЫН ТОЙЛАДЫ

Шымкентте тағы 30 отбасы баспаналы болды. Жаңа пәтерлердің кілтін қала әкімі салтанатты түрде табыстап, тұрғындарды маңызды оқиғамен құттықтады, оларға амандық, береке және шаңырақтарына құт-береке тіледі.

Баспана тұрғын үй кезегінде тұрған және «Отбасы банк» АҚ-ның «2-10-20» және «5-10-20» жеңілдетілген бағдарламалары аясында төлем қабілеттілігін растаған азаматтарға берілді. Қоныс иелері Ақжайық шағынауданындағы заманауи көп қабатты үйлерден пәтерлі болып отыр.

Айта кетейік, пәтер иелерінің қатарында көп балалы және толық емес отбасылар, ерекше балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, сондай-ақ, бюджет саласының қызметкерлері бар. Мұндай шаралар баспана жағдайын жақсартуды қажет ететін азаматтарға атаулы қолдау көрсетуге мүмкіндік береді.

Жаңа үйлер барлық құрылыс стандарты мен қауіпсіздік талаптарына сай салынған. Аумақ қажет инженерлік және коммуналдық инфрақұрылыммен қамтамасыз етіліп, жайлы өмір сүруге және шағынауданның одан әрі дамуына қолайлы жағдай жасалған.

Шымкент қаласында тұрғын үй қорын кеңейту және халыққа баспана қолжетімділігін арттыру бағытында жүйелі жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өткен жөн. Осындай жобаларды іске асыру әлеуметтік тұрақтылықты нығайтуға, тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға және заманауи қалалық ортаны қалыптастыруға ықпал етеді.

Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі

ҚАЛА ӘКІМІ ЕҢБЕКШІ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ

Көшпелі кездесулердің қорытынды күнінде Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Еңбекші ауданында болып, Қойкелді батыр көшесі мен Оңтүстік, Айнатас және Достық шағынаудандарының тұрғындарымен кездесу өткізді. Қала тұрғындары өзекті мәселелерді көтеріп, ауданның дамуына қатысты ұсыныстарын жеткізді.

Салаға жауапты құрылымдардың өкілдерімен бірлесіп жер қатынастары, ирригациялық жүйенің жұмысы, инженерлік инфрақұрылымға қосылу және желіні тарту, трансформаторлық қосалқы станциялардың жай-күйі, сондай-ақ, балалар және спорт алаңдарын, оның ішінде шағын футбол алаңдарын салу мәселелері жан-жақты қаралды.

Сонымен қатар, кездесуге қатысушыларға Көксай ауданын жаңарту тұжырымдамасы мен тұрғын үйді жаңғырту бағдарламасын іске асыру тетіктері түсіндірілді. Бұдан бөлек, ұялы байланыс операторларының базалық станцияларын орнату, ішкі жолдарды кеңейту, жол белгілері мен жасанды жол кедергілерін орнату мәселелері де талқыланды.

Қала әкімі аудан әкімдігі мен тиісті басқармаларға тұрғындардың өтініштерін уақтылы қарау жұмыстарын күшейту қажеттігін атап өтті. Мегаполис басшысы қабылданып жатқан барлық іс-шара халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталуы тиіс екенін жеткізді.

Кездесу соңында қала әкімі тұрғындарға белсенді азаматтық ұстанымы, бей-жай қарамайтын көзқарасы және қаланың дамуына қосқан үлестері үшін алғыс айтты.

Айта кету керек, көшпелі кездесулер барысында түскен барлық өтініш жүйелендіріліп, жан-жақты пысықталғаннан кейін оларды кезең-кезеңімен шешуге бағытталған іс-шаралар жоспары әзірленеді.

Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі

ҚАЛА ӘКІМІ ҚАРАТАУ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Қаратау ауданының тұрғындарымен көшпелі кездесу өткізді. Қайтпас, Мирас шағынаудандарының, Мәртөбе және Сайрам тұрғын алаптарының халқы өздерін толғандырған мәселелерді айтып, ұсыныстарын жеткізді.

Мазмұнды әңгіме барысында жаяу жүргіншілер жолдарын абаттандыру және кеңейту, жасыл желекті суару, қоқыс шығару, сондай-ақ, инженерлік инфрақұрылым жүргізу және оған қызмет көрсету мәселелері көтерілді.

Мұнымен қоса, жер қатынастары, азаматтарды әлеуметтік қолдау, аулаларды абаттандыру, жолдарды асфальттау, бағдаршамдар мен жүк көліктеріне арналған салмақ бақылау бекеттерін орнату мәселелері талқыланды.

Тұрғындар, сондай-ақ, балабақша мен мектеп салу, спорт және балалар алаңдарын күтіп ұстау, дәрігерлік амбулатория ғимаратын «РайМед» медициналық орталығына жалға беру жөнінде ұсыныстарын айтты.

Айта кету керек, мегаполис басшысы тұрғындардан түскен өтініштерді жан-жақты қарап, оларды іске асырудың мүмкін тетіктері мен алдағы қадамдарын түсіндірді. Қосымша пысықтауды қажет ететін мәселелер бақылауға алынып, кезең-кезеңімен шешілетін болады.

Аудан әкімі мен басқарма басшыларына тұрғындардан түскен өтініштердің орындалуын тұрақты бақылауда ұстау тапсырылды.

Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі

Құрметті қала тұрғындары!

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтің 5-8 маусым аралығында өтетін көшпелі кездесуінің кестесін назарларыңызға ұсынамыз.

Кездесуге қаланың кез келген тұрғыны қатыса алады. Алдын ала жазылудың қажеті жоқ.

МАҢЫЗДЫ АҚПАРАТ!

Құрметті қала тұрғындары! Шымкент қаласы әкімінің Еңбекші ауданы тұрғындарымен көшпелі кездесу кестесі өзгерді.

Кездесудің уақыты мен мекенжайын назарларыңызға ұсынамыз!

Шымкент қаласы әкімінің Еңбекші ауданының тұрғындарымен кездесу орындары мен уақыты

ҚАЛА ӘКІМІ АБАЙ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков көшпелі кездесулер аясында Абай ауданының тұрғындарымен кездесу өткізді. Жиынға Самал-2, Ақжайық және Қайнарбұлақ шағынаудандарының тұрғындары қатысып, қала инфрақұрылымын дамыту мен халықтың өмір сүру сапасын арттыруға қатысты өзекті мәселелер талқыланды.

Тұрғындар жаяу жүргіншілер жолдарын салу және абаттандыру, жер телімдерін рәсімдеу, ерекше қажеттіліктері бар азаматтар үшін кедергісіз орта қалыптастыру, сондай-ақ, бағдаршамдар мен жол белгілерін орнату жөніндегі ұсыныстары мен өтініштерін жеткізді.

Әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту мәселелеріне де ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, саябақ салу, балабақша ашу, спорт және балалар алаңдарын орнату, қолданыстағы емхананың жаңа ғимаратын салу, қоғамдық көліктің қосымша бағыттарын іске қосу, сондай-ақ, №125 орта мектепке спорт залын салу жөніндегі ұсыныстар қаралды.

Кездесу қорытындысы бойынша қала әкімі аудан әкіміне және тиісті басқарма басшыларына тұрғындардан түскен барлық өтінішті ерекше бақылауға алуды тапсырды. Әр мәселе бойынша іске асыру тетіктері айқындалып, тиісті жұмыс жүргізіледі, тұрғындармен кері байланыс қамтамасыз етіледі.

Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі

Құрметті қала тұрғындары!

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтің 2-6 маусым аралығында өтетін көшпелі кездесуінің кестесін назарларыңызға ұсынамыз.

Кездесуге қаланың кез келген тұрғыны қатыса алады. Алдын ала жазылудың қажеті жоқ.

Құрметті қала тұрғындары!

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтің 2-6 маусым аралығында өтетін көшпелі кездесуінің кестесін назарларыңызға ұсынамыз.

Кездесуге қаланың кез келген тұрғыны қатыса алады. Алдын ала жазылудың қажеті жоқ.

ШЫМКЕНТТІК ОҚУШЫ ӘЛЕМНІҢ 118 УНИВЕРСИТЕТІНЕН ШАҚЫРТУ АЛЫП, РЕКОРД ОРНАТТЫ

Шымкент қаласындағы «125 High School» мектебінің 11 сынып оқушысы Жанерке Жүнісәлі халықаралық деңгейде айрықша жетістікке қол жеткізді.

Жас түлек өзінің жоғары академиялық көрсеткіштері мен терең білімінің нәтижесінде әлемнің 118 беделді жоғары оқу орнынан ресми шақырту алып, рекордтық нәтиже көрсетті. Екі жыл тыыңғылықты дайындалған ол IELTS сынағынан 6.5 балл жинаған.

Жерлесімізге АҚШ, Канада, Ұлыбритания, Италия, Испания, Түркия, Малайзия, БАӘ және Оңтүстік Корея секілді мемлекеттердің жетекші университеттері гранттар мен арнайы шәкіртақылар ұсынған.

Жанеркеге грант ұсынған негізгі оқу орындарының тізімі

АҚШ – The College of Wooster ($172,000), Whittier College ($144,000), Xavier University ($144,000), Hope College ($140,000), Bradley University ($112,000)

Германия – Constructor University (€32,000)

Канада – Toronto Metropolitan University (CAD 80,000)

Сингапур – Curtin University Singapore (SGD 30,000)

БАӘ – University of Wollongong Dubai (AED 40,000)

Түркия және Кипр – TED University (75% жеңілдік), European University of Lefke (80% жеңілдік).

Қазіргі таңда Жанерке Малайзия университеттері тарапынан түскен ұсыныстарды белсенді қарастырып, өзінің болашақ кәсіби бағытын осы елдегі оқу орындарының бірімен байланыстыруды жоспарлап отыр.

Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі

ПЕРИНАТАЛДЫҚ ОРТАЛЫҚТЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ ҚАРҚЫНДЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

Шымкент қаласында 200 орынды ірі перинаталдық орталықтың құрылысы қарқынды жалғасуда. Қазіргі таңда нысанның қазаншұңқырын қазу жұмысы аяқталып, іргетасына бетон құйылуда.

Үш қабатты ғимаратта лаборатория, тамақтану блогы, бақылау-өткізу пункті, қазандық, медициналық газ станциясы және шаруашылық аймағы қарастырылған. Сонымен қатар, 123 автокөлікке, 16 әкімшілік көлігіне және 8 жедел жәрдем көлігіне арналған автотұрақтар, 120 м³ су резервуары, автокөліктерді дезинфекциялау алаңы мен саябақ болады.

Жоба Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында жүзеге асырылып, ана мен баланы қорғау жүйесін нығайтуға бағытталған. Себебі, қалада тұрғындар санының артуына байланысты заманауи медициналық нысанға қажеттілік туындап отыр.

Жаңа перинаталдық орталық ұлттық және халықаралық стандарттарға сай жоғары білікті акушерлік және неонаталдық көмек көрсететін болады.

Сонымен қатар, нысан іске қосылғаннан кейін Шымкент қаласы мен Түркістан облысының іргелес аудандарының тұрғындары үшін медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі

ШЫМКЕНТ ЦИФРЛАНДЫРУ БОЙЫНША ҮЗДІК ҮШТІКТЕ

2025 жылғы негізгі көрсеткіштерге сәйкес Шымкент қаласы цифрландыру саласында айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізді. Мегаполис «Smart City Ranking 2025» рейтингісінде республика бойынша 3-ші орында. Бұл көрсеткіш бойынша Шымкент Астана және Алматы қалаларынан кейінгі үздік үштікке еніп, цифрлық трансформация бағытындағы жүйелі жұмыстың нәтижесін көрсетті.

Аталған рейтинг қаланың цифрлық жобаларды тиімді жүзеге асырып жатқанын және Smart City бағыты бойынша тұрақты даму динамикасын қалыптастырғанын айқындайды.

Smart City көрсеткіші 2025 жылы 82%-ға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 6%-ға өскен. Бұл өсім қала инфрақұрылымын цифрландыру, қоғамдық қауіпсіздік жүйелерін жетілдіру, бейнебақылау және интеллектуалды көлік жүйелерін дамыту, сондай-ақ мемлекеттік қызметтердің тиімділігін арттыру бағыттарындағы жұмыстардың нәтижесі болып табылады.

Сонымен қатар «Ашық үкімет» бағыты бойынша да оң динамика сақталды. 2025 жылы бұл көрсеткіш 100%-ға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 3%-ға артты. Бұл мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету, азаматтармен кері байланысты күшейту және электрондық қызметтердің қолжетімділігін арттыру бойынша атқарылған шаралардың тиімділігін көрсетеді.

2024 жылдың қорытындысында Smart City көрсеткіші 76% деңгейінде болса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 82%-ға дейін өсті. Ал Ашық үкімет бағыты бойынша көрсеткіш 97%-дан 100%-ға дейін көтерілді.

Бұл нәтижелер Шымкент қаласында цифрландыру саласының тұрақты түрде дамып келе жатқанын, заманауи цифрлық технологияларды енгізу арқылы тұрғындарға қолайлы, қауіпсіз және тиімді қалалық орта қалыптастыру жұмыстарының жүйелі түрде жүзеге асырылып жатқанын дәлелдейді.

Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі

ШЫМКЕНТ ПЕН АСТАНА АРАСЫНДАҒЫ ӘУЕ ҚАТЫНАСЫ КЕҢЕЙЕДІ

2026 жылғы 12 маусымнан бастап «Air Astana» әуе компаниясы Астана – Шымкент және Шымкент – Астана бағыттары бойынша тұрақты рейстерді іске қосады. Ұшақтар аптасына үш рет – жұма, сенбі және жексенбі күндері қатынайды.

Жаңа бағыттың ашылуы мегаполистің көлік қатысаны саласындағы мүмкіндіктерін кеңейтіп, қала тұрғындары мен қонақтарына әуе тасымалының қолжетімділігін арттырудағы маңызды қадам болмақ. Қалалар арасындағы қатынас желісінің дамуы іскерлік, туристік және өңіраралық байланыстарды нығайтып, тұрғындардың мобильділігін арттыруға қосымша мүмкіндік береді.

Мемлекет басшысы елімізде көлік инфрақұрылымын дамытуға, өңірлер арасындағы байланысты күшейтуге және заманауи логистикалық жүйе қалыптастыруға ерекше назар аударып келеді. Әуе қатынасын кеңейту мен көлік қолжетімділігін арттыру – осы бағыттағы маңызды жұмыстың бірі.

Бүгінде Шымкент қаласы тұрақты дамып, еліміздің ірі экономикалық әрі іскерлік орталықтарының бірі ретіндегі орнын нығайтып келеді. Осыған байланысты көлік инфрақұрылымын кеңейту және авиациялық қатынасты дамыту айрықша маңызға ие.

Жаңа әуе бағыт Шымкенттің еліміздің ірі көлік, экономикалық және инвестициялық орталығы ретіндегі мәртебесін одан әрі нығайта түседі.

Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі

ШЫМКЕНТТЕ «ХАЛЫҚ ЗАҢГЕРІ» АКЦИЯСЫ ӨТЕДІ

Қала әкімінің тапсырмасына сәйкес 29 мамыр күні «Халық заңгері» акциясы ұйымдастырылады.

Арбат саябағында сағат 16:00-де басталатын акцияның мақсаты – халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру және заң көмегін көрсету.

Кез келген тұрғын еліміздің заң қоғамдастығының үздік өкілдерінен тегін консультация ала алады. Акция барысында жергілікті атқарушы органның, аумақтық және құқық қорғау органдарының өкілдері, прокурорлар, тергеушілер, сот орындаушылар, адвокаттар, нотариустар және басқа да мамандар кеңес береді.

Уақыты: 29 мамыр, сағат 16:00-де.

Орны: Арбат демалыс аймағы.

Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі